ИТТІҢ НЕСІБЕСІ

Бағзы замандарда бидайдың дәні басынан ғана емес, сабағынан тұтаса өнім беріпті де, жер бетінде аста, төк тоқшылық орнапты. Адам – пенде, тойынған соң обал ойынан шығады. Нанның қиқымы түгіл, бүтіндей бөлігі аяқасты болыпты. Астамшылығы асқынған бір кесір келіншек құндақтағы баласының бүлінген жаялығын қатқан нанмен сүртіп, құрғатыпты. Оны көріп тұрған Алла тағала қатты қаһарланып, періштесіне:
«Адамдар менің берген ырыздығымды басқа теуіп, аяқасты етті. Барып қайтарып ал», — деп бұйырыпты.

 

Тобет молчания

Періште жерге түсіп, өсіп тұрған бидай сабағындағы дәнді түбінен бастап сыпыра тартып басына бір қарыс қалғанда сол маңда жатқан бір төбет ит періштенің білегінен арс етіп тістеп алып:
«Рас, адамдар, қиындықты тез ұмытады. Бардың қадірін білмейді. Бірақ, мен жылда осы бидайдың мол өнім беруіне адамнан артық тілекші едім. Қанағатсыз, ысырапшыл адам үшін мені аштан өлтіресің бе? Бұл әділдік емес, адамның несібесін алдың, енді менің несібемді қалдырып кет!», — депті.
Періште сәл ойланып, иттің дегеніне көніпті…
Содан бері бидай тек басынан ғана дән түйетін болыпты. Біздің бүгінгі жеп жүрген нанымыз иттің несібесі екен. Қазақтың да итті жеті қазынаның біріне қосып, қадірлейтіні, қолындағы нанын өзі жемей тұрып алдымен итке бөліп беретіні содан екен дейді.

Ел аузынан

Мұратбек Ержақыптың фейсбук парақшасынан