«Ит жылы» итім еске түсіп…
МЕНІҢ «МИШКАМ»
Шекара бойындағы ауыл балаларының солдаттардың қызығатын бір кереметi бар. Ол – шекарашылардың үйретілген иттері. Иесіне жағымпазданып, анда-санда марғау үріп қоятын біздің Ақтөстерге қарағанда олардың иттері ақылды.
«Жат» десе жатады, «тұр» десе тұрады. Тіпті бір офицердің әйелі үйдегі итін дүкенге нанға жібереді екен дегендi естіп жағамызды ұстағанбыз. Таң қалдырғаны – дүкенге барғаны емес, нанды өзі жеп қоймай, иесіне жеткізіп беретіні… Он жасқа толғанда әкем маған күтпеген сый жасады. Заставадағы әлдебір тамырынан неміс овчаркасының күшігін әкеліп берді. Және қандай күшік дейсің! Туғанына төрт-бес айдай болған, шекарадағы ит үйретушінің қолынан өткен нағыз ақылдының өзі. «Жат, тұрың» не, шоңқайып отырып, алдыңғы оң аяғын беріп амандасады ғой, шіркін. Бір-ақ сәтте біздің көшедегі ең беделді балаға айналып шыға келдім. Анау-мынау атамандарыңның өзі менен аяқтарын тартатын болды. Күшігімнiң аты – Мишка. Әкемнің айтуынша шекарашылар солай атаған. Басқаша айтсаң, бұрылып та қарамайды. Маған Мишка түгілі, басқа болса да бәрібір. Ең бастысы – енді ол менің итім. Көшедегі беделді айттым ғой, бала біткеннің барлығы біздің үйден шықпайды. Ермегіміз – менің Мишкам. Шекаралық ауыл болған соң ба, біздің ауыл балаларының бір ерекше ойыны бар. Ойынымыз «шпион-шпион» деп аталады. Мишкамызды жетектеп, өзен жағасындағы бозқараған арасына барамыз. Арамыздан бір-екеуін «шпион» белгілеп, жасырынуга жібереміз. Болды-ау дегенде мен Мишкамды босатамын. «Ищи!» деп бұйыруды да ұмытпаймын. Көп уақыт өтпей «шпиондардың» жан дауысы шығады. Жердің түбіне кіріп кетсе табады менің Мишкам…
…Мишкамыз тез өсті. Бір жылдан кейін азуын ақситса адам қорқатын алпамсадай ит болды да шықты. Өздігінен ешкімге тиіспейдi. Тек бұйрықты ғана орындайды. Біздің үйдегілерге рахат болды. Жаңа сойылған қойдың етін есік алдына жайып, Мишкаға тастап жүре беретін болдық. Мишка ұры түгілі, көршілердің қаңғыбас иттерін жолатпайды. «Итке ет күзеттіру» дегенді содан бері әлі күнге естіп көрмептiм. Адал еді…
Күшігім ит болған соң әкем оны күндіз байлап қоятын болған. Келімді кетімді қонақтар қорқады деді ме екен, ол жағы маған беймәлім. Түнге қарай Мишканы босатып жібереді. Итім алысқа кетпейді. Үйді айналып жүреді де қояды. Күндіз итті босатпауымыздың тағы бір себебі, ауылда ит атқыш бар. Бейсауыт жүрген иттерді «қаңқ» еткізіп ата салатынын талай көргенбіз. Өзі сұмдық мерген. Аты да біз естімеген қызық ат. Үлкен, кіші оны Мордва дейді. Осы бір адамды неге бұлай атағанын әлі білмеймін. Бәлкім, ұлты солай болған шығар…
…Қыстың күні болатын. Хан Тәңірінiң баурайында орналасқан шағын ауыл ақ ұлпа қарға оранып жатты. Аспан таулардың ақ бас шыңдарына күн шапағы енді түсе бастаған таңертеңгілік шақ болатын. Сыртта жүрген әкем үйге асығыс кірді.
– Әй, балам, ана итің көрінбейді. Жоғары жақта Мордва деген бәле жүр дейді. Тезірек тап, атып кетіп жүрмесін.
Шала-шарпы киініп, құстай ұштым. Көше жаққа жүгіріп шыға бере алдымен Мордваны көрдім. Қос ат жегілген шанада мұртына мұз қатып, төмен түсіп келе жатыр екен. Мылтығын әлденеге сайлап келеді. Жалма жан қарама-қарсы жаққа қарағанмын. Менің Мишкам, менің сүйікті итім ойында ештеңе жоқ, құйрығын бұлғаңдатып маған асығып келеді. «Қайт!» деп үлгермедім… Мылтық дауысы гүрс етті. Аппақ қарға қып қызыл қаны шашырап Мишкам жерге бір аунап түсті. Бүкіл ауылды басыма көтерген менің шыңғырған дауысымнан ба, әлде, артымнан жеткен әкемнің қаһарынан ба, Мордвамыз қос атын жанталасып сабалап жоқ болды. Мишкам бауырынан сорғалаған қанын жалап азғана жатты да, сүйретілiп орнынан тұрды. Сосын біз жаққа ұзақ қарады. Көзінен жас парлап тұр екен. Ауылдың сырты қалың тоғай еді. Итім артынан қанды ізін қалдырып, солай қарай беттегенде шыдай алмадым. Еңірей жылап артынан ұмтылдым. Әкем тоқтатты.
– Балам, әуре болма. Жақсы ит өлігін көрсетпейді. Ол кетті…
А. Сқабылұлы