Интеллектуалдық ұлттың жауы – масылдық

«Әлеуметтік желіде «жастардың ішінде масылдық көп» деп айтатын данышпандар көбейіп кетті. Ол қайдан келген? Оның себебі неде? Барлық мәселе қоғамның өзінде. Аға буын ақылгөйсінбей, алдымен жастарға жағдай жасауы қажет. Оқуын аяқтап, әскерден келген жастарға міндетті түрде 10 сотық жер  беріліп, жұмыспен қамтылуы тиіс». Бұл пікірді белгілі қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім Adyrna.kz порталына берген сұхбатында айтты.

«Интеллектуалдық ұлттың жауы — масылдық. Ал интеллектуалдық ұлтты зиялылар қалыптастырады. Зиялылары жоқ ел не тобыр, не халық, не тұрғындар деңгейінде қалып қояды. Ұлт болып қалыптаспайды. Ұлт дегеніміз – тарихы да, тегі де, діні де, қаны да, жаны да ортақ, бір тілде сөйлейтін, бір мақсат үшін күресетін, рухы да бір қауым ұлт болып қалыптасады. Масылдыққа қарсы тұрып, интеллектуалдық ұлт қалыптастыра білген Жапония, Канада, Скандинавия, Швейцария, Франция, Израиль және т.б. елдер бізге таптырмас үлгі. Мысалы, әлемдегі еврейлердің саны қазақпен бірдей. Бірақ олардың ішінен нағыз интеллектуал 300-ден астам Нобель сыйлығының лауреаттары шыққан. Өкінішке қарай, біз әлі күнге дейін ғалым болсын, жазушы болсын, т.б. бірде-бір адамды сондай деңгейге шығара алмай отырмыз. Міне, біздің басты айырмашылығымыз осыда. Сондықтан интеллектуалдық ұлт болып қалыптасамыз десек, бізге психологиямыздағы, менталитетіміздегі, мінезіміздегі көп нәрсені өзгерту қажет болады.  «Егер балаға қандай тәрбие беріп жатқаныңды көрсем, жүз ұрпақтан кейін ұлттың қандай болатынын айта аламын»,- дейді шығыс даналығы. «Екіге екі қосса төрт болады дейді ғой. Сол секілді бұл да рухани дүниеде жазылып қойған формулалар. «Мысалы, жапондар «Егер ата-ана барлық тапқан-таянғанын баласына жұмсайтын болса, ол бала ата-анасының желкесіне міңіп отыратын масыл болады. Ал сол баланың баласы, яғни немересі қайыршы болып кетеді» дейді. Бұл да заңдылық»,- дейді Жанұзақ Әкім.

Қоғам қайраткерінің айтуынша,  интеллектуалдық ұлтты қалыптастыру бала тәрбиесінен басталады.

«Бізде қазақта «Атаңнан бота қалмасын, бата қалсын» деп айтады ғой. Форбстің дерегі бойынша, бай адамдардың 90 пайыздан астамы үшінші ұрпақтан кейін бәрі кедейленіп қалады екен. Ақша деген сондай нәрсе ғой. Ал білім, ғылым жолында ұрпақ болашағы үшін атқарылған игі істер ұзаққа қалады. Финдар «Бала мектепке, университетке, жұмысқа орналасарда оған ешкім көмектеспеуі тиіс. Ол өзі ұмтылуы керек» деп осы заңдылықты өздерінің ұлттық дәстүріне кіргізіп қойған. Міне, дәл осы ұлттық идея арқылы бүгінде финдар БҰҰ-ға кіретін 200-ге жуық елдердің ішінен осымен алтыншы рет әлемдегі ең бақытты халық атанды. Ал бізде бәрі керісінше. «Баламның оқуға түсуіне көмектесемін» деп пара береді. ҰБТ-ны сатып алып, мемлекеттік грантқа жармасатындар жиі кездесіп жатады. Міне, осындай жағдайлардан кейін қоғамда масылдар пайда болады. Ағылшындар «Бала тәрбиесі, ол дүниеге келгеннен жүз жыл бұрын басталады» дейді. Яғни сол ұлттың дәстүрі, мәдениеті, тұрмысына негізделген тәрбиені бойына сіңіріп өскен бала қазақ болса, қазақ болады. Ағылшындардың ортасында өссе, таза ағылшын болып шығады. Біздің қазақта  «Баланы 15 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 15 жастан кейін досыңдай сыйлап, ақылдас» дейді. Яғни ақыл-есі кіргеннен кейін оны сен өзіңмен тең сөйлесетін құрдасым деп санауына болады. Ал оған дейін балаға қатал болу керек. Мысалы, әкеміз марқұм бізді өсіргенде «Жетелеген тазы түлкі алмас. Әрқашан өздерің жетіліңдер» деп айтатын…», — дейді Жанұзақ Әкім.

