Израиль елшісі Павлодар облысында ауыл шаруашылық саласында әріптестік орнатуға мүдделі екендіктерін жеткізді
Облыс орталығындағы «Инвестор үйінде» Израиль мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лиат Вексельман мен өңіріміздегі жергілікті атқарушы органдар өкілдерімен екіжақты әріптестік жөніндегі келіссөздері өтті. Израиль елшісі біріншіден қонақжайлық танытқан павлодарлықтарға алғысын білдірді.
User comments- Өздеріңіз білетіндей, Израиль – жоғары технологиялар елі, — деді Лиат Вексельман. – Олар экономикамыз бен жалпы халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Ауыл шаруашылығын алып қарасақ, бұл бағыт соңғы жылдары жоғары технологиялар қолданатын бірден-бір салаға айналды.
Әрі қарай Лиат Вексельман Павлодарға келген мақсатымен таныстырды. Айтуынша, Израиль өңірімізде ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестік орнатуға мүдделі.
— Израиль облыста ауыл шаруашылығы саласында, нақтырақ айтсақ, мал шаруашылығы, құс өсіру, сүтті, етті ірі қара мал өсіру бағыттарында бірлескен жұмыс істеуге ынталы, — дейді Лиат Вексельман. – Және де біз Павлодарда мал шаруашылығы мәселелері жөніндегі форум өткізбек ойымыз бар. Оған фермерлеріңіз қатысып, еліміздің мүмкіндіктерімен танысса дейміз. Сонымен бірге, Израиль тарапы павлодарлық кәсіпкерлер мен фермерлерге арналған семинарларға шақырды.
Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдос Сәкенов шетелдіктердің ұсыныстарын қабыл алып, еліміздегі кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шараларымен таныстырды.
Өз кезегінде, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Шұғаев Израиль тарапын кіші шаруашылықтарды дамыту бағытында әріптестік орнатуға шақырды.
Ақпарат pavlodarnews.kz сайтынан алынды.
Суреттерді түсірген Айбек Жұматов
Әлихан Рахметоллаұлы