Әйелді бағындыру
Әйелді жаулап алғың келеді, солай ма? Өзіңе деген сеніммен ғана жаулап алуға болады. Қолынан ұстайсың да, «Жүр» дейсің. Әйел сенімді жігіттің соңынан ереді. Әйелдің бәрі өзін кішкентай қыз сезінеді. Оны қолынан ұстап, махаббат пен бақыттың әлеміне жетелейтін адамды күтеді. Сүйсең, сүйіктің үшін бас әріптен басталатын Азамат бол. Оған сол ертегіні қи, қолдан жаса. Қолынан ұста да, келешекте ол үшін сен бүкіл әлем болатын бағытқа қарай жүр. Ол үшін Күн бол. Ол үшін Заңғар Көк бол. Ол үшін ұлан-байтақ Жер бол. Ол үшін тұнық ағатын Су бол. Сен оның алдына күллі әлемдер мен стихияларды жайып салғанда, сүйіктің сенің қаншалықты шынайы екеніңді көреді, шынайылығыңды көрсе, саған бар болмысымен бағынады. Сен оған қамқор болған сайын, оның өтінішіне жауап қатқан сайын, оның өміріне ілтипат білдірген сайын, оның қиындығын көтерісуге ынталы болған сайын – ол саған бағына түседі. Оның аяғының астына бүкіл әлемді тастаған кезде ол сені мендік деп қабылдайды. Саған сенеді, өзінің де сендік екенін түсінеді. Сенсіз таңы атып, күні батпайтын болады. Әйелді жаулап алғың келсе, әрекет қыл. Азамат бол. Басынан аяғына дейін.
Арсений Михайлов
Аударған Шынар Әбілдә