Әзімбекпен болған екі күн
Кешегі Кеңестер Одағы кезінде атағы алысқа кеткен Мойынқұм ауданының малы жер көлемі облыстың жартысына жуығын алып жатса да сыймай жататын. Сондықтанда ауданның 5-6 шаруашылығының малы ерте көктемде Сарыарқаға көшіп, алғашқы қар түскенде Тереңқұмға оралатын.Жылды қорытындылайтын аудан малшыларының дәстүрлі кеңесі жылда Сарыарқаның берекелі «Бөріктал» өңірінде өтеді. 1989 жылғы малшылардың кеңесінен материал дайындау аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің бөлім меңгерушісі маған тапсырылды. Шілде айының 21-22 күндері өтетін кеңеске аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Боранғазы Жаманқұлов ағайдың көлігімен барған едім. Аудан орталығынан малшылардың кеңесі өткен «Бөрікталдың» арасы 700 шақырымнан аса болса, оның жартысы асфальт жолда, жартысы қара жол. Бізбен бірге шыққан екінші көлікте аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болатын. Таңғы 4-5-те ауылдан шығып, түс қайта межелі жерге әзер жеткенімізде шілденің аптап ыстығына қарамастан «Бөріктал» өңірі салқын еді. Қаз-қатар тігілген 28 ақшаңқан киіз үйлер кішігірім бір қалашықты көзге елестетті. Барған бетте арнайы бөлінген үйге түскенімізде, екінші көліктен түскен өзіміз айтыстарда теледидардан көріп жүрген Әзімбекті көзім шалып қалды. Көп ұзамай аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, белгілі әнші Асылхан Шүңіреков ауданға қонаққа келген облыстық мәдениет басқармасының қызметкері, республикалық ақындар айтысының екі дүркін жеңімпазы Әзімбек Жанқұлиевті үй иесі мен совхоз директорына жақынырақ таныстырды. Әзімбектің осында келгені төңіректегі киіз үйдегілерге лезде тарады. «Көп естігеннен-бір көрген артық» демекші, оны көріп, сәлем беруге малшылар да, мал мамандары, совхоз, аудан басшылары да келіп, сәлемдесіп жатты…
Түс қайта жағалай қоршалған киіз үйлер ортасына құрылған үлкен дала сахнасы алдына кеңеске қатысушылар жиналды. Алдыңғы қатардағы орындыққа малшылар кеңесіне арнайы келген облыстық «Еңбек туы» газетінің бас редакторы Арғынбай Бекбосынов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Еркін Дүрімбетов, Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші секретары Нілзия Рахышева, басқа да аудан басшылары, совхоз директорлары, алдыңғы қатарлы шопандар жайғасқан. Олардың барлығы да айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевтің сахнаға көтерілуін тағатсыздана күтіп отырғанын бірден байқадық. Жергілікті ақын-термеші Әділ Мұртазаевтан кейін үстіне жарасымды киімін киіп, қолына домбырасын ұстаған Әзімбек сахнаға көтерілгенде көпшілік қауым оны ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алды. Әзімбек мал шаруашылығының майталмандарымен жылы жүзбен амандасып алғаннан соң сахнадағы өнерін мойынқұмдық малшыларға арнау айтудан бастады. Әзімбектің тірі болғанда 60 жасқа толатын еске алу күні аталып өтілетінін естіген бетте осыдан 33 жыл бұрынғы айтылған арнауды жеке архивімді ақтара отырып тапқан едім. Онда Әзімбек домбырасын шертіп-шертіп барып, қара қоңыр дауысымен былай жырлаған еді.
Келеді қара сөзді өріп қалғым,
Бойымда ақындықтан ерік бар мың.
Мойынқұм екінші тың ерлеріне,
Кездестік тауында біз «Бөрікталдың».
Ініңнің айтып тұрған ойын тыңда,
Жыл сайын өте берсін тойың мұнда.
Күлзада әпкеміз бар аты шыққан,
Ауылы Жазекеңнің Мойынқұмда.
Керек пе осындайда аз сайрауым,
Тоқтатпай айттым таңға сөз байлауын.
Кешегі Мәди келген, Сәкен жүрген,
Сарыарқа жанға шипа жаз жайлауым!,- дей келе ол өзінің суырып салма жырларын мал бағудың басқа да майталмандарына арнады. Ал малшылар болса оған дүркін-дүркін қол соғып, қошемет көрсетті. Әзімбек сахнадан түсіп келе жатқанда алдыңғы қатарда отырған «Айдарлы» совхозының озат шопаны, СССР Жоғарғы Советінің депутаты Тілеубаева Күлзада апай орнынан тұрып барып құттықтап, бетінен сүйді.
Бұдан соң Зинагүл Қаймақова, Эльмира Мұқашова тәрізді жезтаңдай әншілер ән айтқан соң кезек айтысқа беріліп, Әзімбек пен облыстық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, мойынқұмдық Ә.Мұртазаев сахнаға көтерілді. Екеуі де алғашқы кезекте халықпен амандасып, малшыларды бүгінгі мерекелерімен, қол жеткізген жетістіктерімен құттықтап алды. Сонан кейін нақты көрсеткіштерді тілге тиек ете отырып, кемшіліктерді бүкпесіз сынады. Өлең тілімен оны жоюдың жолдары да айтылып отырды. Ағалы-інілі екі ақынның да қысқа болса да нұсқа айтқан тұщымды сөздері нысанаға дөп тиіп, көрермендердің айызын қандырды. Екі айтыс ақынының өнеріне разы болған халық көп уақытқа дейін оларға қол соғып, сахнадан түсірмей қойды. Аудан басшысы облыстан арнайы келген қонақ Әзімбек Жанқұлиевтің өнеріне алғыс айтып, сый-құрмет жасады.
Концерттен соң Әзімбекті қонаққа шақырған киіз үй егелері басшыларымен бірге кезекке тұрды. Жалпы журналистер мен өнер адамдары бір-біріне жақын келеді. Сондықтанда мен де Әзімбекпен бірге жүріп, ол баратын үй, оның егесі, шаруашылықтың басшысы, совхоздың көрсеткіші туралы мәліметтерді лезде дайындап Әзімбекті «қаруландырып» отырдым. Ол барған үйлеріне арнау айтып, өзінің жарасымды әзіл-қалжыңымен жиналғандарды серпілтіп отырды. Қасындағы ағасы Әділ Аяз ақынның әуеніне салып терме айтумен болды.
Ертесіне жиынға қатысып, түс қайта бірге келген екі көлік ауылға қайттық. Күн қатты ыстық болған соң жол-жөнекей тоқтап, ас-ауқат, сусын ішіп отырдық. Ондай кезде Әзімбек өзінің айтыс өнеріне қалай келгені, Ауған соғысындағы көрген қиындықтары жайлы айтып отырған еді. Сол кезде бар болғаны 27 жастағы оның ұстамдылығы, адамдармен тіл табысуы, айтыстағы алғырлығы мен тапқырлығына сай ажарлы сөз өрнектерімен тыңдаушы қауымды баурап алатындығына тәнті болғанымыз бар. Мәдениетті айтысып, арнауларына әдемі әзіл-қалжыңды орынды қосып отыруы да асқан шеберлік деуге болады. Сарыарқаның шаңды жолынан шыққаннан соң Балқаш көліне түсіп, салқындап алғанымыз есімде қалыпты. Осы жерде де Әзімбек екі күн бойы көрген-білгендері, қасында бірге жүрген біздерді де жырға қосып, бізді көңілдендіріп отырды.
Осы сапардан соң Әзімбекпен кездесудің сәті түспеді. Оны алғаш көруімде, соңғы көруімде сол Сарыарқадағы бірге болған екі күн. Енді міне ол тірі болғанда 10 қыркүйек күні 60 жасқа толатын еді. Өкініштісі сол кешегі Ауған соғысының зардабы да бар шығар оның өмірі қысқа болды. Әзімбектің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Артында қалған ұрпағына бақытты өмір тілеймін.
Сүндетулла Әбілов,
Сарыкемер ауылы.