ИМАМ ДЕГЕН КІМ?

Ол – текке жаназа намазын оқып, бет сипап, дұға жасайтын жан ба? Ислам діні таралуының алғашқы жылдарында имам қызметін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өзі атқарды, ол қайтыс болған соң бұл қызметті халифалар жалғастырды. Олар тек намаз кезінде алда тұрушы адамдар ғана емес, сонымен бірге мұсылман қауымдастықтарының басшылары болғандықтан, имам жоғары діни және саяси бедел иесі болып саналады.

Имам – намаз кезінде алда тұратын адам, рухани жетекші, мұсылман қауымдастығының басшысы. Күнделікті өмірде имам деп мешітте көпшілік болып намаз оқуды басқаратын жетекшіні атайды.

Имам қызметін үнемі бір адам атқара беруі мүмкін, алайда имам дәреже де, кәсіп те емес.

Имам беделінің мойындалуы оның шын мәнінде, намазға басшылық етуіне тікелей байланысты. Мешіт имамы — арнаулы діни білімі бар діндарлар алдында үлкен беделді тұлға.

Имам – халықтың садақасына жалтақтамайтын, дінінің абырой беделін қорғайтын, алаған қол емес, береген қол болуға тырысатын, өзінің қадірін жоғалтпайтан адам.

Имам – басындағы сәлдесі секілді көңілі де аппақ адам.

Имам – намаз уақытында мешітті ашып, намаздан кейін жабатын адам емес, ол өмір бойы есігін де, жүрегін де ашық ұстайтын адам.

Имам – күнәларды санап, тізуші емес, күнәларды жасырып, тазаруды үйрететін адам. Алаулаған тозаққа отын емес, жайқалған жәннатқа адам дайындайтын тұлға.

Имам – әр күні ғылым мен руханиятта алға жылжитын, өзін дамытып отыруды білетін адам.

Имам – сәлемі де, сұқбаты да жеке мүддесінің пайдасын көздемей, риясыз болатын адам.

Имам – адамзатты сүйе білетін, сүрінгенге сүйеніш, мұңайғанға жұбаныш, мұқтажға демеуші бола алатын адам.

Имам – өзі үшін бейнетті, өзгелер үшін қуанышты, Алла үшін ғибадатты жол етіп ұстанатын, жүріс-тұрысымен Алланы еске салатын кәміл адам.

Имам – бір қадам жүріп науқастың көңілін сұрайтын, екі қадам жүріп екі кісінің арасын жарастыратын, үш қадам жүріп мүмін бауырын зиярат ететін адам. Ол ашу, көреалмаушылық, тәкаппарлық белең алған қоғамға бақыт құсы қонбайтынын біледі. Сондықтан әрдайым бірлікке, ынтымақ пен достыққа шақырады.

Имам – ғайбат айтпайтын, көре алмаушылыққа түспейтін, бүлік пен іріткі тұқымын сеппейтін Пайғамбардың мінезін бойына сіңірген кәміл тұлға.

Имам – жалқаулық пен бұзық ойлардың қас жауы, уақыттың қадірін білетін адам. Ол дініне, ұлтына, мемлекетіне қызмет етуді өзінің борышы деп санайтын, айтқан насихатын өзі іске асыратын, қажет кезінде әділетсіздікке қарсы атылған оқ, қараңғыға жағылған шырақ сияқты адам. Ол тек мінберде, михрабта, креслода ғана емес халықтың ішінде қызметте жүреді.

Имам – Жаратушысына қарап, жаратылғанға жанашырлық көрсететін, үркітіп, қашырмайтын, дінді сүйдіретін, сүйіншілейтін адам.

Имам – қызметте, басшылықта, адами қасиеттер мен мінез-құлықта үлгі болатын адам. Өз бақытын өзгелердің көз жасынан іздемейтін, қолына, тіліне ие болатын, әдепті адам.

Имам – Пайғамбарлардың жолын жалғастырушы. Не алсам деп емес, не берсем деп ойланатын тұлға.

Имам – ол ұстаз, өйткені, олардан қазақ халқының талай біртуар жандары тәрбие алған. Ту көтерген батырлар, ақиқатты жырлаған ақындар, ел басқарған көсемдер де имамдардың шәкірттері.

Имамдық – дүние мен ахиреттегі үлкен жауапкершілік.
Біріншіден, Аллаға құлшылық қыларда бүкіл халық имамға ұйып тұрады. Сол кезде имамның тазалығы, әсіресе жан тазалығы шариғатта үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Екіншіден, халыққа айтқан уағыз-насихаты адасқанға бағыт береді.

Үшіншіден, имам – үлкен ұстаз, халық оның әрбір сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан тәрбие алатындықтан, ол әдепсіз істерден аулақ болуы керек. Кейбір адамдар имамға қарап, исламға баға беретіндіктерін әсте ұмытуға болмайды.

Имам исламның айнасы іспетті. Сондықтан да ол үлкен жауапкершілікті сезіне білетін тұлға.

Тұрар ТҮГЕЛҰЛ