Ісмерлер Таразда ою ойып, құрақ құрады
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Тараз қаласы күні мерекесіне орай Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұмыт болған оюлар», «Құрақшылар әлемі» фестивалі өтті. Төл өнерімізді дамыту, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға өңіріміздің әр ауданынан, ауылынан отызға жуық ісмер қатысып, өз қолдарымен құраған қазақы бұйымдарын таныстырды. Фестиваль аясында екі күн бойы семинарлар, тігін және қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары өтіп, тігу технологиясы кеңінен көрсетілді. Бұл байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қолөнер шебері Анар Бексұлтанова үлкен үлес қосты.
Тәлімі мол байқауды көруге жиналған қалың жұрттың барлығының да өтіп жатқан шара туралы пікірлері көңіл қуантады.
– Байқаудан көздің жауын алар небір әдемі оюлармен өрнектелген қолөнер бұйымдарын тамашалап ерекше әсерде тұрмыз. «Ұмыт болған оюлар» деп аты айтып тұрғандай мына фестивальде ұмыт болған оюларымызды қайта жаңғыртып, қолөнерімізді дамытуға көңіл білініп жатыр. Жастарға рухани тәрбие берерліктей осындай тәлімі мол шараны ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мұндай жобалар көптеп қолға алынып, жиі ұйымдастырыла тұрса деген тілегім бар, – дейді қала тұрғыны Галина Әлмаханова.
Байқау қатысушыларының қолөнер бұйымдарынан «шыңжыра», «бұғымүйіз», «сырмақ», «аманат», «сарымүйіз» сынды көп қолданылмай, ұмыт болған оюларды кездестіруге болады.
– Қолөнер, ісмерлікпен өмір бойы айналысып келемін. Бала кезімнен көрпе тігемін. Екі жыл қатарынан өткен «Құрақ көрпе fest» байқауына қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп, тігін машинасын жеңіп алғанмын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алғыс хатын алған сәтімді де сәттілікке балайын. Биыл міне, «Ұмыт болған оюлар» байқауында бағымды сынап көрдім. Мен өзім тоқыған сырмақты әкеліп отырмын. Қазір ешкім сырмақ сырмайды. Бірақ осы ұлттық құндылығымыз да ұмыт болмауы тиіс. Мұндай іс-шаралардың ұрпақ тәрбиесінде алар орны зор деп есептеймін. Осы орайда Тараз қаласының әкіміне, ұйымдастырушыларға, әсіресе Анар ханымға айтар алғысым үлкен, – дейді байқауға қатысушы Төлебала Сүңгібаева.
Фестивальдің марапаттау рәсіміне Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев қатысып, қолөнершілердің жұмыстарын көзімен көріп, оң бағалады.
– Құрақ, қазақы ою – қазақ дәстүрінің сарқылмас қазынасы. Ұлттық өнердің осынау түрін дамытып отырған қыз-келіншектердің еңбегі кез келгеннің жүрегін жаулайтыны сөзсіз. Күннің суығына қарамастан осынау игі бастамаға ұйытқы болған нәзік жанды аруларымызға, апа-әжелерімізге, қарындастарымызға ризашылығымды білдіремін. Осындай дәстүрді әрмен қарай да жалғастыра берейік, – дей келе Е.Жылқыбаев бірқатар қолөнер шеберлерін марапаттады. Атап айтқанда тараздық Анар Бексұлтанова – «Шеберлік», Алтыншаш Саниязқызы – «Қазына», Төлебала Күзембекқызы – «Өнерім – өмірім», Бекзат Үсенқызы – «Ұлттық мәдени бренд», Жазира Қыдырәліқызы «Бағалы байлық» аталымымен марапатталды. Фестивальдің модераторы Анар Бексұлтанова іс-шараға қатысушы қолөнер шеберлеріне алғысын білдіріп, бірқатар ісмерлерге ынталандыру сыйлығын тапсырды.
Байқаудың соңы мерекелік концертке ұласты.