iPhone енді Үндістанда: Apple Қытайдан бас тарта бастады
Apple компаниясы iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға кезең-кезеңімен көшіруде.
Bloomberg агенттігінің дерегінше, бұл — компанияның өндірісті әртараптандыру стратегиясының бір бөлігі. 2024 жылы Үндістанда өндірілген iPhone көлемі 60%-ға артқан.
Агенттіктің хабарлауынша, қазіргі уақытта Apple құрылғыларының шамамен 20%-ы, яғни 22 миллиард доллардың өнімі Үндістанда жасалады. Бұл көрсеткіштер бөлшек бағамен емес, зауыттық бағамен есептелген.
Foxconn Technology Group, Pegatron Corp, Tata Group және Wistron Corp Apple-дің Үндістандағы негізгі серіктестері болып табылады. Айта кетейік, бүгінде Үндістанда iPhone-ның барлық модельдері құрастырылады. Дегенмен, смартфондар нарығында Apple-дің үлесі әзірге 8% шамасында.
Бұған дейін АҚШ-тың Трамп әкімшілігі Қытайдан келетін тауарларға жоғары кедендік баж (145%-ға дейін) енгізіп, өндірісті АҚШ-қа қайтаруға итермелеген еді. Алайда, биыл 12 сәуірде Вашингтон бұл саясатты жұмсартып, смартфондар, компьютерлер және электронды компоненттерге баж салығын алып тастады. Соған қарамастан, Apple шамамен 200 қытайлық жеткізушіге әлі де тәуелді.