Инклюзивті қоғам – өзгелермен бірге даму

Алматыда балабақша педагогтары үшін инклюзивті білім беру біліктілікті арттыру курстары өтті. Инклюзия — бұл барлық адамдардың жеке ерекшеліктеріне қарамастан, әлеуметтік процестер мен құрылымдарға қосылуы. Бұл тұжырымдама әрбір адамның қоғамға қатысуына тең мүмкіндік беретін ортаны құруға ұмтылады. Әлеуметтік процестерге қосылу – әділдік пен теңдіктің кілті ғана емес, сонымен қатар серпінді және өркендеген қоғам құрудың қажетті шарты болып табылады. Инклюзия қоғамның барлық мүшелерінің экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өмірге толық қатысуына мүмкіндік береді.

Биыл 23 қыркүйектен бастап Алматыда мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтарына арналған біліктілікті арттыру курстарының үшінші кезеңі өтті. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады. Бұл жолы курстарға арнайы білім беру педагогтары, яғни ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен тікелей жұмыс істейтін педагогтар қатысып жатыр.

Үш аптаға созылатын курс барысында балабақша педагогтары білім беру бағдарламасы аясында мектепке дейінгі және инклюзивті білім беру саласындағы өзекті трендтермен танысады.

Бүгінде Қазақстанда инклюзивті білім беру тақырыбы бұрынғыдан да өзекті. Әр баланың толыққанды дамуы мен әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету, әсіресе мектепке дейінгі білім берудегі басым бағыт саналады.

Айта кетейік, Білім басқармасы 2025 жылға дейінгі қаланы дамытудың Жол картасына сәйкес педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша жұмысты белсенді түрде жүргізіп отыр. Биыл инновациялық әдістемелер бойынша 440 педагог оқудан өтіп жатыр, олардың 150-і психофизикалық ақауларды түзету, балалардың моторикасын, сөйлеуін дамыту және әлеуметтік бейімделуге қатысатын арнайы педагогтар.

Біліктілікті арттыру курстарының барысында педагогтар кәсіби-адамгершілік қасиетін жақсартып, арнайы педагогтардың қызметіндегі заманауи әлемдік үрдістерді, қолданбалы мінез-құлықты талдау әдістері мен ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеудегі сенсорлық интеграцияны меңгереді.

Ұйымдастырушылар балабақшалардың арнайы педагогтары үшін курстардың өзектілігі шешуді қажет ететін бірқатар мәселелерге байланысты екенін атады. «Бұл түзету жұмыс әдістерін жетілдіру, инклюзивті білім берудің әдістемелік қамтамасыз етуін трансформациялауда ғылыми әдістерді пайдалану, балаларға психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүргізудегі тәсілдерді жетілдіру, тәжірибеге бағдарланған технологияларды қолданудың заманауи тәсілдерін енгізу. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін арнайы жағдай жасау – қаладағы мектепке дейінгі білім сапасын арттыруда өте маңызды аспект», – дейді Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми-әдістемелік орталығы мектепке дейінгі тәрбие және білім беру бөлімінің жетекшісі Раушан Тұмаева.

Курсқа жетекші халықаралық және отандық жаттықтырушылар мен сарапшылар тартылған. Үш апталық курстар аяқтағаннан кейін арнайы педагогтар біліктілікті арттыру туралы сертификат алады.

Инклюзияның негізгі бағыттарының бірі әртүрлілікті құрметтеу болып табылады. Әрбір адам бірегей және оның қабілеттері мен қажеттіліктерін анықтайтын өзіндік ерекшеліктері бар. Инклюзивті қоғам бұл бірегейлікті мойындайды және бағалайды, әрбір адам өз әлеуетін жүзеге асыра алатын ортаны құруға ұмтылады.

Дегенмен, инклюзивті қоғамға жол әрқашан түзу бола бермейді. Бұл мақсатқа жетуді қиындататын әртүрлі кедергілер бар. Теңсіздік, кемсітушілік, стереотиптер мен біржақтылық адамдардың белгілі бір топтарын қоғамға қосуға кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан бұл проблемаларды біліп, оларды жеңу үшін белсенді жұмыс істеу маңызды.

Инклюзивтік кедергілерді еңсерудің бір жолы — білім беру және хабардар ету. Әртүрлілік туралы хабардарлықты арттыру және айырмашылықтарға төзімділікті арттыру, ашық және инклюзивті ортаны құруға көмектеседі.

Сонымен қатар, жүйелік кемсітушілікті жою және қоғамның барлық мүшелері үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету үшін саясат әзірленіп, жүзеге асырылуы тиіс. Бұған осал топтардың құқықтарын қорғайтын заңнаманы жасау, сондай-ақ қолдау бағдарламалары мен инклюзивті бастамаларды әзірлеу кіреді.

 

Г.Тұрсынқожа