ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА СЕРПІН БЕРМЕК

Қазақстанға инвестиция тарту жолында игі істер көп атқарылды. Елдің дамуына да мұның қосар үлесі мол. Бұл үшін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасап жатқан еңбегі орасан. Қазақстанда жылдан-жылға елімізге инвестициялар тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Тәуелсіздік кезеңінде әлемнің 120-дан астам елінен $330 млрд шетелдік инвестиция тартылды. Іс жүзінде барлық елдердің экономикасының дамуына инвестиция – қуатты күш!

Инвестициялардың негізгі бөлігі, яғни 50 пайыздан астамы Еуропалық одақ елдеріне тиесілі, соның ішінде Швейцария – 25,8 млрд, Франция – 16,1 млрд, Италия – 8,7 млрд, Нидерланд – 90,4 млрд, Бельгия – 7,6 млрд, Германия 5,2 млрд доллардың инвестициясын әкелді. Америка Құрама Штаттарына тікелей шетелдік инвестициялардың 15 пайызы немесе 48,4 млрд доллары тиесілі. Инвестициялардың шамамен 5 пайызын Ұлыбритания мен ҚХР салған.
Қазақстанда шетелдіктердің қатысуымен 19 мың заңды тұлға мен олардың бөлімшелері жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындардың 35,3 пайызы ресейліктер үлесінде, 9,5 пайызы – түрік, 5,7 пайызы – өзбек, 5,6 пайызы – қытай, 3,1 пайызы неміс капиталының қатысуымен құрылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында инвестициялық саясатты іске асырудың шаралары мен басымдықтарын нақты белгілеп берді.
Қазақстан экономикасының өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу қажет. Яғни, фокус келесі деңгейге өтіп, уақыт пен нарық талап ететін жаңа жағдайларға бейімделе отырып, экономиканы әртараптандыруға қойылады.
Қазақстан экономикасы үшін мұнай химиясы, металлургия, автомобиль және машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен секілді базалық секторларға инвестициялар тартуға ерекше назар аударамыз. Бұл салалар айтарлықтай мультипликативтік әсерге ие, кластердің табиғи қалыптасуы үшін негіз болып табылады, бизнестің ілеспе бағыттарын дамытады, жұмыс орындарын береді.
Мәселен, Алматы қаласында жыл соңына дейін ұсақ торапты құрастырылған «Hyundai» маркалы автомобильдер өндірісін бастау жоспарлануда. Бірінші кезеңде жылына 30 мың бірлік өндірілетін болады, екінші кезеңде – 45 мыңға дейін. Бүгінгі таңда инвестициялардың жалпы көлемі 28 млрд теңгеден астамды құрайды. Кейіннен өндірісті жергіліктендіру 51%-ға дейін ұлғайтылады, автокомпоненттер де Қазақстанда өндірілетін болады.
Президент жаңа құралды – мемлекет пен инвестор арасындағы уағдаластықтарды тіркейтін стратегиялық инвесторлармен инвестициялар туралы келісімді енгізуді атап өтті. Бұл инвестициялық преференциялар, жеңілдікті қаржыландыру, ішінара кепілдік беру, экспорттық қолдау тетіктері, салық міндеттемелеріне қарсы есепке жатқызу жолымен өтеу, мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар мен жер қойнауын пайдаланушылардың кепілді сатып алуы. Қазір осындай келісімдерді жасасудың негізгі ережелері мен шарттары пысықталуда. Жеке өзім бұл құралды шаблондық емес, өте икемді инвестициялық құжатқа айналдыруды қолдаймын. Сонда коммерциялық келісімшарт мысалы бойынша, біз инвестормен оның кіру шарттарын тез арада бекіте аламыз және оның қажеттіліктерін біздің трафареттерімізге сәйкес келтіруге тырыспаймыз.
Елге инвестиция тарту – тек қаржы көзі ғана емес, сондай-ақ, шетелдік тәжірибенің, мүмкіндіктердің келуіне мүмкіндік ашу. Бұл өз кезегінде дамудың жаңа бағытына, ауқымды өзгерістерге, экономиканың әр саласына тың серпін береді. Әсіресе, шетелдік инвесторлар мен отандық бизнес өкілдерін, кәсіпкерлерді ынталандыру қажет екенін бірнеше мәрте айтты. Экономиканы дамытудың алғышартында сыртқы саясатта инвестиция тарту, сонымен қатар, отандық экспортты ілгерілету тұратыны анық. Бұған дейін 2025 жылға дейінгі аралықтағы жоспар бойынша шетелдік инвестиция көлемін жалпы 30 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отырғаны айтылды.
Былтырғы жылдың қорытындысы туралы ресми мәліметтерге сүйенсек, экономикада өсім 5,1 пайыз болған. Соның ішінде құрылыс, сауда, байланыс, өнеркәсіп секілді басты салалар жоғары нәтиже көрсеткен. Ал бастысы инвестиция көлемі 13,7 пайызға өскен. Шетелдік инвестиция көлемі 19,7 миллиард доллар болса, 11 миллиард доллары шикізаттық емес салаларға жұмсалған. Қазақстан экономикасында кейінгі жылдары шетелдік инвестиция көлемі едәуір артып келеді. Бұл туралы экономист сарапшылар да жиі айтып жүр.
Оның үстіне Қазақстан ТМД елдері бойынша шетелден келетін инвестиция көлемі бойынша алдыңғы орындарда. Бұл дегеніміз – экономиканы дамытуда инвестиция тартуға зор көңіл бөлініп жатқанының көрінісі. Кейінгі деректерге сүйенсек, посткеңестік елдер арасында былтырғы инвестиция көлемі жағынан Қазақстанға барлық инвестицияның 61 пайыз үлесі тиеді. Салыстырмалы түрде көршілес Өзбекстанда бұл кезеңде 2,5 миллиард доллар инвестиция тартылған.
Ал Қазақстанға инвестиция салып жатқан алпауыттар ішінде Нидерланд, Қытай, АҚШ, Ресей, Швейцария секілді елдер бар. 2023 жылы Қазақстан 70-ке тарта жоба бойынша келісімшартқа қол қойған. Бұл елімізді әртүрлі бағытта дамытуға, атап айтқанда білім беру, транспорт, газ, электр энергиясы секілді салаларға бағытталған. Жалпы инвестиция Астана, Алматы секілді мегаполистерге көбірек тартылған. Одан бөлек Ақмола облысы да алдыңғы қатардан көрінеді.