Инвестиция игілігі Жамбылда  түріктер  сода зауытын салады

Түркиялық «Yildirim Holding» компаниясы мен Жамбыл облысының әкімдігі Жамбыл облысында сода өндіру зауытының құрылысы бойынша келісімге қол қойды .

Зауыттың жылдық қуаты – 400 мың тонна.

«Біздің компания Жамбыл облысында кальцийленген сода өңдеу зауытын салады. Жобаға 300 млн доллардан астам қаражат құюды көздеп отырмыз. Бүгінгі күні Сұркөл кенінде барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі кен өндіру келісімдері бұрын жасалған. Сол себептен, қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама мен техникалық-экономикалық негіздеме жұмыстарын әзірленуде. Жамбыл облысының әкімі толығымен қолдау көрсетуге дайын. Біз былтыр тиісті меморандумға қол қойған болатынбыз. Биыл енді толық келісімге қол қойылып отыр», – деді компания басқарма төрағасының орынбасары Альп Маразгит АЭФ аясында жаһандық инвестиция тақырыбында өтіп жатқан сессия кезінде тілшілерге.

Еске салайық, «Yildirim Holding» түрік компаниясы Жамбыл облысында кальций қосылған сода зауытын тұрғызуға ниетті екені былтыр хабарланған еді. 2017 жылы елордадағы ЭКСПО-ның Конгресс-орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Yildirim Holding» компаниясының басқарма төрағасы Роберт Юксель Йылдырымды қабылдаған болатын. Кездесу барысында тараптар химия өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларға қатысты мәселелерді және оларды іске асырудың перспективаларын талқылаған еді. Дәл осы компания өкілдері ерекше ұсыныстарымен елімізді қызықтырды. Аталмыш зауыт қуаты жағынан өте мықты екендігі белгілі. Зауыт әрі пайдалы әрі тиімді болуы қажет. Келісімнің басты назары зауыт болғандықтан ерекше болуы тиіс секілді. Қол қойылып қойған келісім енді іс жүзінде сарапқа салынбақ.

Елбасымыздың өзі бастап, халық қолдаған ортақ келісім  өз шарықтау шегінде игі бастама болып, тиімді бола түсетініне сенім мол. Ертеңі мен болашағы айқын екендігі белгілі.

«Yildirim Holding» компаниясы басқармасының төрағасы Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдіріп, Мемлекет басшысына Жамбыл облысында кальций қосылған сода өндіретін зауыт салу жоспары туралы айтқан еді.

 

Бөрі Сұлтан