ИМАНҒАЛИ ТАСМАҒАМБЕТОВ:
«Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған
ел тарихын таспен жазады. Жаспен жазған —
қанжілік, таспен жазған мәңгілік» деген бар.
Адамзат тарихында талай елдің шежіресі тасқа
жазылған немесе таспен өрілген белгілер арқылы
сақталып, тарих атты ұлы кітаптың мұрағатына
қатталып жатыр. Мұның өзі — тұтас өркениеттің
өлшемі. Мысырдың Пирамидалары немесе
Қытайдың Ұлы Қорғанына қараңыз… Ешкімге
ештеңені дәлелдеудің қажеті жоқ. Жазу мен сызу,
мұрағат жию сияқты әдеті болмаған қай халық
болсын, кешегісін бүгінімен сабақтастыра алмай,
пұшайман күйге түседі. Сондықтан Күлтегіннің
келуі, осындай жазба ескерткіштің сырын ашу
біздің ұлттық тарихымызды жаңа белеске
көтерді. Білге қағанның, Тоныкөк бабаның,
Күлтегін батырдың есімдері төл тарихымызға
енді. Ең бастысы – «қазақта тамыр жоқ, өз
мемлекеті болмаған» дегендердің аузына құм
құйылды.
Бұл сіз бен біздің бүгін ашып отырған
жаңалығымыз емес. Осыдан 80 жыл бұрын
әлем мойындаған тарихшы-түрколог Лев
Николаевич Гумилевтің дәләлдеп кеткен
айшықты ақиқаты. Өкінішке орай, этногенез
мәселесінде біз кейінгі уақытта біршама
шектеулерге бой алдырып жүрміз. Иә, ұлттық
жазба әдебиетіміз Ұлы Абайдың атымен, ұлттық
мемлекеттігіміздің негізі Қазақ хандығының
құрылуымен тікелей байланысты… Оған дау жоқ.
Бірақ, оның алдындағы 3000 жылғы тарихты
қайда қоямыз?! Біз неге атты қолға үйретіп,
дөңгелекті ойлап тапқан көне дәуірдің көшпенді
жұртынан бас тартуымыз керек?! Неге сонау
Еділ патшадан басталған өркениеттер көші мен
кешегі Шыңғысханның әлемді билеген күшіне
таласпауымыз керек?! Неге Әл-Фараби заманында
ғұламалар жинаған кітапханалар мен кешегі Ұлы
Моғолдар салдырған мәңгілік ғимараттармен
жанаспауымыз керек?! Бұның барлығы төрткүл
дүниеге тараған түркіге ортақ қазына. Ал түркі
жұртының түп атасы мына отырған сіз бен
біздің бабамыз. Ана тілімізді алайық… Ол
кешегі Күлтегіннің тасына VIII ғасырда басылған
руникалық жазбадан басталған жоқ қой. Қаншама
мың жылдар бойы қалыптасып, қанымызға
сіңді. Сондықтан да, бұл мәселеде жүйелілік
керек. Тарихшы-ғалымдарымыз ғана емес, тұтас
қоғамның ортақ көзқарасын қалыптастыру шарт.