Ислам дінінің қазақ салт-дәстүрлеріне тигізген әсері

Біз Исламның салт-дәстүрді сақтап қалудағы

 күші мен құндылықтарын ескермей жүрміз.

Ержан қажы Малғажыұлы

 

«Қазақ халқының діннен кейінгі күшті құралы — салты мен дәстүрі» — дейді Әлихан Бөкейхан. Рас, арысы Түркеш қағанаты мен берісі Қарахан мемлекеті дәуірінен бастап біздің тұрмыс-тіршілігіміз, дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрыптарымыз, сөйлеу ерекшелігіміз — барлығы дерлік шариғат шеңберінде қалыптаса бастады. Есім мен Қасым, Тәуке хандарымыз жасаған «Жарғы» («Жеті жарғы») деп аталатын заңдар жинағы да Құран мен хадиске сүйенді. Енді осылардың әрқайсысына жекелей тоқталайық.

Қазақ — қазақ болғалы қаншама қиын күндері басынан өткізді.  Етігімен су кешіп, езуіне қан қатып, сан мәрте ызғарлы дауылдың өтінде қалды. Еңірегенде етегі жасқа толып, шұбырып шөлден өтті, шырқырап оттан да өтті. Тұмсығымен жер сүзіп сан мәрте екпеттей құласа да, соның бәрінде Алланың жәрдемімен кеудесін қайтадан тіктеді. Содан да болар ата-бабамыз: «Құдай сөзі қасиет» деп құлшылығынан жаңылмай, Алла разылығын алдымен ойлап, жылағанды жұбатты; күйзелгенді демеуге келгенде санадағы ақылын, сандығындағы дәмді, дақылын аямады. Біз қорғансызға қол үшін беріп, панасызға қамқор болуда бес саусақтай бірігіп, жұдырықтай жұмылып, ізгілік жасауда алдына жан салмай кететін елміз. Міне, бұл — нағыз мұсылманның сипаты.

Алла тағала қасиетті Құран Кәрімде: “Алланың саған берген дәулетімен ақырет жұртын ізде де дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла, саған жақсылық еткендей сен де жақсылық істе, сондай-ақ жер жүзінде бүліншілік ізденбе!» («Қасас» сүресі, 77 — аят). «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер…», —деп бұйырды («Әли Имран» сүресі,  103-аят). Ал, адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кім адамдарға жақсылық жасаса, Алла соған мейі­рімін төгеді. Жер басып жүрген жан­дарға мейіріммен қараңдар, Алла да сендерге ра­қым­шылық жасайды» деген еді. Осындай аят, хадистерден сусындап, соған сай амал ете білген халқымыз:  «асар,» «үме» деп жалғыздың қолынан келе бермейтін шаруаларды (үй салу, шөп шабу)көппен бітіріп, қиындыққа ұшыраған жақынына «жылу» деп жылылық көрсетіп, қандай ауыртпалықты да «жұртшылық» болып көтеріп кетіп жатады. Бұлардың ішінде бай, ауқатты  адамдардың алыс-жақындағы жоқ-жітік, кедей-кепшіктерге қамқорлық қылып, жыл сайын мал, ақша, бұйым, тамақ үлестіретін «шүлен тарту» дәстүрі тағы бар.

Мұқтаждың мұңын сейілтіп, садаққа беруге келгенде еш аянбайтын, ораза айында тіпті, ерекше жомарт болып кететін ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үлгісі бұл.

Өкінішке орай бүгінгі таңда байырғы құндылығын жоғалтып бара жатқан көршімен сыйласу, аманатқа адалдық, уәдеге беріктік сияқты дүниелердің бәрін кешегі көшпенділер  Алланың бұйрығы деп өздерінің өмір сүру қағидасының негізгі ұстынына айналдырды.   Алла Елшісінің (с.ғ.с) «Сенімді болмаған адамда иман жоқ. Уәдесінде тұрмаған адамда дін жоқ» дегенөсиетін «аманатқа қиянат жүрмейді» немесе «уәде ердің – опасы» деп мақалдап, табан астында тайқып шығатын екіжүзділіктен барынша алыс бола білді. «XIX-XX ғасырға дейін қазақ даласына келген шетелдік этнографтар: «Бұл далада өте ірі, тағдырлы істер тек қана уәдемен шешіле береді деп таң қалған,» — дейді Ақселеу Сейдімбек.

Ал, «Аллаға және ақырет күніне иман еткен адам көршісіне жақсылық жасасын…» деген хадисті қазақ «көрші ақысы — Тәңір ақысы» деп бір ауылдың ортасына жаңа бір үй көшіп келе қалса бөтенсіретпей, жатырқамай араласып, сыйласып кетулері үшін жаңа көршілерін сол ауыл адамдары кезек-кезек «ерулікке» шақырып, бір-бірінен бөлініп басқа жаққа қоныс аударарда «ұрыспай айырылған, ұялмай қосылар» деп «айырыспақ» берісіп ақ көңіл, адал ниетпен шұрқырасып жататын игі дәстүрдің де түп-төркіні Аллаға құл, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) шынайы үмбет болудан шығады.

