Ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бағдарламасы
Басқарма отырысының қорытындылары бойынша ҚР ҰБ төрағасы Данияр Ақышев: «ҚР Ұлттық Банкінің Басқармасы 2015 жылғы сәуірде қабылданған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтыруларды бекітті. Ол екі блоктан тұрады.
Бірінші блок Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық Банкке халыққа 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздар бойынша мәселені түпкілікті шешуге берген тапсырмасын орындауға бағытталған. Осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде іс жүзінде жеке тұлғалардың баспанамен және өзге жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген барлық валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылады. Сондай-ақ, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап кірістері шетел валютасында емес жеке тұлғаларға шетел валютасында жаңа ипотекалық қарыздар беруге заңнамалық тұрғыдан тыйым енгізілген.
Жаңартылған бағдарламаның негізгі талабы жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейді. Бағдарламаға енгізілген толықтырулар 21 мыңнан аса қарыз алушының қарыздарын өтеуге оңтайлы жағдайлар жасайды.
Екінші блок 2004 – 2009 жылдардағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Бұл бағдарлама шегінде бүгінгі күні 23 мыңнан астам қарыз алушыға көмек көрсетілді. Олар өздерінің жалғыз баспаналарын сақтап, ипотекалық қарыздары бойынша төлемдерін жеңілдете алды. Ақшаны игерудің револьверлік тетігін ескерсек, қайта қаржыландырылған қарыздар саны 2026 жылға дейін шамамен 40 мың болады деп болжанып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді іске асыру мақсатында Үкіметпен бірлесіп банктер үшін және сол сияқты қарыз алушылар үшін салық артықшылықтарын беру бойынша жұмыс жүргізілді.
Ұлттық Банк ипотекалық қарыз алушыларға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушыларға көмек көрсетудің үшінші кезеңіне кірісті. Біз, мемлекеттік қолдауға халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылардың ерекше мұқтаж екенін көріп отырмыз. Олардың көпшілігінің жалғыз табыс көзі іс жүзінде мемлекеттік төлемдер мен жәрдемақылар ғана. Олар кредиттерін төлеу үшін оны банктерге беруге мәжбүр. Қазір Ұлттық Банк маңызды заңнамалық бастама жасады.
Оның мәні: қарыз алушының ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерін орындамауына байланысты бағдарлама шеңберінде банктерге өндіріп алу айналысы нәтижесінде олардың меншігіне өткен тұрғын үйді жалға тапсыру құқығы берілді. Осы түзету қарыз алушыға оған бұрын тиесілі болған тұрғын үйді өз меншігіне қайтарып алу мүмкіндігін береді. Мемлекеттің объективті жағдайлар нәтижесінде қиын жағдайға тап болған ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсету бойынша бұрын соңды болмаған шаралар қабылдайтынын атап өткім келеді. Жинақталған тәжірибе ескеріле отырып, қаржы реттеушісінің күш-жігері, сондай-ақ, ипотекалық кредиттеуді ынталандыруға бағытталады деп ойлаймын.
Мәселен, қазіргі кезде Ұлттық Банк «7 – 20 – 25. Әрбір отбасы үшін тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері» бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде»,— деп атап өтіп, валюталық ипотекалық қарыз алушылардың назарын бағдарлама шеңберінде қарызды қайта қаржыландыру туралы өтініш пен өзінің кредит берген банкіне тез арада жүгіну қажеттілігіне аударуды сұрады.