Ісмер

Тараздың қыз-қыз қайнаған базарында толып тұрған тақияны ер адамның қолынан шықты деп сірә, кім ойлайды? Әдетте, тігінші десе, әйел адам көз алдымызға елестейтіні тағы бар. Сондықтан, тақия тігетін ісмер Мейіржан Асабаев жайлы естігенде «өзі тіге қоймас, сол істің ұйымдастырушысы, бәлкім, басшысы болар» деген де ой келді. Бірақ, Мейіржан Абдурахманұлының тек ерлер тақиясын ғана емес, әйелдер мен қыз-келіншектердің де тақиялары мен бөріктерін, тіпті, сәукелелерін де сәнін келтіріп өзі тігетінін естігенде, қайран қалдық.

– Менің аталарым шебер болған, қазақтың ұлттық өнерін дамытқан. Атам ер- тоқым, жүген, ауыздық сынды ат әбзелдерін жасаған. Ісмерлік маған солардан дарыды. Негізгі мамандығым – инженер-технолог. «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 25 жылдай қарапайым жұмысшыдан бастап, басшылық қызметке дейінгі лауазымда еңбек еттім. Сол аралықта Кеңес Одағы тарап, тоқырау жылдары басталды. Сосын қанымда бар нәрсе болған соң, осы іске тәуекел етіп, бастап көргім келді. Алғашында «мұны қайтесің, Қытайдың арзан тауарлары тұрғанда, сенің тіккен тақияңды кім алсын? Оданда саудамен айналыс» деп ақыл айтқандар көп болды. Оларға мен «Қытай – қазақ емес, біздің ұлттық ділімізді, дінімізді білмейді» деп жауап бердім. Шүкір дейін, егемендік алып, етек-жеңімізді жиып, ұлттық құндылықтарымызға қайта орала бастадық. Онымен қоса, ұлттық киімдерге деген құрметіміз артып, көп сұранысқа ие бола бастады», дейді ісмер. Оның бұл сөзіне бүгінде тігіншіге тапсырыс беретіндер тек Жамбыл облысының ғана тұрғындары еместігінен-ақ байқадық. Шебер тігіншіге сонау Маңғыстау, Ақтөбе, Ақтау өңірлерінен, Солтүстік, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды қалаларынан кейде тіпті мың данаға дейін арнайы тапсырыстар түсіп тұрады. Бүгінде Мейіржан Абдурахманұлы айына шамамен 500-ге жуық жанның бас киімін тігуде.

Тігіншілердің айтуынша, ұлттық киім тігу бір бөлек, тақия тігу бір бөлек дүние. Байқасаңыздар, ұлттық киім тігетіндердің дені бас киімді тіге бермейді. Себебі, ұсақ жұмысы көп, біраз уақытты, төзімділікті талап етеді. Осы орайда «Неге қазақтың басқа ұлттық киімдері – қазақша шапан, қамзол немесе етік емес, дәл осы тақияға таңдауыңыз түсті?» деген сауалымызға: «Ертеректе ерлер де, әйелдер де жалаңбас жүрмеген. Себебі, сол заманда құлдар ғана жалаңбас жүреді деген ұғым болған. Мұндаға дейін ата-әжелеріміз жазда да міндетті түрде бас киім киіп жүрген. «Жетпіс жеті аурудың басы – жел» деген аталарымыз бастың өз температурасы болатынын, оны сақтап жүру керектігін білген. Жалаңбас жүрген әйел-қыздарға зиянды сөз қуаты, көз қуаты әсер етеді. Шаш арқылы денеге теріс энергия еніп, ол үнемі әлсіреп, өз міндетін атқарудан қалады. Менің бұл кәсіпті қолға алған мақсатымның бірі де осы еді. Әсіресе, жастардың бас киімге деген қызығушылығын арттырып, денсаулықтарын сақтауда үлес қосу.

Бұрын қыздарымыз үш жасынан бастап тақия, ұзатылған сәтте сәукеле кисе, келін атанғаннан бастап орамал тағып, перзент сүйген соң кимешек киген. Қыздардың тақиясы қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түстермен барқыт, қамқа секілді матадан сырып тігіледі. Оны түрлі түсті моншақ-маржандармен безендіруге болады, – деп жауап қатты әрмен қарай тақия туралы білетін ақпараттарымен бөліскен тігінші.

Байқағанымыз, Мейіржан Асабаевтың бойында қазақылық басым. Олай болмаған күнде қазақтың тақиясын да тікпес еді-ау, сірә. Таразда алғаш рет «Көрісу» күні ұйымдастырылған кеште ондағы барлық азаматтардың басына бір-бір тақиядан тарту етуі де оның ұлтқа, дәстүрге деген сүйіспеншілігін айғақтап тұрғандай.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, aqjolgazet.kz/