Ислам ӘБІШЕВ: «ТАСҚЫН СУҒА ТОСҚАУЫЛ ҚОЯТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ»

Біздің халқымыз суды «тіршіліктің көзі» деп бағаласа, екінші жағынан «тілсіз жау» деп одан қорғануғашақырған. «Адамзатты сөз бұзар, тау мен тасты сел бұзар» демекші, бүгінде ғаламдық жылынудың әсері Қазақстанға да білініп, дархан даламыздың көптеген өңірлерін көктем мезгілінде су басып қалып жатқанын жақсы білеміз. Әсіресе, қыстың қырауы қайтып, малдың аузы көкке тигенде қуанатын шаруа ағайын көктем келісімен уайымнан ұйқы көрмейтіні белгілі. Ең өкініштісі, су тасқынының бір Ақмола облысының өзінде жыл сайын қайталанып отыр. Осыны ерекше ескерген Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Үкіметке арнайы тапсырма берген-тін.

Өткен аптада тасқын суға қарсы жобаны жергілікті билік өкілдері және мамандарымен ақылдасып, түсіндіру мақсатында әрі су реттеуіштердің орнын белгілеу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев Ақмола облысы, Есіл ауданына ат басын бұрған болатын. Онымен бірге Есіл және Жарқайың аудандарының әкімдері де өңірдің географиялық картасын ашып қойып, ашық аспан астында барлау жұмыстарымен айналысты. Күрделі мәселенің күрмеуін шешу үшін комитет басшысы мен еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мамандар ұзақ ақылдасып, бүге-шігесіне дейін талқылады. Кейін Ислам Әбішевпен сұхбаттасудың сәті түсіп, бір-екі сұрағымызды қойып үлгердік.

-Ислам Әлмаханұлы, алдымен жоба туралы қысқаша түсінідіріп кетсеңіз…

-Бұл жоба күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі әрі бірегейі болған, әсіресе, көктем келісімен бәрімізді де сары уайымға салатын су тасқынының алдын алу мақсатында қолға алынып отыр. Мәселен, биыл Ақмола облысының бірқатар аудан, елдімекендерінің және Петропавл облысының кей аймағының тұрғындары қиыншылыққа тап болды. Оның үстіне бұл жағдайдың жыл сайын қайталанып отыратыны айтпасақ та белгілі. Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тапсырма беріп, су реттеуіш құралдары арқылы жүзеге асатын жобамызды бастағалы отырмыз. Жоспар бойынша 1 млрд. текше метр суды ұстап қалу және оны жәй ғана сақтап отырмай, өндіріске, ауыл шаруашылығына пайдалану да ойда бар дүние.

-Жылда қайталанатын жағдай деп өзіңіз де айтып қалдыңыз. Бұл жобаны бұрынырақта іске асыруға болмас па еді? Әлде, тек биыл ғана қолға алынып отыр ма?

Әрине, биыл ғана ойға алып, ескеріп отырмыз деп айтуға әсте болмайды. Аталған жоба алғаш 1975 жылы қолға алынған. Бірақ, бәрімізге белгілі, өткен ғасырдың 80-жылдары Кеңес Одағының экономикалық хал-ахуалының төмендей бастаған кезі болатын. Одан әрі КСРО ыдырап, егемендігімізге қол жеткіздік. Дәл сол ес жиып, етек-жеңімізді жинай бастаған уақытта бізге халықтың әлеуетін көтеру басты мақсатқа айналып, мына жоба кейінге қала берді. Оның үстіне бүгінгідей технология да, мамандар да бұдан 20-25 жыл бұрын болмағандықтан, су реттеуішті орната салу да оңай шаруа емес. Мәселен, осы Ақмола облысының Есіл ауданы арқылы өтетін 16 км. темір жол, 70 километрге дейін созылып жатқан электр желісі, бірнеше шақырым автокөлік жолы мен көпірді бұзып ауыстыру мемлекетімізді қаншама шығынға ұшырататынын бағамдай беріңіз. Ал, қазір еліміздің су саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар мамандары, геодезистер мұның оңтайлы шешімін тапты. Сәті енді түсіп отыр деп ауыз толтырып айта аламыз.

-Сонда ешқандай нысан бұзылмайды, орындары да ауыспайды ғой?

Дәл солай. Енді тек мамандар геологиялық-топографиялық барлау жұмыстарын жүргізгеннен кейін баршасы белгілі болмақ. Яғни, су жинайтын дамбының биіктігі, ұзындығы енді анықталады. Осы жобамен айналысып жатқан мамандарға бір ай уақыт бердік. Отыз күн ішінде барлау жұмыстары аяқталса, ары қарай жоспарлы түрде іске кірісетін боламыз.

-Әйтсе де, мамандармен кездесуіңізден бір түйгеніміз түрлі кедергілер де жоқ емес секілді?

-Ол рас. Кедергілер болмаса мұншама күрделі мәселеге айналар ма еді? Алайда, жыл сайын су тасыса қиналатын халықты көріп қол қусырып отыру да оңай емес. Сондықтан, су тасқынына тосқауыл қоятын уақыт жетті. Жоғарыда айтып өткенімдей, жан-жақты барлап-бақылау үшін мамандарға бір ай уақыт беріп отырмыз. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, ақылдасып, бірлесіп жұмыс атқарсақ жобамыз сәтті басталып, аяқталғасын жемісін елмен бірге көреміз деп ойлаймын.

-Қысқа нұсқа болса да, емен-жарқын әңгімеңізге көп рахмет! Еңбегіңізге береке тілеймін!

Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