Істің көзін тапқан көпбалалы ана
Сарыкемер ауылында тұратын көпбалалы ана Ғалия Дәулетбаева «Еңбек» бағдарламасы аясында өткен жылы 4 миллион 850 мың теңге несиені 4 пайыздық жеңілдікпен алып, өз кәсібін бастап кетті. Ол бұл қаражатқа 10 жылқы алып, мал бордақылаумен айналысады.
– «Біз ұрлық қылғанда, ай жарық болыпты» демекші, былтыр аймақта қуаңшылық болып, жемшөп бағасының аспандап кеткені белгілі. Соған қарамастан бастаған ісімізді соңына дейін жеткізуге барымызды салдық. Бір жағы ауыл іргесіндегі жайылымның аздығы да шаруамызға көп кедергі келтірді, – дейді Ғалия Дәулетбаева.
Кәсіпкер бар қиындыққа қарсы тұрып, алған жылқыларды бордақылап, сатып, орнына қайтадан 10 жабағы алады. Мал басын жоғалтпай, түскен табыстың бір бөлігін айлық несиесін жабуға, бір бөлігін отбасының қажетіне және малдың жемшөбіне жұмсаған. Қазір ол жабағылары таудағы жайлауда.
– Бұл бағдарламаның тиімділігі көп. Несиені тоқсан сайын өтейміз, яғни 48500 теңге төлеп отырмын. Жұмысымыз өзіміз жоспарлағандай жүріп берсе, несиемізді мерзімінен бұрын жабу ойымызда бар. Ерінбей еңбек етіп, істің көзін тапқан азаматтарға бұл үлкен көмек, – дейді кәсіпкер.
Ол бүгінде жұбайы Талғатпен бірге малын өсірумен қатар олардың қыстық жемшөбін дайындауда. Биылғы жаздың аптап ыстық болғанына қарағанда қыс суық болып келетінін білген шаруа жем-шөпті артығымен дайындауда. Оған қосымша 10-15 қой бордақылап сатуды, оны жем-шөпке жұмсамақ ниетте. Сөйтіп, мал басын көбейтіп, өз шаруашылығын дамытпақ.
Ауылда отырып-ақ істің көзін тапқан көпбалалы ана үй іргесіндегі жер телімін де тиімді пайдаланып, көкөніс егіп, одан мол өнім жинауда. Ғалияның осындай тиянақты тірлігі басқаларға үлгі болса игі.
Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист. Байзақ ауданы.