ИМАМ ҰРЫ МА ӘЛДЕ ҚҰРАН ЖЕТІМ БЕ?
Анадолының бір ауылына көркем мінезді әрі білімді бір имам тағайындалыпты.
Имам аз уақыт ішінде ауыл тұрғындарының құрмет — қошеметіне ие болыпты.
Рамазан айы келді. Ауыл тұрғындары имамды кезектесіп ауыз ашарға шақырысады.
Кезегі келіп, ауылдық диқан үйіне имамды ауыз ашарға шақырады. Диқанның әйелі, ерінің «сақтап қой» деп берген біршама ақшасын, қонақ бөлмедегі кофе ішуге арналған сөренің үстіне қойып, дастарханын әзірлігімен жүріп, ақшаны ұмытып кетеді.
Дастархан дайын болып, қонақ келеді.
Ауыз ашылып, шай ішіледі. Кейін ері имаммен бірге құптан намазы үшін мешітке кетеді.
Әйел дастарханды, үйді жинап жүріп, кенет кофе ішуге арналған сөренің үстіне қойған ақша есіне түседі. Қараса қойған орынында жоқ. Іздейді, бірақ таппайды. Бір уақытта ері келеді. Жағдайды баяндай келе, «Аллаһ біледі, ақшаны имам алды, себебі, бұл үйге одан басқа кірген — шыққан болған жоқ» деп әйел ойын айтады. Бұны естіп үй иесі имамға қатты ренжіп, ашуланады. Имамның бұнысы несі, атына лайық па деп көңілі қалады. Бірақ, имамға ештеңе демейді, демесе де, барынша имамнан ұзақтау жүреді.
Күндер өтіп, келесі жылғы Рамазан да келеді. Әдетінше, имамды ауыл тұрғындары кезек — кезек үйіне шақырып ауыз ашар беруде. Кезек, өткен жылғы Рамазанда ақшасын жоғалтқан үй иесіне келеді.
Үй иесі: — «Ханым, әлбетте мен имамға өте ренжулімін, бірақ, пенде ғой, мүмкін бір мұқтаждығы болған шығар, бізге айтудан тартынған шығар, ақшаны мұқтаждықпен алған шығар. Садақамыз болсыншы, біз оны бұл жолы да ауыз ашарға үйге шақырайық.»- деді.
Әйелі де солай ойлайтындығын айтып, имамды ауыз ашарға шақырады.
Ауыз ашылып, тамақ желінгеннен кейін шай үстінде үй иесі:
— «Ұстаз, бір жылдан бері өзіңізге деген салқын қандылығымды байқап жүрсіз бе… »
Имам: — «Ия, байқап жүрмін, бірақ себебін әлі күнге дейін түсіне алар емеспін» — деп жауап береді.
Үй иесі: — «Ұстаз, өткен жылы сізді Рамазанда ауыз ашарға үйге шақырған едік. Сол ауыз ашарда сізді қонақ еткен бөлменің кофе ішуге арналған сөренің үстінде біршама ақша қалып қойған еді, кейін таппай қалдық.
Егер ақшаға мұқтаждығыңыздың бар екендігін бізге айтсаңыз да берер едік қой.
Міне, сол себепті Сізге ренжіп жүрмін» — дейді.
Тақуа жан имам бұл сөздерді естіп егіле жылапты. Үй иесі ыңғайсызданып, өз дегендеріне өкініп, сасқалақтай бастағанда, имам:
— «Құрметті, бауырым, мен сенің айтқандарыңа немесе мені ұры еткеніңе жылап отырған жоқпын, бір жылдан бері анау дуалда ілулі тұрған қасиетті Қуран Кәрімді бір рет те ашып оқымағандығыңа жылап отырмын. Себебі, сол кеште сіздер бөлмеде жоқ кездеріңізде терезеден соққан жел ақшаларыңызды ұшырып жіберген еді. Мен оларды жерден алып, топтап ілулі тұрған Қуран Кәрімнің, қалтаның ішіне салып қойған едім.» — деген екен…