Интернет алаяқтары қайтсе азаяды?

Заман көші алға жылжып, әрбір қадам, әрбір ісіміз жеңілдеп, интернет арқылы бір тетікті басып, бірнеше істі атқаруға мүмкіндік туып отыр. Интернеттің орасан пайдасын игерген адамдар, игілігін де көріп жүр. Алайда мұнымен қатар интернет алаяқтық та күн санап көбейіп, түрленіп келеді. Мәселен, былтыр облысымыз бойынша 214 интернет алаяқтық дерегі тіркеліпті. Алданса да ресми түрде арызданбағандары қаншама?!

Бар жұмыс әлеуметтік желінің арқасында жылдам шешіліп, бар істі желіге жегіп қойған соң, бар күніміз осы кеңістіктің көкжиегінде өтіп жатыр. Қазіргі таңда бүкіл адамзат жаңалықтарды сайттардан көріп, бар мәселені WhatsApp-пен шешіп, қаражатты Kaspi құрылғысынан аудара салады. Амалын тауып, алты асайтындар айласын асырып тікелей эфир арқылы түрлі табыс табуда. Экранда көрсетілген нөмірге қажетті қаражатты тастасаңыз бітті, сол сәтте шаш-етектен проблемаңызды шешіп бере қоятын көріпкелдер қашан шаңырақ көтеріп, қай уақытта бала туып, тіпті қай мезгілде бақытты болатыныңызды, ол үшін не істеп, қайда бару қажеттігіне дейін айтып береді.

«Бүгінгі таңда алаяқтық елімізде ең көп таралған қылмыс түрлерінің бірі болып қала береді. Ақпараттық технологиялардың дамуы және оларды қолдану аясының кеңеюімен алаяқтықтың жаңа түрлері, соның ішінде интернет алаяқтықтар пайда болуда, олардың саны жыл сайын артып келеді. Интернет алаяқтықтың бір ерекшелігі – қылмыскерлер тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық сипатқа ие болды. Бұл қылмыстарды ашу өте қиын, өйткені қылмыскерлер оларды тіркеу кезінде де, ақша алу кезінде де деректерді жасыратын ақпараттық технологияларды қолдана отырып жасайды. Азаматтардың интернет алаяқтық туралы әрбір өтініші бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оның барысында белгілі бір сот-тергеу практикасы, оларды ашу және тергеу әдістемесі әзірленді. Жасына, жағдайына, ұлтына және басқа түрлі жағдайға қарамастан, кез келген азамат мұндай қол сұғушылықтың құрбаны болып қалуы мүмкін», дейді облыстық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетов.

Интернет алаяқтары түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Олар банк тұтынушыларына «банктің қауіпсіздік қызметі» немесе «қаржы мониторингі қызметі» деген атпен қоңырау шалып, карта бойынша күдікті операция жасалғаны туралы хабарлайды. Есепшоттағы ақшаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету сылтауымен олар шоттан ақшаны ұрлау үшін өз құрбандарын бірқатар әрекеттер жасауға мәжбүрлейді. Сондай-ақ сенімділік үшін олар банктердің және басқа да құрылымдардың ауыспалы нөмірлерінен қоңырау шала алады, бұл ретте арнайы бағдарламаларды пайдаланып, елімізден тыс жерлерде бола тұра Қазақстан Республикасының абоненттік және стационарлық нөмірлерін пайдалана алады. Әрі қарай алаяқтық сызбасы бірнеше сценарийлер бойынша дамып отырады.

Олар картаның төлем деректерін (16 таңбалы нөмір, иесінің аты-жөні, жарамдылық мерзімі және артқы жағындағы үш таңбалы код, сондай-ақ банктен СМС-тен алынған код) немесе жеке кабинетке кіру деректерін алдап қолдарына түсіреді. Кейде қоңырау кезінде алаяқтар телефонның қорғалуын күшейту сылтауымен арнайы қосымшаны (мысалы, AnyDesk, TeamViewer) орнатуды сұрайды, бұл қашықтан кіру және басқару бағдарламасы болып табылады, оның көмегімен жәбірленушінің онлайн-банкінің жеке кабинетіне кіріп, сол жерден өз шотына ақша аудару мүмкіндігін алады. Сондай-ақ қоңырау кезінде алаяқтар өз құрбандарын банкоматтан ақша алуға және оларды «қаражатты құтқару» үшін арнайы шотқа аудару үшін бар амалын жасап, көндіреді.

Сатып алу туралы хабарландыру арқылы ойын жүзеге асыру мақсатында алаяқтар көптеген жарнамаларды оқып, зерделейді. Жәбірленушіні таңдап, сатып алушы ретінде мессенджер арқылы хат алмасады және сатып алуға келіседі. Ақша аудару үшін алаяқтар басу керек болатын сілтемені жібереді. Бір қарағанда, сілтеме ешқандай күдік тудырмайды, бірақ басқан кезде пайдаланушы фишингтік сайтқа өтеді. Бұл сайтта банк картасы, CVV-коды, ЖСН көрсетілген сауалнаманы толтыру және ақша аударымын күту ұсынылады. Алайда банк карталарынан деректемелерді толтырғаннан кейін ақшаны рұқсатсыз алу жүргізіледі. Жоғарыда көрсетілген деректемелерді алып, алаяқтар барлық ақшалай қаражатты карт-шоттардан лезде ұрлайды. Бұл жағдайда сайт бірнеше секундтан кейін бұғатталады және із қалдырмайды.

Әлеуметтік қызметтер арқылы тауарларды жарнамалауға және сатуға алаяқтар «ОЛХ», «Крыша.кз», «Колеса» сынды әлеуметтік желілерге қолда жоқ тауарлар туралы нарықтағыдан төмен баға бойынша (алдын ала төлем немесе толық сома алынғаннан кейін жоғалып кетеді) хабарландырулар қалдырады. Сатып алушыдан алдын ала төлем жасауды сұрайды, себебі бұл өнімді тағы бірнеше адам сұрап тұр деп сендіреді. Мұндай жағдайда ешқашан алдын ала төлем жібермеу керек.

Онлайн несиелерді рәсімдеу барысында да алаяқтар әртүрлі жолдармен, соның ішінде үшінші тұлғалар арқылы оларға әлдекімдер ақшалай қаражатты аударуы тиіс, алайда өздерінің банк картасы жоқ немесе уақытша бұғатталған деген сылтаумен толық банктік деректемелерді (банк картасының нөмірі, ЖСН, жеке куәліктің нөмірі) алады. Толық деректемелерді алғаннан кейін ұялы байланыс құралдары арқылы немесе дербес компьютер арқылы құрбандардың атына онлайн несиелер ресімдейді.

Алаяқтар өз ісіне сендіру үшін төлқұжат фотосуреттерін кепілдік ретінде жібереді. Тек төлқұжаттағы адамның алаяққа ешқандай қатысы жоқ, бұл басқа біреудің құжатының суреті. Әлеуметтік желілердегі парақшаларынан тұтынушылардың жағымды пікірлерін оқытады. Бірақ мұның барлығы алдын ала ұйымдастырылған жалған ақпараттар.

Интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін түрлі қауіпсіздік шараларын сақтау керек.

Ең әуелі төлқұжат және өзге де дербес деректермен бөліспеу, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефонға келіп түскен SMS құпиясөздерді, тіпті егер өзін банк қызметкері ретінде таныстырса да айтуға болмайды. Жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқу қажет, әсіресе кішігірім шрифтпен жазылған мәтінге көңіл бөліңіз. Тиімді ұсыныстарға сын көзбен қарау қажет. Тауарды сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз. Тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз. Байланыссыз төлемдер кезінде карта бойынша шығыс лимитін орнатыңыз және мүмкін транзакциялардың мөлшерін шектеңіз. Әр адам өз құжаттарына қолжетімділікті шектеп, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеуі тиіс. Микрокредиттік қаржы ұйымдарында шағын несиені оп-оңай рәсімдеп алуына жол бермеңіз.

Полиция капитаны Мұхаммед Сейтмаханұлы «Банк қызметкері атынан қоңырау шалып, банктегі депозиттік шотыңызға хакерлік шабуыл жасалуда деген желеумен, ақшаңызды басқа шотқа аударуды сұранады. Сенімге кіріп, дербес деректер алып, сыртыңыздан мобильді банкинг жүйесіне қосылу арқылы шоттағы ақшаны иемденеді. Инстаграмм, Фейсбук, Вконтакте, Одноклассники, Телеграмм сияқты әлеуметтік желілерде Жамбыл облыстық полиция департаментінің «zhambyl_police» атты ресми парақшалары ашылған. Осы ресурстарда интернет-алаяқтықтың тәсілдері мен алаяқтардан сақтану шаралары туралы түрлі материалдар әрдайым жариялануда. Осындай профилактикалық мәтіндегі материалдармен танысып, оларды өздеріңіздің жақындарыңыз бен таныстарыңыздың арасында кеңінен таратуға ат салысыңыздар. Сақтық шараларды ұстансаңыз, алаяқтардың айласына түспей, жеке мүлкіңізді және отбасыңыздың тыныштығын қамтамасыз етесіз» деп кеңес береді. Интернет алаяқ үлкен-кіші, кәрі-жас деп талғап-таңдап, ешкімді аямайды. Тек әр адам өзіне, әрекетіне сақ болуы керек-ақ.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