Иттер мен мысықтар міндетті түрде тіркелуі тиіс
Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы қабылданып, 2022 жылдың 2 наурызынан күшіне енді. Осы заңның аясында облыстық мәслихатпен бекітілген «Жамбыл облысы аумағында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру» және «Жамбыл облысы аумағында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің» Қағидалары қабылданды.
Заңның 11-бабына сәйкес, үй жануарларын есепке алу ақылы негізде жүргізіледі. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу ережеге сәйкес, бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Үй жануарларын тіркеу рәсімін жекеменшік клиникалардың немесе мемлекеттік ұйымдардың ветеринариялық дәрігерлері жүзеге асырады, биыл 1 қыркүйектен бастап үй жануарларын, оның ішінде иттер мен мысықтарды тіркеу міндетті. Сондықтан, үй жануарларының иелері өз жануарларын тіркеу үшін ветеринарлық клиникалар мен мекемелерге жүгінуі тиіс. Чиптер, болюстер немесе басқа сәйкестендіру бұйымдары орнатылғаннан кейін жануар туралы мәліметтер «Kezekte.kz» порталы арқылы «Таңба» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі. ЭЦҚ-кілт арқылы тіркеу барлық жеке және заңды тұлғаларға шектеусіз қолжетімді. Бір сөзбен айтқанда, чиптелген жануарлардың иелері өз жануарларын «Таңба» порталында өз бетінше тіркей алады.
Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, жануардың иесі иелігіндегі жануарларын ветеринариялық-санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып, асырауға және ұстауға, есепке алуға, уақтылы вакцинация жасатуға, жануарына жауапкершілікпен қарауға және қатыгездік көрсетпеуге, басқа адамдар мен жануарлардың өміріне немесе саулығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауға, қоршаған ортаның, қоғамдық орындардың ластануына жол бермеуге және тұқым алу қажет болмаса өз қаражатынан үй жануарларына кастрация немесе стерилизация жасатуға міндеттелген.
Жануарларға жауапсыздықпен қарап немесе қатыгездік көрсетілген жағдайларда ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің» 407-1-бабына сәйкес, қылмыстық белгілері болмаса жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Бір жыл ішінде қайталанса айыппұл екі есеге ұлғайтылады.
Құқық қорғау органдары тарапынан ҚР ӘҚБК-нің 407-1-бабына сәйкес, 2022 жылы үй жануарларына жауапкершілікпен қарамаған 59 азаматқа 1 590 мың теңге айыппұл салынған, биыл 4 айда 63 азаматқа 2 173 500 теңге айыппұл салынған.
Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы.