ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ МАҚСАТЫНДА 100 МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА КЕЛЕДІ
Маңғыстау өңірінде Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасынан құрылған насихат тобы ақпараттық тур ұйымдастырған болатын. Іс-шара аясында Ақтау қаласындағы ірі мұнай компаниясы «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басшылығымен кездесу өткізіп, өзара ынтымақтастық меморандумы түзілген. Кездесуге «Сарыағаш» ЕОК» шипажайының өкілі де қатысқан.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының өкілі Ботагөз Мауленова Жаңаөзен қаласына арнайы барып, компания қызметкерлеріне Түркістан өңірінің туристік әлеуетін таныстырды.
– Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының облыстың туризмін ілгерілету тапсырмасына сәйкес, таяуда Қазақстан бойынша роуд-шоулар өткізіліп, алғашқы ақпараттық турымыз Маңғыстау облысынан басталған еді. Бүгін қойнауы құтты мекенде Сіздермен жүздесіп отырмыз. Басты мақсат – киелі Түркістан өңіріне туристерді тартып, ішкі туризмнің дамуына үлес қосу. Қазіргі таңда Ақтау-Түркістан бағытында тікелей әуе рейстері тұрақты ұсынылуда. Сіздер үшін арнайы туристік маршруттар да әзірленді. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, оңтүстіктің көрікті орындарын аралауға және демалуға шақырамыз, – деді басқарма өкілі.
Кездесу нәтижесінде маңғыстаулық компанияның 100 қызметкері әуелі Түркістанның тарихи-танымдық туризмі бойынша зиярат жасайтын болды. Одан соң емдік-сауықтыру туризмі негізінде Сарыағаштың шипажайында демалады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі