Иоганн Вольфганг Гете: «Аллаға сенім рухыңды биік етеді»
Қазақтар Абайды, ағылшындар Шекспирді, орыстар Пушкинді қалай айрықша құрметтесе неміс мәдениеті үшін де Гетенің алатын орнының орасан зор екені айдай ақиқат. Немістің ұлы ақынының шығармашылығын зерделеп оқыған болсаңыз, оның Исламға ерекше бүйрегі бұрғанын байқайсыз.
Әрине, мұсылман екенін ресми мәлімдеп, айдай әлемге жар салмағанымен ұлы ақынның туындыларынан ізгілік пен гумманизмнің нұрлы сәулесі шашыраған Исламның рухани құндылықтарын қатты құрметтегені анық сезіледі. Расында да таяуда Гетенің сүйекті шығармалары, күнделіктері мен хатарын оқып шыққаннан соң, оның өмірлік ұстанымының, дүниені танудағы көзқарасының, жалған тіршіліктің мәні туралы парасат-пайымының, пенде баласы мен Алланың арақатынасы туралы толғамының Ислам тұжырымдарымен сәйкес келетініне көзім жетіп, қайран қалдым.
Айталық, «Ұйқыдағы жетеу» деген өлеңінде Гете Исаны Құдай дәрежесіне көтерудің –Тәңірді мазақ ету екенін сынап, Алланың бірлігін таныту арқылы бүкіл әлемге бас идірген Мұхаммед әкелген шындық салтанат құрсын! дегенге мойынсұнады. Онымен қоймай ұлы ақын 1820 жылы Цельтерге, 1831 жылы Адель Шопенгауэрге жазған хаттарында өздерінің Исламда қалуы тиістігі туралы ойын жасырмай айтып, ағынан ақтарылады. Гетенің 1827 жылдың 11 сәуірінде қалдырған жазбасында әлемде Исламнан артық адамның жанына тыныштық сыйлай алатын діннің жоқ екеніне ерекше тоқталған толғамы бар.
Оны айтасыз-ау «Кітаптардың кітабы – Құран. Мен нағыз мұсылманмын» деп жыр толғаған Гете Германияда Құранға байланысты қызығушылықтың пайда болғанына жүрегі жарылып кете жаздап қуанып, 1814 жылдың 5 қаңтарында Требрге былай деп хат жазады:
«Осыдан біраз жыл ғана бұрын өзіміздің протестант гимназиясында мұсылмандар құлшылық қылып, қасиетті Құранның сүрелері оқылады деп кім ойлаған! Әйтсе де бұл осылай болды және біз башқұрлардың намаз оқығанын көрдік, молдасын тыңдадық, басшысын театрда құтықтадық. Башқұрлар маған үлкен құрмет көрсетіп садақ пен жебе сыйға тартты, мен оны өз ошағымның үстіңгі тұсына іліп қойдым. Ал, өзіміздегі ерекше діндар ханымдар тіпті Құранның аудармасын кітапханадан алдырды».
Немістің ұлы ақыны 1771 мен 1772 жылы қасиетті Құранды құмартып оқиды және парсының ұлы ақыны, сопы Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширазидің (Хафиз) «Диуан» атты ғажайып шығармасымен танысып, тағылым алады. Бұл екі дүние Гетеге ерекше шабыт беріп, соның әсерімен «Батыс-Шығыс Диуаны туралы ескертпелер мен очерктер» атты еңбегін жазады.
Ұлы ақынның осы туындысында Исламның тұжырымдарына таң қалып қана қоймай, тіпті, табынып жазған мынандай ойлары бар: «Егер Ислам Аллаға мойынсұну болса, бәріміз де Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз.
Бір Аллаға деген сенім әр уақытта рухыңды биік етеді, өйткені ол адамның рухани тұтастығының өлшемі болып табылады.
Біз бүкіл адамзат баласына нұр шашқан киелі Құран түскен – Мұхаммед, салла Аллаһу алейһи уә сәллам пайғамбарға мәңгілік қарыздармыз.
Біздер, Еуропа халықтары мәдениетіміздің айрықша дамығанымен, хазірет Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес.
Алланың тоқсан тоғыз сипатын айтып мұсылмандардың таспих тартуының өзі өте ұлық ғибадат. Тәңірге тән сипаттарды бір негізде еске алу оның құдіретінің аса шексіздігін білдіреді, сондықтан мұсылмандар оның еркіне бағынып, тыныштық табады».
1995 жылы Веймер қаласында шейх Абулқадыр әл-Мураби бастаған бір топ зерттеушілер ақынның көптеген шығармаларын зертейді. Осы атқарылған жұмыс пен зерттеу нәтижесінде шейх әль-Мураби немістің ұлы ақынын мұсылман деп танып, бұған бір пәтуа шығару үшін жеткілікті дәлелдер жинастырады.
Дегенмен, Гетенің Исламды қабылдап, мұсылман болғаны немесе болмағаны басы ашық ақиқат емес. Бұл бір Аллаға ғана аян –жұмбақ. Алайда ұлы ақынның Исламға деген махаббатының шексіз болғандығына еш күмән жоқ.
Амангелді Кеңшілікұлы