Иман артпайды және кемімейді

 Әбу Ханифаның «әл-Уасия» атты  ақида  кітабының түсіндірмесі

(2-бөлім)

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оған разы болсын) былай дейді:
Иман артпайды да кемімейді! Өйткені Иманның кемуі тек күпірліктің артуымен жүзеге асады, ал иманның артуы тек күпірліктің азаюымен болмақ.

Адам қалайша бір мезгілде мұсылман әрі кәпір болуы мүмкін?! ( яғни, адам қалайша жартылай – кәпір, жартылай – мұсылман болуы мүмкін?). Иман келтірген кісі ол – шынайы (жүрегімен) сенген кісі. Кәпір ол – шынайы жоққа шығарушы. Иманға күмән араласуы мүмкін емес. Тура сол секілді, күпірлікке де күмән араласпайды. (яғни, кәпір ол – кәпір. Жартылай мүмін болуы мүмкін емес). Себебі Алла тағала (мүміндер жайында): «Міне олар шынай иман еткен кісілер», — десе, (кәпірлер туралы): «Міне олар шынайы сенбейтіндер», — деген.

Түсіндерме:

Алдыңғы әңгімемізде  иман —  тасдиқ және иқрардан , яғни, жүрекпен растап, тілмен айтудан тұрады деп айттық.  «Растау ісі»  өз алдына алып қарағанда артуды немесе кемуді қабыл етпейді. Бұл жердегі айтпағы иман сан жағынан артпайды және кемімейді. Осы тұрғыдан қарағанда, барлық мүмін-мұсылманның иманы тең дәрежеде. Біреуінің иманы екіншісінен көбірек немесе азырақ деп айта алмаймыз.  Имам Ағзамның «иман артпайды және кемімейді» деуінің мәнісі осында.

Бұған мынадай мысал берсек жаңылмаспыз. Біздің елордамыз — Астана қаласы. Бұған бәріміз нық сенеміз, оны растаймыз, мойындаймыз. Ешкімнің растауы, ешкімнен артық немесе кем емес.  Солтүстікте тұратын қандастарымыздың бұл тұрғыда сенімдері, оңтүстіктегілердің сенімдерінен артық дей алмаймыз. Екеуі де бірдей дәрежеде Астананы еліміздің бас қаласы екеніне нанады, шындыққа шығарады. Иманның сан жағынан артпауы және кемімеуі осыған ұқсас.

Бірақ иман сапа жағынан қарағанда әлсіз немесе қуатты болуы мүмкін. Мысалы, біздің иманымыз сапа жағынан қарағанда Әзіреті Әбу Бәкірдің иманынан төмендеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Әбу Бәкірдің иманымен барлық адамдардың имандарын жинап таразыға тартса, Әбу Бәкірдің иманы ауыр басады», — деп  ардақты сахабаның иманы өзгелерден қарағанда күшті әрі қуатты екендігін айта келе, иман сапа жағынан әртүрлі болуы мүмкін екенін меңзеп тұр.

Сондықтан да болар Имам Тахауи осыған қатысты былай деген:

«Иман ол – біреу. Иман иелерінің сенімдері негізінен алып қарағанда бірдей. Ал бірін екіншісінен (имани тұрғыда) артық етіп және бір-бірінен үстем қылып тұрған нәрсе ол — тақуалық, нәпсіге берілмегендік және  үнемі ең абзалын орындау болып табылады».

Ханафи ғалымы Мулла Алиюл Қари ол мәселені былай деп түсіндіреді:

«Пікір талас – иманның азаюы мен көбейюі төңірегінде өрбиді, яғни иманның «сандық (кәммият)» жағынан әртүрлі болуы мүмкін бе, мүмкін емес пе деген мәселе айналасында болып отыр. Өйткені арту мен кему сөзі көбіне мөлшерді білдіреді. Ал «сапа (кәйфият)» жағынан алып қарағанда, иманның қуаттылығы мен әлсіздігі мәселесі тұрғысында ешбір талас жоқ… »

Демек, иман сан жағынан артпайды және кемімейді. Бірақ, сапа жағынан әлсіз иман немесе қуатты иман болуы мүмкін.

Бұны мынадай мысалмен тарқатып айталық. Жер бетіне жылу мен жарық тарататын күннің бар екендігіне соқыр адам да, көзі көретін адам де сенеді. Бірақ, көзі көретін кісінің сенімі сапа жағынан, көзі көрмейтін адамның сенімінен артық. Сол секілді, Пайғамбарымыздың иманы сапа жағынан, біздің иманымыздан әлдеқайда қуатты. Бірақ сан жағынан тең.

Осы тұрғыда Әбу Ханифаның шәкірті, беделді ғұлама Имам Мұхаммедтің мына сөзі тақырыбымызды аша түсері анық:

«Әлдекімнің «менің иманым Жәбрейіл періштенің иманы сияқты» деген сөзін құптамаймын.  Бұның орнына «Жәбрейіл періштенің иман еткен нәрселеріне мен де иман еттім» деуі орынды», — дейді ғұлама.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (Алла оған разы болсын) былай дейді:
Мұхаммед пайғамбардың (ғ.с.) үмметі ішінде иман етіп, бірақ ауыр күнә жасағандардың бәрі шындығында мүмін-мұсылман болып табылады. (Күнәһәр болғанымен) Олар кәпір емес.

Түсіндірме:

Әбу Ханифа «Әл-Фиқһул Әкбәр» атты кітабында осы мәселені былай тарқатады:

««Мұсылманды қандай да бір күнә жасағаны үшін кәпір демейміз. Тіпті ауыр күнә жасаса да үкімі осы. Оны иман шеңберінен шығармай, шын мағынада мүмін-мұсылман деп есептейміз, бірақ ол күнәһәр мүмін болып саналады. Дегенмен кәпір емес. Әйтсе де, жасаған күнәсін халалға шығарса кәпір болады» [4].

Имам Ағзам бұл мәселені тілке алуының да өзіндік себебі жоқ емес.  Өйткені сол замандары бой көрсеткен Мұғтәзилит* ағымындағылардың сенімінде үлкен күнә жасаған мұсылмандар тәубе етпестен осы дүниеден өтер болса, кәпірлер іспетті олар да мәңгі тозақта қалады-мыс. Бірақ күнәһәрларға арналған азапты татады. Оларға кәпірлерге арналған азап таттырылмайды екен.  Мұғтәзилиттер, үлкен күнә жасаған мұсылманды иманнан шығады, бірақ кәпір болмайды деді. Дәлірек айтқанда иман мен күпірдің ортасындағы бір орынға ие болады деп сендірді.  Харижит* ағымдағылар бойынша, күнәнің үлкені болсын, мейлі кішісі болсын кім күнәға барса, ол кәпір. Ол мәңгі тозақта күйеді.

Аталмыш екі ағымның алға тартқан пікірлердің екеуі де, Құранның ашық аяттары мен Пайғамбардың (с.а.у.) хадистеріне теріс. Құран Кәрімде келтірілген кейбір аяттарда күнә жасаған мұсылмандарды  «мүмін-мұсылман» деп атаған. Мысалы, Тахрим сүресінде  «Әй мүміндер! Аллаға шынайы тәубе қылыңдар. Раббыларың жамандықтарыңды жойып, астарыңнан өзендер ағатын жұмақтарға кіргізуі үміт етіледі…», — делінеді. Осы аятта күнә жасаған мұсылмандарды кәпір деместен, «Иман еткендер» деп, күнәлары үшін Ислам шеңберінен шықпағанын, бірақ жасаған күнәсі үшін шынайы тәубе етуі керек екендігін ашық баян етуде.  Осындай дәлелдерге қарай отырып Әһлу сүннет ғалымдары, оның ішінде Әбу Ханифа да бар (р.а.): жасалған күнә мұсылманды иман шеңберінен шығармайды.  Жүрегінде иманы бола тұра, үлкен күнә жасап, тәубе етпестен о дүниеге аттанған адам,  Алланың алдында жауап береді. Жаратушымыз қаласа оны кешіріп, тозаққа тастамай пейішке кіргізуі мүмкін. Күнәсін кешіруді қаламаса, белгілі бір мерзімге тозаққа  тастап, Өзі қалаған уақыттан кейін одан шығарып пейішке кіргізеді. Тозақта күнәһәр мүмін мәңгі қалмайды.  Ардақты Пайғамбарымыз да: «Жүрегінде зәрредей иманы болған адам тозақта мәңгі қалмайды», — деген.

Бұл айтылғандардан шығарылған қорытынды:

Адамның иманы сан жағынан артпайды және кемімейді. Осы тұрғыда барлық мүмін-мұсылмандардың имандары бірдей.

Иман сапа жағынан әртүрлі болуы мүмкін. Мұны жүректегі тақуалық пен ықылас, ынтаның әлсіздігі мен қуаттылығы жағынан қараған дұрыс. Тақуа жанның жүрегіндегі иман нұры өзгемен салыстырғанда қуаттырақ.

Күнә істер адамды иманынан шығармайды. Үлкен күнәға барған адамның жүрегінде Аллаға деген иманы болса, ол кәпір емес. Оны күнәһәр мүмін-мұсылман ретінде есептейміз. Ол жасаған күнәсі себепті Алланың алдында жауап береді…

Абдусамат Қасым