«Инвотакси» мүгедектердің көзқуанышына айнала ма?
Қоғамымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар қашанда мемлекет тарапынан көмек пен қамқорлыққа зәру екені белгілі. Олардың бәрі өздерінің кемтарлығына қарамай өмірге құштар болып келеді. Мәліметтерге сүйенсек, бір Алматы шаһарында қырық мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адамдар тұратыны анықталды. Таяуда қала әкімінің шешімімен қаламыздағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігі берілді. Олардың қатарында 1 және 2 топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар,Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар да бар. Қалада мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар жасалып, олардың көліктерін қоятын арнайы орындар белгіленді. Сондай-ақ «инвотакси» қызметі енгізілді.
Дегенмен қаламызда әлі де болса мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалып, олардың тіршілік ортасын ыңғайландыру мәселесінде атқарылатын шаруалар аз емес көрінеді. Осы жөнінде таяуда Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың басшылығымен Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау бойынша үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың хал-ахуалын жақсарту, олардың мәселелерін шешу жолдары жөнінде де елбасымыз өзінің жолдауында баса көрсеткен. «Біз мүмкіндігімізше Алматы қаласында тұратын осындай азаматтар өздерін қоршаған ортада қолайлы және жайлы сезінуіне қажетті жағдайлардың бәрін жасауымыз керек. Ал мүгедектердің мәселесіне немқұрайды қарағандарға қатаң шара қолданып,жазаланады» деді қала әкімінің орынбасары А.Қырықбаев мырза. («Алматы ақшамы», 31 наурыз 2016 ж.)
Дерек көздеріне үңілсек, қаламызға жақын арада Германиядан су жаңа «Фольксваген» маркалы 19 машина әкелінбекші. Олар мүгедектерге арнап «инвотакси» қызметін атқармақ. Машинаның ішінде арбамен мінетін жандар үшін әлемдік стандартқа сай ыңғайлы әрі қауіпсіз басқыштар мен белдіктер сияқты т.б. құрал-жабдықтар бар. Енді қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі жандар түрлі мемлекеттік мекемелерге, аурухана, емхана, кітапхана, оқу орындары, сондай-ақ театрға, қонаққа да бара алмақ. Бұл қызмет түрін пайдалану үшін диспетчерге хабарласып, инвотаксиді шақырып, керекті мекенжайын айтса жеткілікті. Ал таксидің төлемақысын мүгедектер төлемейді, оны қала әкімшілігі өз мойнына алып отыр.
Осы жылы хабарды қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Әли Аманбаев айтты. Ал арбаға таңылғандар үшін үлкен сыйды жасап жатқан «Сәби» қайырымдылық қорының төрайымы Әсел Тасмағамбетова көрінеді. Әлеуметтік желілерде «жоғарыда айтылғандар тек сөз жүзінде қалып қоймаса болғаны. Өйткені қоғамымызда әрқашанда мүгедек жандар үшін жасалатын әлеуметтік көмектер аз, ал олардың жолында кездесетін кедергілер көп. Бұл мемлекеттің кезекті босқа ақша шашуы емес пе екен?» деп сенімсіздік білдіріп, пікір жазып жатқандар жетерлік.
Сондай-ақ Алматы облысы Қарасай ауданында да мүгедектерге арналған «инвотакси» қызметі іске қосылған екен. Бұл қуантарлық жағдай аудандық «Заман жаршысы» газетінде жарияланды. Аталған қызмет түрін көрсетуге арналған ашық конкурста жеңіске жеткен «Мейірім» қоғамдық бірлестігі былтырғы мамыр айынан жұмысын бастап кетті. Негізі бұл такси аудандағы МЭСК (ВТЭК) берген жеке оңалту бағдарламасы бойынша І топтағы мүгедектерге арналған. Бүгінде оның саны – 98. Яғни тасымалына мұқтаж мүмкіндігі шектеулі, тіркеуде тұрған жандар арнайы диспетчерге хабарласып, инвотаксиді шақырып ала алады. Жарымжан жандардың кіріп-шығуына барлық жағдай жасалған. Аудан бойынша қызмет көрсететін 1 инвотакси бүгінде күніне 5-6 адамды аурухана, банк, монша сияқты қажетті жерлерге жылдам жеткізіп жүргендігін жазады бұл басылым. Міне, қазіргі кезде көңілі жарым адамдарға осылай көмек қолын созушылардың қатары көбейе берсе деген тілек бар бізде. Не де болса істің орындалуын күтейік!
Шаргүл Қасымханқызы