ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазіргі таңда өнеркәсіп саласы үлкен жобалардың бойтұмарына айналуда. Ал оны инвестиция тарту арқылы жүзеге асыру бүгінгі күннің басты талабы болып отыр. Осы тұрғыда ауданымызға бірқатар инвесторлардың қызығушылық танытып жатқанын да айта кетуіміз керек.

Мәселен, бүгін ауданымызға аңсары ауған бірнеше инвестормен кездесіп, олардың алдағы жоспарларымен таныстық. Олардың қатарында өңірімізде пияз өңдеу зауытын салуға ниетті “Wanlin Group Limited” ЖШС атап өткен жөн. Бұған дейін аталмыш жоба облыс орталығында өңір басшысы Н.Нұржігітовтың төрағалығымен өткен инвестициялық форумда таныстырылған болатын. Бүгінгі кездесу барысында серіктестік басшылығымен алдағы жоспарларды талқыладық. Жоба жетекшілерінің айтуынша, зауыт толық қуатында жұмыс істегенде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Қазіргі кезде аталмыш жобаға ыңғайлы жерді қарастыру жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан кейін жол бойында қызмет көрсетуді көздейтін “SVictory 6” ЖШС кездестік. Ақсу ауылдық округінің маңынан этноауыл мен музей салып, туризм саласын қолға алуды ниет етіп отырған серіктестік өз жобасын келесі жылы бастайтынын айтады. Ақсу ауылының орналасуы мен логистикалық әлеуетін ескере отырып, жол бойындағы сервисті дамытуға, А класты жол бойындағы қызметті сапалы жүргізуге мүмкіндік бар екенін айта кету керек.

Кез келген жергілікті биліктің алдына қойған негізгі міндеттері — туристік қызметті ұйымдастыру, сапалы қызмет көрсету және туристер ағынын арттыру бойынша бизнес үшін жағдай жасау екені анық. Сол себепті де ауданымызға аңсары ауған инвесторлардың тың бастамаларына қолдау білдіруге әрқашан дайынбыз.

Бақытжан Жәнібеков , Шу ауданының әкімі