Исраил Сапарбай: ЖАЛМАУЫЗ!
Жалма, жалма!!
Қалдырма,
Бәрін жалма,
Жалынғанға,
Қарама жарым жанға.
Жалмауыздар жаһанды жайлайды екен,
Дүниенің қауызы тарылғанда.
Жалма, жалма!
Үйіңді, ұяңды жұт.
Қайыршы арман,
Қаңғыбас қиялды ұмыт.
кімге керек бүгінде, құдайым-ау,
Үркек ұят, уыз ар, ұяң қылық?!
Жалма, жалма,
Жеті бас жебір неме!
Көмірге де ауыз сал, темірге де!
Көмейіңе көмілген әруақтар
Көріңде де,
Өкірсін төріңде де!
Елдің мұңын,
Қайтесің жұрттың сорын,
Ашылып тұр араның, мықтым, сенің!
Алматы мен Астана пойызындай
Әрлі-берлі жүгірсін жұтқыншағың.
Мынан жұт,
Қалдырма, ананы жұт!
ауылды жұт!
Малды жұт!
даланы жұт!
Қабырды жұт!
Қамбаны, қаланы жұт!
Сабырды жұт,
Салтты жұт,
Сананы жұт!
Аспанды жұт!
Ауа мен Жерді жалма!
Жерден асқан жаһанда шерлі бар ма?!
Зәу-заттарды илейді енді есерлер,
Бау-бақтарды билейді енді Қарға!
Көлді қылғыт,
Көктегі Күн, Айды жұт!
Теңізді жұт!
Мұхитты, мұнайды жұт!
Қиығымен көзінің қарап қойып,
Миығынан отырсын Құдай күліп…..!
Исраил Сапарбай