Иттің жүні аяқтың қақсағанын басады екен

Мамандығым медбике болған соң ба, мен халық еміне онша сене бермеуші едім. Бірақ осыдан бес жылдай бұрын сол халық емінің арқасында ауруымнан айықтым. Енді сол емнің шипасын көпшілікке де жеткізсем деп едім.
Мен үшінші перзентімді 2005 жылы тура жаңа жыл мерекесі қарсаңында босандым. Толғақ қысып перзентханаға барғанда онда кезекші дәрігер мен бір акушер-гинеколог қана болды. Мені босандырған олар жатыр үстіне мұз қойып, жатқызып кеткен болатын. Содан жуық арада палатаға келе қоймады. Онысы түсінікті ғой, мереке деп асыққан болар, бірақ сол қарбаласта терезенің форточкасы ашық қалған екен, ызылдаған суық өтіп кетті. Оны жабуға менде де шама жоқ. Сөйтіп бес-алты сағаттай ашық қалған терезенің тұсында жатып қалдым деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Ал кешке қарай аяғымның жансызданып қалғанын байқадым. Дәрігерлер ем жасағанымен оң аяғыма жан кіру қиын болды. Жас босанып отырғанда мынадай кеселге душар болған да қиын екен. Құндақтаулы сәбиіме бір адам, өзіме бір адам керек, аяқ астынан кісіге күнім қарап, мүгедек болдым да қалдым. Қымбат дәрілердің түр-түрін алып ішкенімнен нәтиже шыға қоймаған соң халық емін жасауға кірістік.
Перзенті бірдеңеге ұшыраса ең алдымен қиналатын ана емес пе? Күні-түні жанымда болып, анам балама да, өзіме де қарады. Сондай қиын күндердің бірінде анам бір таныстарынан аяқ ауруының барлық түріне ит жүні ем болады дегенді естіпті. Яғни иттің жүнінен шұлық тоқып киген адам ауруынан айығады екен.
Қиындықпен үш айды артқа тастап, көктем келіп қалған болатын. Көктемде иттердің түлеп, жүні түсе бастайды емес пе? Соны пайдаланған анам есік алдындағы үлкен төбеттің төгілген түбітін жинап алып, иіріп, маған шұлық тоқып берді. Ем болады деген соң жүріп кетейін деген оймен шұлығымды түнде де шешпейтін болдым деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Сөйтіп жүргенімізде тағы бір танысымыз ыстық моншада отырып, аяғыңа бал жаға берсең суықты алады деген кеңес берді. Оны естіген жолдасым күніге монша жағатын болды. Үйде моншамыздың болғаны мұндай жақсы болар ма? Анам базарды аралап жүріп, қоспасыз таза бал тауып әкелді. Ыстық буда отырып, жансызданған аяғыма бал жағып қоямын. Кейде тұтас денеме жағамын. Біраз күннен кейін аяғым уқалағанды сезе бастады. Сол кезде қуанғанымнан жылап жібердім. Ал жаз шыға аяғымды жайлап басатын болдым. Мен осылай дәрі-дәрмектен шипа болмаған ауруымнан қарапайым әдістердің арқасында айықтым. Алты ай аз уақыт сияқты көрінгенмен, осынша уақыт ауру азабын тарту, болашағым не болады деген үрей адам жанын да жаралайды екен. Сондықтан осындай дерт мазалаған жандар болса қазіргідей моншаға түсуге ең қолайлы кезеңді, алдағы ит жүні түлейтін кезді өткізіп алмасын деген оймен қолыма қалам алдым. Есік алдында жүрген жеті қазынаның бірінің де шипасы барын біле жүріңіздер.

Ж. ҚАЛМҰРАТОВА.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)