ИСАТАЙЛЫҚТАРДЫ ҚУАНТҚАН ЖАҢА БАЛАБАҚША
Атырау облысының Исатай ауданының орталығы Аққыстау селосында жаңа балабақша пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекеменің ашылу салтанатына Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев, Каспий Құбыр Консорциумы АҚ Бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин, аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков, БАҚ өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Заманауи балабақша Каспий Құбыр Консорциумының әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы демеушілігімен салынды. Екі қабатты сәнді ғимарат 2004,7 шаршы метр аумақты қамтиды, 160 балаға арналған. Жарық энергиясымен, жылумен, сумен толық жарақтандырылған.
Алдымен сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев: «Елбасы тапсырмасы бойынша мектептер мен балабақшалар салып, жас ұрпақ үшін тәрбие мен білімге қолайлы жағдайлар жасалуда. Облыстағы апатты мектептерді жойып, орнына заманауи құрылыстар тұрғызылуда. Биыл жыл аяғына дейін тағы екі балабақша пайдалануға беріледі. 2017 жылы осындай 6 ғимаратта сәбилердің шат күлкісі естілетін болады. Осындай барлық жағдайы жасалған тәрбие орындарында өскен балаларымыз ел мақтанышы болып, лайықты азамат атансын» деп жиналғандарды маңызды шарамен құттықтады. Ал Каспий Құбыр Консорциумы АҚ Бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин Бұл балабақшаның аудандағы жалғыз ғана демеушілік нысаны емес екенін, жыл сайын аудан көлемінде әлеуметтік қолдауға қомақты қаржы қаралатынын жеткізіп, сәбилердің жаңа тәрбие мекеніне құтты болсынын айтты.
— КҚК өзінің алғашқы күндерінен бастап денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және басқа салаларды дамытуға бағытталған ірі әлеуметтік бағдарламаларды іске асырып келеді. Айта кетсек, «Кеңейту жобасы» аясында еліміздің аумағында жұмсалған қаржы 3,7 млрд теңгеден асады. Ал жалпы өзінің қайырымдылық қызметін іске асырған жылдарда Консорциум қазақстандық аймақтарды дамытуға 3,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді. Тұрғызылған мектептер мен ауруханалар, балабақшалар толық заманауи жабдықталып, тапсырылып келеді. Бүлдіршіндер мен балалар – еліміздің ертеңі, оларға жасалатын жағдай арқылы болашағымызды кемелдендіре түсеміз. Бұл балабақша тәуелсіздігіміздің ширек ғасыр тойына тартуымыз. Ата-аналарды, балабақша ұжымын, аудан халқын мерекемен құттықтап, дамудың зор жетістіктерін тілеймін.
Жаңа балабақша аудан халқы үшін тамаша сый болды. Бұл қоныс арқылы мектепке дейінгі балалардың өзекті проблемасы шешімін таба түсті, кезекте тұрған сәбилер саны азаюда. Ғимарат құрылысы 400 млн. теңгеден аса қаржыға тұрғызылған. Екі қабатты балабақшада заман талабына сай тынығу бөлмелері, санитарлық гигиена блогы, кең ойын залдары, ас бөлме қарастырылған. Музыка мен спорт залдары сабақ өткізуге қолайлы. Тәрбиешілер мен әдіскерлер кабинеті, өзге де бөлмелер жайнап тұр. Бәрі бар. Осындай аймақ үшін аса қажетті мекемелердің іске қосылуы Атырау облысының әкімдігі мен КҚК арасындағы 2011 жылы 15 маусымда қол қойылған Келісім нәтижесінде жүзеге асырылуда. Бұл құжат бойынша сол жылдардан бері облыстағы көптеген мұнай компаниялары арнайы Бағдарлама арқылы әлеуметтік жобаларға қатысады. Солардың бір көрінісі бүгінгі балабақша. Консорциумның әлеуметтік жобаларды іске асыру бағдарламасының басым бағыттары Атырау облысындағы денсаулық сақтау және білім беру обьектілерінің құрылысын салу, жөндеу, жарақтандыру. Мұнан басқа Бағдарламада халықтың әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарына, атап айтқанда Ұлы отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге және жетім балаларға қолдау көзделген. Бұл азаматтарға өтеусіз нақтыланған көмек көрсетіледі .
Каспий Құбыр Консорциумы АҚ соңғы бес жыл ішінде Атырау қалалық жедел жәрдем станциясына 4 толық жарақтандырылған жедел медициналық жәрдем автомашин сыйлады. Қалалық мүгедектер қоғамына, мүгедек балалардың аналары қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Оларға ең қажет тауарлар сатып алуға арналған 210 дана атаулы сертификат тапсырды. 2012-2013 жылдар аралығында аймақта сегіз мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. Жөндеуден соң ол мектептерге жиһаз, спорттық жабдықтар, ақпарттық технология құралдары сатып әперілді. Перзентхана үйі жөндеден өткізіліп, жабдықталды. Үш балабақша (Атырау қаласы Жылыой ауданы , Исатай ауданы) пайдалануға берілді.
Жаңа балабақша меңгерушісі А. Молдағалинаға кілт символы тапсырылды. Ата аналар сөз алды. Алқызыл лента қиылып, шашу шашылды. Облыс әкімдігінен көрімдікке музыкалық орталық сыйға тартылды. Жиналғандар «Нұршуақ» балабақшасын аралап көріп, онда тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайына ризалықтарын білдірді. Солардың бірі зейнеткер Қойсын Тілемісқызы мұндай заманауи салынған, жабдықталған балалар мекемесінің ауданда бұрын болмағанын, мұнда білімді тәрбиешілер мен әдіскерлер бар екенін, балалардың жақсы тәрбие мен таным, білім алуына озық жағдай жасалып жатқанына қуанышты екенін толқи жеткізді.
Иә, барлық жақсылық балаларға жасалса, олар да ертең елім деп өсері анық. «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасының ашылу қуанышы – сенімді болашағымызға деген бәріміздің ортақ қуанышымыз.
Светлана Муньянова,
Суреттерді түсірген автор.