Инвестиция игілігін ел болып көреміз
Бүгінгі таңда Үкімет 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 миллиард долларға дейін, яғни екі есеге дейін ұлғайту міндетін арқалап отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін елге кемінде 150 миллиард доллар шетелдік инвестиция тарту қажет. 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 18043,7 миллиард теңгені құраған. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 13,7 пайызға көп. Экономикалық сарапшылардың айтуынша, 2023 жыл шетелдік инвестицияларды тарту тұрғысынан нәтижелі болған.
Инвестиция құятын инвестордың мақсаты – салынған қаражатты біршама уақыттан кейін қайтару әрі үстінен пайда көру. Тиісінше салынған инвестицияның арқасында экономика алға жылжып, табыс көзі артады. Осындай оң үдеріс былтыр облысымызда байқалған. Өңір инвестициялық өсім жағынан айтарлықтай жақсы нәтижеге жеткен. Санмен сөйлетсек, аймаққа өткен жылы 325 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға артып отыр.
Инвестициялық жобалардың игілігін көріп жатқан өңірлердің қатарында Жамбыл облысы да бар. Бүгінгі таңда өңірдің инвестициялық портфелі 2,3 триллион теңгені құрап, 69 жобаны қамтиды. Аталған жобаларды 2026 жылға қарай толық аяқтау жоспарланып отыр. Жұмыс жүйелі жүрсе, 5,5 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ербол Қарашөкеев Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапарында атап өткендей, шетел инвесторларын облыстың қолайлы географиялық жағдайы, мол табиғи ресурстары, аграрлық және өнеркәсіптік зор әлеуеті қызықтыруда.
Өңірімізде экспортқа ыңғайлы жоғары технологиялық өнімдерді өндіру үшін барлық мүмкіндіктер жеткілікті әрі қолайлы инвестициялық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, суарудың қарқынды су үнемдеу әдістері мен облыстың өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жоғары қайта бөлу өндірістерін дамытуға баса назар аударылуда. Осындай жүйелі жұмыстар бүгінгі таңда Жуалы ауданында сәтті қолға алынып жатыр. 2023 жылы ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 миллиард 476 миллион теңгені құраған. Өткен жылдармен салыстырғанда көрсеткіш 17 пайызға өскен. 2024 жылға бірқатар жоба нақтыланып отыр. Бұл туралы бізге аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов баяндап берді.
– Өткен жыл Жуалы ауданы үшін жемісті болды. Биылға жоспарымыз нық. Бірқатар жобалар бастау алғалы жатыр. Жұмыс қызу. Ауданға инвестиция құюға мүдделі азаматтар аз емес. Мәселен, Қызыларық ауылдық округі Сұрым ауылында «Мол даму» агроөнеркәсіп кооперативінің сүт өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. 300 миллион теңгені құрайтын жобаның қуаттылығы күндігіне 7 тонна. Индустрияландыру картасы аясында жер мәселесі шешілді. Жоба іске қосылғанда 5 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аяқталған. Қажетті құрал-жабдықтарды алу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылынан жеке кәсіпкер «Жанғараев» табиғи артезиан суын өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Бүгінгі күнге жер телімі рәсімделіп, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Жоба құны 80 миллион теңге. Аталған жобаның қуаттылығы күндігіне 2,5-5 тонна. Нәтижесінде 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, үлкен жаңалығымыздың бірі – ауданымызда алғаш рет құс фермасы салынбақ. Нұрлыкент ауылдық округі, Түктібай ауылы маңында «Алтын Ел-Груп» ЖШС-нің құс фермасын салу бойынша келіссөздер жүргізіліп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталғалы жатыр. Индустрияландыру картасы аясында жер мәселесі шешілді. Жоба құны – 2,5 миллиард теңге. Жоба толықтай іске асырылғанда 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Жылына 5000 тонна құс етін өндірмек. Осыған дейін Байзақ ауданында қарқынды жұмыс істеп келе жатқан «Алель Агро» АҚ Жуалы ауданында да жаңғырмақ. Өз нысандарын Билікөл ауылдық округі, Қарабастау ауылы маңында салуды көздеп отыр. Келіссөздер жүргізіліп, 140 гектар жер телімі қарастырылып, қазіргі уақытта құжаттары рәсімделуде. Құны – 2,5 миллиард теңге. Жоба толық іске асқанда 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілмек. «Асылжан» жеке кәсіпкерлігі Күреңбел ауылдық округінде 2 тонналық сүт өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қондырғыларды алуға ниеттеніп жатыр. Жоба іске қосылғанда бес жұмыс орны ашылады. Құны – 40 миллион теңге. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының бойында 195 миллион теңгеге жол сервисі кешенінің құрылыс жұмыстары жартылай аяқталды десек болады. Биыл толық аяқтап, пайдалануға берсек дейміз. Бұл жерде 17 кәсіпкердің орны болады. Одан да көбеюі мүмкін. «Чайно Пауэр» компаниясы жоба құны 5 миллиард 812 миллион теңге болатын жел электр станциясын салуды жоспарлап, қазіргі уақытта зерделеу, барлау жұмыстары жүргізілуде. Үш жылға жоспарланған жоба іске қосылған уақытта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, бірқатар ұсақ жобаларымыз бар. Жыл соңына дейін туризм саласын жандандыруға бағытталған жоспарларымыз жүзеге асады деген сеніміміз бар, – деді Рақымғазы Құниязов.
Жуырда ғана облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері баяндалған жиында «Әрбір кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Негізгі міндет – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру керек. Бұл жұмысты әлі нақты түсінбейтіндер бар», – деп баса айтқан еді.
Өңір басшысының сөзінің жаны бар. Аймақ дамуын алға бастауға бірден-бір серпін беретін негізгі күш – инвестиция тарту. Бұл тұрғыда Ербол Қарашөкеев облыс тізгінін алғалы бері бірталай іс атқарды.
Мәселен, аймақ басшысының өңірдің бизнес өкілдерімен бірлескен Қытай Халық Республикасына ресми жұмыс сапарының нәтижесінде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, облыста ауылшаруашылығы техникаларын құрастыру мен мал азығы өндірісін ашу, тамшылатып суару жүйелері мен полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт құрылысын бастау жоспарлануда.
Жуырда Әулиеатада тұңғыш рет «KazАgroZhambyl-2024» халықаралық ауылшаруашылығы форум-көрмесі өткен болатын. Аймақ басшысы халықаралық жиынға келген бірқатар елдің іскер топтарының өкілдерімен кездесулер өткізіп, инвестициялық байланыстарды жолға қою, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесулердің нәтижесінде «Shouguang Agricultural Development Group Limited» компаниясы өңірімізде 100 гектарға дейін аумақты құрайтын ірі жылыжай кешенін салуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Өңірдің жеміс-көкөніс саласын дамыту әлеуетіне «Shandong Shouguang Vegetable Industry Group Co» компаниясы да қызығушылық танытып отыр. Екі ірі жылыжай кешенін іске қосу өңір үшін елімізге жеміс-көкөніс өнімдерін ірі жеткізушілердің бірі болуға мүмкіндік береді.
Тағы бір инвестор – «Kazakh Industrial stroi» ЖШС 7 миллион АҚШ долларына бетон өндіретін зауыт салады деп күтілуде. Қазіргі таңда серіктестікте өндірілген бетон төсемі суару каналдарын салу мен қайта жаңғыртуда сәтті қолданылуда. Бұл су арналарының қызмет ету мерзімін ұзартуға және судың жоғалуын едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыт салу – ірі жобалардың қатарында. Жамбыл облысының «KAZ Каспий ГИДРО ауыл шаруашылығы технологиясы» компаниясы бұл жобаға 6 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуға ниет білдірді. Бұл аймақта қарқынды суару жүйелерін белсенді пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, аталмыш шарада Түркі мемлекеттері ұйымының ауылшаруашылығы министрлері дөңгелек үстел басында бас қосқан болатын. Аталмыш ұйымның бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевпен өткен кездесуде ынтымақтастық мүмкіндіктер аясында бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында өңірге инвестиция тарту мәселесі талқыланды. Облыс әкімі әсіресе Әзербайжан мен Жамбыл облысы арасындағы қарым-қатынас бұрыннан қалыптасқанын атап өтті. Айталық, өткен жылы біздің аймақ пен Әзербайжан елінің арасындағы тауар айналымы үш миллион АҚШ долларын құраған. Ал Өзбекстанның ауылшаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмоновпен кездесуде түрлі бағыттарда ынтымақтастық мүмкіндіктері сөз болды. Өткен жылы Жамбыл облысы мен Өзбекстан елінің арасындағы тауар айналымы 22 миллион АҚШ долларын құрады. Ербол Қарашөкеев Түркия елінің ауыл және орман шаруашылығы вице-министрі Гизлигидер Эбубекирмен кездесуде Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешен саласындағы зор әлеуетін атап өтті. Г.Эбубекирдің сөзінше, Түркия стратегиялық тұрғыда ең маңызды серіктестердің бірі ретінде Қазақстанмен экономикалық байланыстарға үлкен мән береді, сондықтан олар өзара көмек көрсетудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруға дайын.
– Біз Жамбыл облысында ауылшаруашылығы саласын дамыту мен заманауи аграрлық технологияларды енгізуде зор әлеуетке ие екенін көріп отырмыз. Сол себепті, осы өңірдегі инвесторларымыздың санын арттыру мәселесін қарастырамыз, – деді Г.Эбубекир.
Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысы түрік инвесторларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін және әртүрлі салаларда, әсіресе ауылшаруашылығында ынтымақтастыққа қашан да дайын екенін жеткізді.
– Өткен жылы Жамбыл облысы мен Түркия елінің тауар айналымы 18,8 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл өзара тиімді шарттарда бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға және оны жүйелі іске асыруға мүдделі екенімізді білдіреді, – деді облыс әкімі.
Атап өткеніміздей, бүгінгі таңда өңірде ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, суарудың қарқынды су үнемдеу әдістері мен облыстың өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында жоғары қайта бөлу өндірістерін дамытуға баса назар аударылуда. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарды бағамдай отырып, Жамбыл облысының инвестиция тартудағы үлесі күн санап көбейіп, әлеуеті артады деуге толық негіз бар.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы