Инвесторларға жағдай жасалу керек
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Qazaq Soda» ЖШС өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Сарысу ауданында салынатын кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың құрылысына қатысты мәселелер талқыланды. Жоба түрік инвесторлары – «Yildirim Group» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылуда.
Кездесуге «Qazaq Soda» ЖШС директоры Рамазан Ибраимов, «Yildirim Group» компаниясының өкілі Исмаил Джейлан, «China Export & Credit Insurance Corporation «Sinosure» мердігер компаниясының өкілдері қатысты.
Аталған нысан 2024 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өндірістік қуаты жылына 500 мың тоннаны құрайды десек, алдағы уақытта оны 1 миллион тоннаға дейін арттыру көзделуде. Кәсіпорын еліміздің ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді экспорттауға да қауқарлы болмақ. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында электр желілері тартылған.
Кездесу барысында тараптар теміржол салу, газ және су тарту мәселелерін талқылады.
– Қолданыстағы заңнама аясында қажетті көмектер көрсетіледі. Бюджет қаражаты есебінен инженерлік желілерді тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Су құбырын жүргізу жобасы келер жылы аяқталады. Теміржол тарту үшін қажетті құжаттар дайындалуда, – деді Нұржан Нұржігітов.
Облыс әкімі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аудартты. Аймақ басшысы мамандарды даярлау бойынша компанияның білім басқармасымен ынтымақтастығының маңыздылығын атап өтті.
Қытайлық «Sinosure» компаниясының өкілдері жобаға қолдау білдірген облыс басшылығына
алғыстарын жеткізді.
Жамбыл облысы әкімдігі