Қазақ салт-дәстүрлерінің қай-қайсының да түбін қуалап ізіне түссең, тірелетін жерің – Ислам. Исламның бұйырғанын орындап, тыйғанынан тыйыла жүріп әр түрлі мәселелерге байланысты аят, хадис, сүннет амалдарың үлгісінде қалыптасқан ғибратты дәстүрлер де бар. Соның бірі басын жарып, көзін шығармай-ақ бұзығын бағындырып, тентегін тезге салатын, ертеде қолданған «Шошай»тәртібі. Шошай — қасиетті Құранның бағынбаған әйелді төсегінде жалғыз тастап қою туралы аятынан,  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) себепсіз жихатқа бармаған үш адаммен ешкімді сөйлестірмей, араластырмай Алланың кешірімі келгенше, оларды елеусіз қалдырған жазалау әдісінен алынған дәстүр. Ертеде отанын, дінін сатқандардың, Аллаға, Пайғамбарға (с.ғ.с) тіл тигізгендердің, басқа да ауыр қылмыс жасағандардың үйін ауылдан алысырақ апарып тігеді. Ол үйді «шошай үй» деп атап, ол үйдің адамы түгіл малымен де ешкім араласпай, оларға құрмет жасалмай, той-думанға шақырылмай  рухани жағынан қатты жазалайды екен.

Кез келген мемлекет өзінің ішкі тәртібін, тұтастығын мығым ұстау үшін жазаның рухани тұрғыдағы тәсілін ғана қолданып қоймасы анық. Соның ішінде:

«Бір жаманы сонда да үй салмаған,

Бір жақсысы абақты тұрғызбаған», -деп Қадір Мырза Әли айтқандай үй салмай-ақ Алтай мен Атыраудың арасында көшіп-қонған, абақты тұрғызбай-ақ әр қылмысқа лайықты жаза қолдана білген қазақтай халықтың  заң жүйесі қандай болды? Ол заң неге сүйенді? Енді осыған тоқталайық.

 

Көшпенділер заңы

Этнограф-жазушы Сейiт Кенжеахметұлы «Қазақ заңдарының түп төркіні қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнен және Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадистерінен бастау алады» — дейді. Бұл жерде, Сейіт ағамыздың сөз қылып тұрған заңдары «Жеті жарғы». Өйткені бастапқы сөзінің жалғасында, Қасым мен Есім хандар қолданған 5 тараудан тұратын «Жарғыны» тағы 2 тараумен толықтырған Әз Тәукенің «Жеті жарғы» заңдар жинағының ұзын ырғасын баяндайды. Бұл деректі Сейіт Кенжеахметұлы өзінің «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабының 84-бетінде «Дала заңдары» деген атаумен келтірген.

Жеті жарғы – XVII ғасырдың соңына қарай  Тәуке хан, Әнет баба, Қожаберген жырау, Төле, Қазыбек, Әйтеке т.б билердің қатысуымен қабылданып, бүгінгі күнге дейін жетіп отырған құнды мұра. Бұл заңдар жинағында шариғат талаптарына сай келетін және мағыналас үкімдердің көптеп кездесуі – ата-бабаларымыздың жарғыны жазу барысында Құран мен хадиске қаншалықты сүйенгендерінің, Ислам дінін қаншалықты түсіне білгендерінің айғағы. М:

Құран Кәрім: «Егер үкім шығарсаң, әділдікпен үкім ет»(«Мәидә» сүресі, 42-аят).

Жеті жарғы: Би – терең білімділігімен қатар, өзіне тартпайтын адам.  Ол – турашыл «қара қылды қақ жарған», «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ». (Бірінші таған. 2.Би, 9.)1

 

Хадис: «Тыңдаңдар, бойұсыныңдар, тіпті, егер сендердің үстеріңнен басы мейіздей болған хабәшилік құл билік жасаса да» (әл-Бұхари).

Жеті жарғы: Ханға қарсылық жасаған рулар ”тоғыз” айып төлейді /ханға қарсылық — Құдайға қарсылық/. (Бірінші таған. 3.Хандық билік, 8.)2

 

Хадис: «Жасы кіші — жасы үлкенге сәлем берсін» (әл-Бұхари).

Жеті жарғы:  «Жарғы» қазақ ішінде жасы кішінің жасы үлкенге бірінші сəлем беруін (ассалаумағалейкум) талап етеді. ( Екінші таған. 3.Қоғамдық өмір,31)

 

Құран Кәрім: «Раббың өзiне ғана ғибадат етулерiң мен әке–шешеге жақсылық қылуларыңды әмiр еттi. Ол екеуiнiң бiрi немесе екеуi де жандарыңда кәрiлiкке жетсе, бiр себептермен оларға «үф” деме!» («Исра» сүресi, 23-24-аяттар).

Жеті жарғы: Егер өзінің əкесін немесе шешесін балалары балағаттаса, онда сиырға теріс қаратып отырғызып, мойнына ескі құрым іліп, ауыл аралатады, немесе қамшымен дүрелейді. Ал қызды байлап, шешесінің жазалауына береді.(Екінші таған. 1.Отбасы және неке – ата-ана мен бала, 11.)3                                                                                                                                                                

Сондай-ақ,  екінші тағанда «Зекет туралы» және 30 тармақтан тұратын «Дін және шариғат жолы» деген арнайы бөлім бар.Бұдан зекеттің парыздылығы және қандай жағдайда қанша мөлшерде беру керектігі, кімге беру керектігі шариғат үкіміне сай толық баяндалып, ары қарай «шариғат жолы — əуелі Құран Кəрімге, одан кейін хадистер мен сүннеттерге негізделеді» деп жалғасып, әрі қарай: қарыз, талақ, мұрагер, өсиет, уәде, зина, өз-өзіне қол жұмсау, т.б. бірсыпыра мәселелер жазылған.

Тағы бір ерекшелігі — заңдар жинағы бола тұра «Жеті жарғының» жазылу тәсілінде көркемдік қолданыстар, яғни сол кездегі қоғамның сөйлеу мәнерінің көрініс табуы;  мәтіннің өн-бойында мақал-мәтел, би-шешендердің даналық сөздерінің молдығы. Тіпті, бірінші таған 2.би, 6-шы тармағында  «Би-шешен, тілді, тоқсан ауыз сөздің тобықтай мəнін табатын, айтқан сөзінің салмағы қорғасындай болуы шарт» деп үкім етеді. Міне бұл —  қабырғалы қазақ ұлтымыздың ұлағатты сөзге тоқтай білетінінің белгісі.

 

Ұлағатты сөздер (Ғибрат сөздер)

Ауыз әдебиеті қатты дамыған шешен тілді, көсем ойлы көшпелі қазақтың даналығын айғақтайтын сөз мәдениеті ұлттық тіл жүйесінің бірі — ұлағатты сөздері. Соның ішінде «Сөздің көркі — мақал» деп қазақтың өзі айтқанындай, мақал-мәтелдің алатын орны ерекше. Бұл тұрғыда қай мақалдың Құран Кәрімнің қай аятынан немесе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) қай хадистерінен алынғаны жөнінде Мәшһүр Жүсіп атамыз «Қазақ мақалдары туралы» деген тақырыппен өзіндік талдау жасаған.4 Сондай-ақ кейбір мақалдардың пайғамбарлардың аузынан шыққан сөз екенін де атап көрсетіп, оның шығу тарихын да баяндап береді. М: «Шығыс шықпай кіріс кірмейді» — деген мақал бір қап ұнынан айрылып зар еңіреген кедей әйелдің көп ұзамай үлкен байлыққа кенелгеніне байланысты Сүлеймен (а.с) пайғамбардың айтқаны дейді.5 Мақал-мәтелдердің, нақыл сөздердің шығу тарихын Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен шыққан «Дін мен дәстүр» кітабында «Діни сенімге дәлел сөздер» деген атаумен «…діни мәтіндерді, нақыл сөздерді мән-мағынасы жағынан олармен бірдей немесе ұқсас ел арасында кең тараған мақал-мәтелдермен, сөз оралымдарымен салыстыра ұсынып отырмыз6» деп бастап 158 -беттен 187-бетке дейін нақты дәйектермен өте жақсы көрсетеді.

Тек қана мақал-мәтел емес, «Әуелі аят, хадис – сөзің басы» деп Абай данамыз айтқандай ақын-жырауларымызбен би-шешендеріміз де айтар ойын аят, хадистермен көркемдеп, Ислам қағидалары мен мұсылмандық шарттарын үздіксіз уағыздап отырды. М: XIV-XV ғғ өмір сүрген  Асан қайғы, Қазтуған жыраулардан, одан ары қарасақ XII-XIII ғғ «cөз атасы Майқы би» деп қазақ дәріптейтін Майқы биден, одан ары XII ғ Ахмет Иассауи, одан ары X-XI ғғ Жүсіп Баласағұндардан бастап, бүгінге дейін сөз ұстаған рухани күллі   көсемдеріміздің ішінде Алланың барлығын, бірлігін айтпай қалғандары жоқтың қасы.  «Ей адамдар! Раббыңыз бір, аталарыңыз бір. Бәріңізде адам пайғамбардан тарағансыздар…» -деген хадисті Ыбрай атамыз:

Бәріміз бір адамнаң баласымыз,

Жігіттер бір-біріңе қарасыңыз – деп бұқара халыққа өлеңмен жеткізеді.7

              Мазлұмға жаның ашып ішің күйсін,

Харекет қыл пайдасы көпке тисін.

Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған,

Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін8. Осы өлең жолдарымен Абай атамыз «Алланың (жәрдемі) жамағатпен (яғни көпшілікпен) бірге» — деген хадисті баяндаған. «…Әрбір қазақ оқуға оңай болып, әрі оларға пайда, әрі өзіме сауап болар ма екен деп…үміт еттім,» — деп, Шәкәрім атамыз ана тілімізде «Мұслмандық шартын» жазған. Аталғандардың бәрін екшелей келіп, ең бір қызыға тоқталатынымыз айтыс өнері. Айтыс десе қаны қызбайтын қазақ жоқ. Қай бір жерде ақындардың айтысы болып жатыр дегенді естісек, алдымыздағы асымызды қоя салып жүгіретін елміз. Осыны шебер пайдаланған көкірегі ояу ақындармыз айтыс арқылы да елді имандылыққа шақырып, дінді уағыздаған. М: Шөже мен Кемпірбайдың айтысында бес намаз, отыз күн ораза мен шайтан амалдары сөз болады. Сондай-ақ, «Ағраф» сүресінің 143-аятында баяндалатын Мұсаның (а.с) Алланы көргісі келетіні, сол сәтте Алланың нұры тауға түсіп, таудың быт-шыт болып шашылып кетені жөніндегі Құран Кәрім қиссасы да осы айтыста тілге тиек етіледі. Бұл тұста жұмбақ айтыстың атқаратын қызметі тіптен ерекше. Бірінші ақын жұмбақ жасырып,  екінші ақын оны шешу арқылы тыңдармандарын желпіндіріп Алланың бұйрығын, мұсылманның парызын айтады. Мысалы Әсет пен Ырысжаның айтысында Ырысжан:

Бір сарай нұрланады жалғыз «меммен»9,

«Ра» мен «нон», «хи» менен «зи» оған ерген.

Бұл бес харіп бес сөздің әуелінде,

Білдің бе мағынасын қайдан келген? – деп жұмбақ жасырады. Сонда Әсет бұл жұмбақтың жауабын:

Бір сарай нұрланатын Мекке дүр – «мем»,

Қажы – парыз бай кісіге Хақтан келген.

«Нон» — намаз, «ра» — руза, «зи» — зекет дүр,

Парыздың енді бірі иман білген.

«Хи» қажы, исламның бесіншісі,

Кәнзарах мағынасында көзім көрген – деп береді. Жалпы жұмбақ айтыс, хат айтыстардың көбісі осындай сарында өрілген. Кейбір айтыстарды екі жақтың атынан да жеткізуші ақынның өзі шығарып ұсынады. Негізгі мақсат – халыққа қызмет.

Қазақ – сөз сыйлаған ел. Осындай елдің ішінде кіршіксіз Исламнан нәр алған имани өлең-жырдың, мақал-мәтелдің, тұнып тұруы — сол елдің «Құдайсыз қурай сынбайды» деп аузынан Алласын тастамайтын дініне берік мұсылман ел екенін анық айғақтаса керек.

Қорыта келгенде, Ислам діні — ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың қайнар көзі. Дәстүрді жоққа шығару – қазақтың мұсылмандығын жоққа шығару. Ендеше дінімізбен сабақтасқан дәстүрлерімізді мығым ұстай алсақ бағытымыз оңалып, бірлігіміз бүтінделер. Бірлігіміз бүтін болса, еліміз еңселеніп, келешегіміз кемелдене бермек. Ләйім солай болғай!

 

Пайдаланған әдебиеттерге сілтеме:

  1. Ж. О. Артықбаев «Жеті жарғы». Алматы, 2006
  2. Ж. О. Артықбаев «Жеті жарғы». Алматы, 2006
  3. Ж. О. Артықбаев «Жеті жарғы». Алматы, 2006
  4. Мәшһүр Жүсіп шығармалар. 9 том. «ЭКО» Павлодар, 2013.
  5. Мәшһүр Жүсіп шығармалар. 5 том. «ЭКО» Павлодар, 2013.
  6. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен. Дін мен дәстүр. 1 кітап. 157 бет. Алматы, 2013.
  7. Шәмшат Әділбаева. Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз. 214 б. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры», 2011.
  8. Абай Құнанбайұлы. Қалың елім, қазағым… . 186 б. Атамұра, 2002.
  9. Әсет Найманбаев шығармалары. 127 б. Жазушы, 1988.

 

 

Қуанышбек Қазыбекұлы

«Әбу Бәкір Сыддық» медресе-коледжінің

3 курс студенті