ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін ауданда алғаш рет инвестициялық штаб отырысы өтіп, оған тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округтердегі бірқатар жеке кәсіпкерлер қатысты. Күн тәртібіндегі жоспарға сәйкес, штаб отырысында өңірдегі 3 жобаның аяқ алысымен танысып, шешімін күткен бірқатар мәселелерді талқыладық.
Нақтырақ айтқанда, Өндіріс ауылдық округіндегі “Adelya Milk” маркалы табиғи сүт өнімдерін шығарумен айналысатын “Тлеумаханова С” жеке кәсіпкерлігінің жұмысын көріп, түйткілді мәселелерін шешу жолын қарастырдық. “Бизнестің жол картасы 2025” бағдарламасы аясында 5 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болған кәсіп иесі алдағы уақытта өз кәсібін дамыту мақсатында 2,5 пайызбен несие және сүт өнімдеріне субсидия алуды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін ауыл әкімі мен жауапты бөлім басшыларымен бірге нақты бағыт-бағдар айқындалды.
Сонымен бірге штаб отырысында “Kaz-IrAgro” ЖШС-не қатысты мәселелер талқыланды. Майлы және дәнді дақылдардың тұқымдарын өсіру және сатумен айналысатын серіктестікте бүгінгі таңда маман тапшылығы байқалуда. Оған қоса, ауыспалы егіске арналған жер мен шикізат тапшылығы да күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Бұл ретте, жұмыспен қамту орталығына маман тапшылығы мәселесін шешу тапсырылса, шикізат бойынша аудандағы шаруаларға мақсары егуді қолға алу керектігі түсіндіріліп, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілетін болады.
Ал үшінші жобаға келер болсақ, Шу қаласының тұрғыны Жұман Аманбаев 25 миллион теңге көлеміндегі қаржыға шипажай ашқан. Алайда, мұнда жолға қатысты мәселе туындаған. Аталған мәселе бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жан-жақты қаралатын болады. Айта кету керек, қызығушылық танытқан әрбір инвесторға, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалатын кез келген қолдауды көрсетуге, кеңес беруге әрдайым әзірміз.
Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі