Инвестицияның 5,7 пайызы Оңтүстікке тиесілі
Президент әрдайым әкімдердің жұмысы ашық болуын, себебі олар халықтың қызметшілері екенін айтумен келеді. Бұл мәселеде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өзгелерге үлгі боларлықтай жұмыс атқаруда десек, қателеспейтін шығармыз. Облыс басшысы Елбасы арнайы тапсырған инвестиция тарту мәселесінің де оң шешімін тауып келеді.
Айталық, жыл басынан бергі жеті айдың ішінде облыста негізгі капиталға 229,9 миллиард теңге инвестиция тартылып, бұл республикадағы үлестің 5,7 пайызын құраған. Өңірге көптеп инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері шетел инвесторларымен қырықтан аса іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Біріккен Араб Әмірлігімен – медициналық бұйымдар және дәрілік заттар шығаратын зауытын, Ресеймен – Евро-5 стандартына сай жанар-жағармай өндіретін мұнай өңдеу зауытын салу, ал Қытаймен бірлесе биоэталон, фосфор тыңайтқышын шығаратын және 200 МВт күн электр станциясы құрылыстарын жүргізу мақсатында келісімдерге келді.
Сонымен қатар, Оңтүстікте осы жылы 52 мыңға жуық жеке фермерлік қожалықтардан біріктірілген 297 кооператив құрылып, ол бүгінде 539-ға жетті. Өткен жылға қарағанда екі есе артқан кооперация құру жұмыстары бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы республикада көш бастап отыр.
Шалқар БЕК, Оңтүстік Қазақстан облысы