Ислам елдеріндегі жағдай қалай болып жатыр?
Қытайда вирус шыққанда, “бұл мұсылмандарға жасаған жамандығы үшін” деп осындағы біраз жан айдалаға қуып кетіп еді. Қазір енді бұл бәлекет дін мен діліңе қарамастан, күллі әлемге тарап үлгерді. Сонымен Ислам елдеріндегі жағдай қалай болып жатыр?
Сонымен Иранда 38309, Түркияда 9217, Кувейтте 255, Бахрейнде 499, Оманда 167, Иорданияда 259, Ауғанстанда 120, Пәкістанда 1625, Сирияда 5, Ливанда 438, Палестинада 109, Катарда 634, БАӘ 570, Мароккода 479, Сауд Арабиясында 1299, Иракта 547, Тунисте 312, Алжирде 511, Ливида 8, Мысырда 609 адам жұқтырып үлгерген. Көз жұмғандар да жетерлік. Қарап тұрсаң барлық мұсылман елдерінде бұл вирус бар. Таяу Шығыстан бөлек Орталық Азия мен Африканың орта шегіндегі, оңтүстік шығыс Азиядағы мұсылман елдерінде де бұл эпидемия өршіп тұр.
Бірақ осы фактіні көре тұра, біздегі кей жандар әлі ортағасырлық догматикамен ауырып жүр. Олардың арысында “вирустан қырылып жатқандықтан Италия мен Испания ислам дініне жаппай өтіп жатыр” деген фейк видеоларға масаттанып жүргендері де бар. Бұған дейін де бұдан да қуатты вирустар болған, әлі де болады. Соның бірі де дінге қатысы жоқ. Сондықтан қуа бермей, бұл жағдайға дұрыс қарау лазым. “Сені маска емес, иманың ғана қорғайды” деген сынды идиотизмдік видеоларды көруден аулақ болып, қорғанышты барынша арттырыңыз.
Дұға мен сүрені де оқи беріңіз. “Дінге сенбе” деген ешкім жоқ қой. Сеніңіз, мен де сенемін. Бірақ маска ки, қолыңды жу, үйден шықпауға тырыс, намазды мешітке барып емес, үйден оқыңыз. Есіңізде болсын, бұл жағдайда маска кимеген діндарға қарағанда, маска киген діндардың тірі қалу мүмкіндігі екі есе көп.
Асхат Қасенғалидың әлеуметтік желідегі жазбасы
Zanmedia.kz