Иммун тапшылық вирус инфекциясының алдын алмасақ, ұлтқа қауіп төніп тұр

Мәжілісте Палата Спикері Бақтықожа Ізмұхамбетовтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Зәуреш Аманжолова  Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке  депутаттық сауал жолдады.

              Депутаттық сауалда адамның иммунды тапшылық вирусы (АИТВ)  қоздырғышының жалпы халық арасына (популяциясына) жұқтыру оқиғасының жиіленуі және бұл мәселенің соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында талқылануы  себеп болып отырғаны анық аңғарылады. Ұлтқа қауіп төнідірген бұл проблемаға газетіміз бей-жай қарай алмайды. Осы мүмкіндікті пайдаланып Үкімет басшысына жолданған сауал төңірегінде депутатқа бірнеше сұрақ қойдық:

-Зәуреш Жұманәліқызы, медицина жаныңызға жақын сала. Осы мамандықта көптеген жыл табысты еңбек еттіңіз? Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалыңызда ұлт үшін ең өзекті проблеманы сөз еттіңіз? Ашып айтыңызшы, елімізде бүгінгі таңда иммун тапшылақ вирусына ұрынғандар саны қанша?

-2016 жылдың 31-наурызындағы жағдай бойынша елімізде 27357 иммун тапшылақ вирусы тіркелген, олардың арасында 25053 — Қазақстан Республикасының азаматтары болса, 1733 — шетел азаматтары. Ал халықтың 100 мыңға шаққандағы көрсеткіш -146,0 % құрайды.  Бұл жан шошырлық көрсеткіш.

Елімізде иммун тапшылық вирустары кең етек жайған аймақтарға тоқталсаңыз?

-Иммунды тапшылық вирусын жұқтырған адамдар саны  бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында –219,9%, Павлодар – 203,4%, Қарағанды- 192,8%, Шығыс Қазақстан – 163,1 %, және Қостанай облысында – 141,2%.Елімізде соңғы 3 айда  иммун тапшылық вирус инфекциясын жұқтырған 673 жаңа оқиға тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 111 оқиғаға, немесе — 0,7 пайызға өскен. Атап айтсақ Қостанай облысында 29, Астана қаласында — 24, Алматы қаласында — 23, Оңтүстік Қазақстанда — 15, Қарағандыда — 13. Бұл Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бағдарламасы бойынша жасалған болжам. Егер түптеп қазсақ, көрсеткіш бұдан көп болуы әбден мүмкін.          

 -Осы вирусты жұқтырғандардың жас ерекшеліктері жайлы не айтасыз?

-Иммун тапшылық вирусы инфекциясын жұқтыру жағдайлары бойынша адамдардың жас ерекшеліктері 30-бен 39 жас аралығы. Олардың үлес салмағы — 42,3% -ды құрайды. Қазіргі таңда бізді ойландырып отырған жағдай, ол иммун тапшылық вирус инфекциясы халықтың еңбек жасындағы топтың арасында 32%-ға және 11-ден 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 1,7%-ға өсуі. Егер ретроспективті талдау жүргізетін болсақ, бұл көрсеткіштер айтарлықтай өсуі  ықтимал. Бүгінгі күні Республикамызда 15 жасқа дейінгі 428 бала диспансерлік  Д-есепте тұр, олардың 179 (42%) қыздар және 249 (59%) ұлдар. Оның ішінде өңірлер бойынша: Оңтүстік Қазақстан облысында — 255, Алматы қаласында- 47, Алматы облысында — 41, Қарағандыда — 33, Шығыс, Қазақстанда – 21 бала тіркеліп отыр.

ИММУН ТАПШЫЛЫҚ ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АСҚЫНУЫ – ДАБЫЛ ҚАҒАТЫН-АҚ МӘСЕЛЕ

-Оқырман қауымға түсінікті болсын, иммун тапшылық  инфекциясы қандай жолдармен жұғады?

-Егер 5 жыл бұрын бұл ауру  негізінен күре тамыр арқылы, (инъекция) арқылы жұқтырылған болса, оның ішінде 60% – 80%-ға дейін ол есірткі заттарын тұтынушылар арасында, 20-30% коммерциялық жыныстық қатынас қызметкерлері арасында кездесетін болса, қазіргі уақытта дерттің  құрылымы  өзгеріп барады. Қазір иммун тапшылық  инфекциясының жыныстық қатынас арқылы таралуының көбеюі бізді алаңдатып отыр. Яғни, соңғы 3-5 жылда бұл көрсеткіш 2-3 есеге артқан,  өңірлердегі бұл көрсеткіш тек 2016 жылдың үш айында 50%-дан — 90%-ға дейін ауытқып, нақтырақ айтқанда Қызылорда облысы бойынша — 90%, Павлодар облысында — 62,2%, Алматы қаласында — 61,6% құрап отыр.

 —Иммун тапшылық  инфекциясын жұқтыруға тұрмыс деңгейі әсер ете ме? Қоғам болғасын бай мен кедей топтар бар дегендей?                

 -Бұрын иммуно тапшылық вирус инфекциясы халықтың әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындары арасында анықталса, қазір дерт жалпы халық арасында (жалпы популяциясында) кең таралуы өте қорқынышты нәрсе, бұл біздің еліміздің денсаулығына төнген қауіп деп айтуға толық негіз бар.    

Бастапқы кезде осы инфекция Қазақстан Республикасында тіркелген кезде,  ауратын 10 ер адамға 1 әйел болса (10:1) адамы болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 1,3:1 құрайды. Бұл дабыл қағатын-ақ нәрсе.     

-Соңғы сұрақ:  Сіз осы депутаттық сауалыңыз арқылы Үкімет басшысынан нені талап еттіңіз?

-Мен Үкімет басшысы Кәрім Қажымқанұлынан осы көтерілген мәселелерді негізге ала отырып, министрліктер мен ведомстволарға нақты тапсырма беруін сұрадым. Оны үш бөлікке негіздедім:

  1. Жалпы халық арасында иммун тапшылақ вирус инфекциясының кең таралуын тежеу мақсатында;
  2. иммун тапшылық вирусын алдын-алу бойынша балалар мен жасөспірімдерге оқу құрал бағдарламасын тек осы саланың білімді мамандарының жүргізуі бойынша;
  3. Телеарналар мен радиодан әлеуметтік жарнамаларға (арнайы бағдарламалар жасауға, аудио-бейне жазбалардың көрсетілуіне) байланысты тегін уақыт бөлу мәселелерін шешу бойынша нақты тапсырма беруін.

-Уақытыңызды бөліп, сауалымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК