Ішек инфекциясы 9 пайызға төмендеген
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева «Тамақтан улану және жедел ішек инфекциясы» тақырыбы төңірегінде жарты жылда атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.
– Тамақтан улану дегеніміз, бұл – табиғаты микробты және микробсыз болатын ластанған тағам өнімдерін қолдану салдарынан пайда болатын, адамнан адамға жұқпайтын ауру. Жедел ішек инфекциясы, ол ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекция топтарына жатады. Жазда әдетте күннің ысуына байланысты патогенді микробтар көбейеді. Осы кезде олардың алдын алу өте маңызды. Жаз айында көп азық-түліктер: жеміс-жидек пен көкөністер термиялық өңдеусіз пайдаланылады. Бей-берекет сауда орындарының, тез бұзылатын тамақ өнімдерін сататын орындардың көбеюіне де байланысты орын алып жатады. Ішек инфекциясының белгілері бар біраз аурулар шомылу кезінде де пайда болуы мүмкін. Мұндай аурулардың қоздырғыш көздері бірнеше факторлардан тұрады. Ол – су, тағам өнімдері, топырақ, тұрмыстық заттар, жәндіктер және тағы басқалар. Біздің мамандардың осы жедел ішек инфекциясын зерделегенде анықтағаны, олардың 78 пайыздан астамы жеке бас гигиенасын сақтамау және үйде дайындалған астан орын алғаны белгілі болды. Өткен алты айда облыста жедел ішек инфекциясының 919 жағдайы тіркелді. Ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9 пайызға төмендегені байқалып отыр. Бірақ бактериялық дизентерия 3 жағдайға, нақтыланбаған дизентерия 4 жағдайға өскен. Тараз қаласындағы ауру көрсеткіші облыс көрсеткішінен 2,5 есеге көбейген.
Өткен жылмен салыстырғанда жедел ішек инфекциясының көбеюі Меркі ауданында 4,9 есеге, Жамбылда – 2 есеге, Қордай мен Талас аудандарында 3 жағдайға өскен. Аталған аурулармен көбіне 14 жасқа дейінгі балалар ауырады. Облыста осындай 352 жағдай тіркеліп, ол 84 пайызды құрап отыр. Бактериялық дизентерияның 9 жағдайы тіркелді. Тараз қаласында – 7, Талас, Шу аудандарында бір-бірден орын алған. Салмонеллез ауруының 24 жағдайы тіркеліп, ол 7-ге көбейген. Аурудың негізгі себебі, жеке гигиенаны сақтамау 47 пайыз, үйде дайындалған тағамнан – 22, көкөністер мен жемістерден улану – 19, сүт және сүт өнімдерінен – 6, ет және еттен дайындалған тағамдардың нәтижесінде орын алғаны 3 пайыз болды.
Облыста қоғамдық тамақтану, сауда-саттық және балалар мен жасөспірімдер ұйымы топтарында, емдеу мекемелерінде жедел ішек инфекциясы мен тамақтан уланудың топтық өршу жағдайлары тіркелген жоқ. Алайда өткен жартыжылдықта ботулизм диагнозымен өтетін тамақтан уланудың 2 жағдайы тіркелді. Бұл Тараз қаласы мен Қордай ауданында үй жағдайында болған. Аталған аурулардың алдын алу шараларына тоқталсақ, ол негізінде үш ережеге негізделген. Біріншіден, патогендік бактерияны жұқтырмау, оған жеке бас гигиенасын сақтау арқылы қол жеткізіледі. Екіншісі – патогендік бактерияның көбеюіне жол бермеу, ол үшін температуралық режімді сақтау керек. Үшінші ереже, ол – бактерияны немесе олардың токсиндерін жою. Біз облыс тұрғындарын тағамнан улану жағдайының алдын алудың қарапайым қағидаларын сақтауға шақырамыз. Ол үшін белгісіз адамдардан және белгісіз сауда орындарынан тамақ өнімдерін сатып алмаңыз. Бүлінген белгілері бар, герметикалық қорапшалары бұзылған, мерзімінің таңбалары жоқ тағам өнімдерін сатып алмауға тырысқан жөн. Ішуге тек қайнатылған су мен бөтелкедегі суды пайдаланыңыздар. Тамақтан улану мен жедел ішек ауруларының белгілері байқалған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет, – деді Салтанат Қордабайқызы.