Масылдықтан арылғымыз келсе, жастарға жағдай жасауымыз қажет.

«Әлеуметтік желіде «жастардың ішінде масылдық көп» деп айтатын данышпандар көбейіп кетті. Ол қайдан келген? Оның себебі неде? Барлық мәселе қоғамның өзінде. Аға буын ақылгөйсінбей, алдымен жастарға жағдай жасауы қажет. Бізде бұрын орта мектепті бітірген соң, міндетті бірде 1-2 мамандық алып шығатын еді. Ауылдық жерлерде училищилер болатын. Комбайншы, тракторшы, шопыр, слесарь, сварщик және т.б. бәрін дайындайтын. Қазір біріде жоқ. Мына шетелдік компанияларға университет бітірген экономист, заңгерлерден гөрі сварщик, токарлар көп керек. Ал бізде оларды дайындамайды. Бәрін теріс жасап қойғанбыз. Бар нәрсені жоқ қылып, жоқтан бар жасай алмайды. Бізде «Қазақстан Альянсы» деген үлкен қауымдастық бар. 90-нан астам ғалым академиктер келесідей жоба дайындап шықтық. Мектеп бітіретін ұл-қыздар екі мамандық алып шығуы керек. Егер ауылды жерде тұрса, ауылдың техникасын айдайтын тракторшы, екіншісі шопыр және т.б. Жігіттер әскерге барғанда, әскер бір жыл емес екі жыл болуы керек. Қазір «елді қорғау» деген ұғымның өзі табанның астында қалды. Ол абыройлы міндет қой. Сол екі жылда жастар міндетті тірде қосымша мамандық алып шығуы керек. Сосын бұрынғы алған екі мамандығын әрі қарай дамытатын болуы тиіс. Немесе сол бағытта жұмыс істейтіндей жағдай жасалуы қажет. Оқуын аяқтап, әскерден келген жастарға міндетті түрде 10 сотық жер берілуі тиіс»,- дейді қоғам қайраткері.

Жастардың масыл болуы — қоғам болашағының жоқтығы…

«Қазақстан Альянсы» қауымдастығы 2018 жылы Үкіметтен талап етіп 2 миллион жастарды 2018-2025 жылға дейін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қаржыландырды. Жастар үйлерін алып жатыр. Әрине, бұл шешім бізді толық қанағаттандырып отырған жоқ. Бірақ, әйтеуір шүкір.  «Жастар масыл. Масылдыққа бейім» дегенді жиі айтады. Аудандық, қалалық, облыстық әкімшіліктер, тиісті әлеуметтік департаменттер жастарды жұмыспен қамтамасыз ете алмай жатыр. Бізде халық саны көп емес қой. Соның өзінде жұмыспен қамти алмай жатады. Себебі, бұл масылдық бізде немесе психологиялық тілмен айтқанда «инфантализм» биліктен басталады. 80 пайыз экономиканы шетелдік компанияларға беріп қойып, елді дамытамыз дейміз. Ол отарланудың бір түрі. Экономикалық отарлану. Жарайды 1990 жылдары берілді ме, енді қайтарып алу керек. Кем дегенде ірілі-ұсақты компаниялардың 50 пайызын мемлекетке қайтару керек. Экономиканы өзі басқармаған ел басқаға тәуелді болады. Немесе отар болады. Біз осылай жартылай отардың жағдайына мәз болып отырмыз. Масылдық бізде жүйенің барлық саласына кіріп кеткен. Оның ішіндегі ең қауіптісі — жастардың ішіндегі масылдық. Себебі, ол мына біздегі суицидтің негізгі себебі сол. Өмірге деген сенімнің жоқтығынан өз-өздеріне қол жұмсап жатыр. Жастардың масыл болуы — қоғамның болашағының жоқтығы. Масылдықтан құтылуымыз үшін көп нәрсені қайта қарауымыз қажет. Жастарымыз колледж, университетте заманға сай, бүгінгі нарыққа қажет мықты-мықты мамандықтар алып шықса, ол өз-өзіне сенімді болып, отбасын құрайтын жағдайға жетеді немесе кәсіпкерлікпен айналысатын деңгейге көтеріледі»,- деп түйіндеді сөзін Жанұзақ Әкім.

«Адырна» ұлттық порталы