Індетпен күрес жалғасуда

БҚО-да ауруханаларда 178 медицина қызметкері коронавирустық жұқпамен күресу шараларын жүзеге асыруда. Олардың 34-і – дәрігер, 81-і – орта буын және 63-і – кіші буын медицина қызметкерлері.

Мұндай мәліметті облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәжілісінде айтты.

– Емханаларда дәрігерлердің құзыретіндегі барлық мәселелер бойынша қашықтан емделушілерге кеңес беру үшін сағат 08.00 мен 20.00 аралығында ахуалдық орталықтар жұмыс жасайды. Ол жерде тәуекел тобындағы науқастарға қоңырау шалу арқылы білікті қызметкерлер препараттарды қабылдау бойынша кеңес береді. Науқастарда нашарлау белгілері байқалған жағдайда, дәрігерді үйге шақыру ұйымдастырылады, сондай-ақ карантиндік режимді сақтау туралы кеңес беріледі, – деді Гүлнәр Мақсотқызы.

Облыс бойынша ахуалдық орталықтарға тәулігіне орта есеппен 150-200 қоңырау түседі екен. Сонымен қатар әр емханада «COVID-19» және пневмония белгілері бар, созылмалы аурулары бар пациенттерді, сондай-ақ көрсеткіштер бойынша жүкті әйелдер мен балаларды үйде бақылау үшін 123 мобильді бригада жұмыс жасауда. Бұлардан бөлек тұрғындарға ыңғайлы жағдай туғызу, уақтылы көмек көрсету және науқастарды анықтау мақсатында «109» CALL-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы