Интернет сайттарын қалай дамытамыз?
Қазір әлемді бір экранға қаратқан интернеттің күші бәрінен басым болып тұр. Дегенмен, саны бар да сапасы сын көтермейтін сайттардың миллионнан асып жатқаны белгілі. Ақпараттық соғысқа алып келген интернеттегі веб-сайттарымызды қалай дамытуға болады? Жыл сайын, тіпті, ай сайын жаңа бір әдістері ойлап табылып жатқан ғаламтор ресусртарын қалай тиімді пайдалануға болады? Аталған сұрақтарға егжей-тегжейлі, дәлелдермен жауап беретін сарапшы-мамандар Астанада жүр.
Бүгін Елордада АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және Қазақстан Баспасөз клубының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған «ТехФорум Орталық Азия: қазіргі заманғы инновациялар» конференциясы басталды. Екі күнге созылатын іс-шара елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Шара бейнетаныстырылыммен басталса, алғашқы болып АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Қазақстан Баспасөз клубының президенті Әсел Қараулова сөз сөйлеп, қатысушыларға табыс тіледі. Бір сөзінде Д.Крол: «Бүгінгі таңда халыққа қызмет етіп бұқаралық ақпарат құралдарының саны өте көп. Сондықтан деректерді тексеру және де жарияланған материал үшін жауапкершілікті сезіну журналистер үшін маңызы жоғары мәселеге айналып отыр»,-дейді.
Конференцияда Орталық Азия журналистеріне digital саласындағы ең соңғы технологиялар мен әдістерді үйрету үшін Астанада шетелдік және отандық сарапшы бас қосты. ТехФорум – АҚШ, Ұлыбритания, Чехия және Қазақстан мамандарының жетекшілік етуімен ең қысқа мерзімде қарқынды оқудан өтуге мүмкіндік беретін ерекше форматта өткізілетін бірегей шара. Басқа форумдардан бірден-бір ерекшелігі – бақылап қарасаң семинар-тренингке ұқсайтын бұл шарада мамандар тыңдаушылардың уақытын алып лекция оқып жатпайды. Алдын ала белгіленгендей бүгін 10 тақырыпта шетелдік және отандық сарапшылар бес минуттан топ жинап компьютер арқылы негізгі трендтерді түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді. Мәселен, бір журналист алғашқы бес минутта SMM бойынша майталман мамандар Жанна Прашкевич пен Дженнифер Эдвардстан кеңес алса, келесі бес минутта басқа тақырыптағы сарапшылардың дәрісіне құлақ түреді. Нәтижесінде, 50 минут ішінде қазіргі интернет саласындағы негізгі деген 10 трендті лезде игеріп шыға алады.
80-ге жуық адам қатысып жатқан конференцияда бүгін және ертең соңғы технологияларды пайдалану мен қатар заманауи журналистиканың негізгі проблемалары да талқыланбақ.
Ермұрат НАЗАРҰЛЫ