Көпбалалы әкеге баспана сыйлады  

  «Nur Otan»  партиясының «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында  партияның Шу  аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Найман Сұлтанбаевтың ұйытқы болуымен Балуан Шолақ ауылындағы көпбалалы отбасыға баспана берілді.

«Қалқа» шаруа қожалығының қожайыны Сағадат Мадалиев өз демеушілігімен   ауыл  тұрғыны, көпбалалы әке Қасымбек Дәрменбековке пәтер кілтін   сыйлады.

-Ауылдың бірлігі бекем, тірлігі мығым, татулықты ту еткен тұрғындары кез келген сәтте «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай»  бола біледі. Мен оған ауылда әкім болып жүрген кезімде  көзім жеткен. Баспаналарыңызға бақ-береке дарып, бау-бақшаңыз жайнай берсін. Алты баланың бәрі  «елім» дейтін азамат болсын,-деді партия Шу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары  Найман Сұлтанбаев салтанатты шарада.

Игі  істің басы қасында жүріп, көпті қуанышты сәтте жұмылдыра білген, көргені мен түйгені мол, ақжаулықты әже Шымшық Мадалиева бастаған «Ауылдың жеті қазынасы» аталып кеткен Нұржамал, Үміт, Тұрсынкүл, Орынкүл, Күлән, Дәмегүл сынды аналар және ауылдың  ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Сағындықов «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара»  отырып, жаңа қоныс берекелі болсын деп, көрші-қолаң, ағайын-туысқа дәм татқызды. Сондай-ақ  отбасылық кәсіпкерлер жаңа қоныстой иелеріне тоңазытқыш сыйға тартып, жоғарыда аты аталған жайсаң мінез аналар жанұяның  алты баласына киім-кешек үлестірді.

Расымен де шын мұқтажға жомарттық жасаудың сауабы мол. Сауапты іске-самалдай есілген, тұлпардай көсілген, кәсібінен нәсібін тапқан жігіт ағасы Сағадат Мадалиевтың жақсылығы жетерлік. «Жомарт жігіт баймен тең» демекші ақкөңіл азаматты ауыз толтырып айта жүрер мәрттігі көпке үлгі боларлық.

-Анам үнемі  «Жақсылық жасаңдар, қайырын өздерің көресіңдер» деп отырады. Ол кісінің әр сөзі біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Балалардың шат күлкісін көру-біз үшін қуаныш,- дейді атымтай жомарт азамат Сағадат.

«Алып анадан туады» дейді дана халқымыз. Алтын құрсақты аналардың тектілігінің,тазалығы мен тәрбиесінің ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін  бабаларымыз осы бір мақалдың аясына сыйғызған. Сексеннің сеңгіріне шықса да Шымшық анамыз көрегендік танытып, көптің көңілінен шығып, әсерлі әңгімесімен, жүйелі сөздерімен, имандылық иірімімен елді ынтымақта, бірлікте болуға үндеуде. Біткен іске бір кісідей қуанып жүрген болмысы бөлек анамыздың батасы көпке шарапат сыйлағаны анық.

Осылайша бір ауылдың тұрғыдары қайырымды іс қылып, балуаншолақтықтардың бірлігін танытуда.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған