Күнә мен сауап психологиясы

Күнә мен сауап. Қайсысы ақ, қайсысы қара екені мәлім. Десе де, адам шалыс баса береді. Осы екеуін таңдауда қателікке ұрынуын тоқтатпайды. Мұның себебі неде? Неге адам жұртты алдап, қалтасын қағып алу күнә екенін біле тұра, ешбір қайыры жоқ арам табыстың соңына түседі? Неліктен намаз бен ораза жақсылыққа жетелейтінін біле тұра, үнемі сылтау іздейді? Адам ата мен әзәзіл қиссасында малғұн шайтан қиямет күніне дейін уақыт сұрап тұрып: «Сонан соң оларға қарсы алдынан келемін, арқа тұсынан келемін, оң жағынан келіп азғырамын және сол тұсынан келіп азғырамын. Олардың көбін шүкір етушілерден таппайсың[1]», — деп адамзатты қияметке дейін азғыруын доғармайтынын айтып ант етеді. Тәпсірде сахаба Ибн Аббастың (р.а.): Қарсы алдынан келуі – дүние тарапынан, арқа тұсынан келуі – ақырет ісіне қатысты азғыруы, оң жағынан келуі – сауап істерге қатысты түрліше ой салуы, сол жағынан келуі – күнә жағынан келуі[2]», — деп түсіндірген. Сауап іске келгенде шайтан адамға жасама демейді. Мұндай іске дайындық керек, бастаған соң үздік етіп жаса, әйтпесе обалына қаласың. Сондықтан зейнеткерлікке шық, ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондыр. Міне, сол кезде жан рақатымен құлшылық етесің. Сауаптың көкесін сен жасайсың, — деп алдаусыратады. Ал, күнәға келгенде: Сенің ешбір шараң болмай тұрғанын білесің. Қала берсе, жұрт мұнан да зорын жасап жүр. Оның қасында сенікі түкке тұрғысыз. Әйтпесе, сен ең адал жанның бірі емессің бе?! – деп жұбатады. Әзәзіл шайтанның бұл әдісі жайлы Құран Кәрімде: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздыққа үндейді…[3]», — деп түсіндіреді. Әйтсе де, адасқанның алды жөн, арты соқпақ дегендей күнәмен басталған іс ақыры соңы адамға жақсылық әкелмейді. Құранның әр аятының қыр-сырын жетік білген сахаба Ибн Аббас (р.а.): «Сауапты іс адамның жүзіне сәуле, жүрегіне нұр, ризығына кеңшілік, денесіне күш-қуат береді және адамдар көңілінде оған деген ықыласты оятады. Ал, күнә адам жүзін түнертіп, жүрегін қарайтып, ризығын кемітіп, денесіне дерт береді және адамдар көңілінде оған деген ашуды пайда етеді», -деп ой түйеді. Сахабаның бұл сөзі санадағы қарама-қайшы қос ұғымға қатысты адам психологиясын өзгертеді. Демек, күнә жылтырап көрінгенімен жалған қуаныш ұзаққа бармайды. Адам барлығынан бірден айырылып, опық жейді. Ал, сауап жолы ауыр болғанымен, берекет те, жақсылық да, ел арасындағы сый да сол жолда. Табиғин Мұғазұлы Яхия: Байғұс адам баласы тозақтан (күнә атауынан) кедейліктен қорыққандай жиіркенсе, екеуінен де (күнә мен кедейліктен) құтылатын еді. Ал, жәннатқа (сауап іске) байлыққа талпынғандай ұмтылса екеуіне де (жәннат пен байлыққа) қол жеткізер еді», — деп түйеді. Ғұлама адамның болмысын ашуда. Біз үшін кедейліктен жаманы жоқ. Ал, байлық бар жоспарымызды жүзеге асыратын құрал іспетті. Демек, күнәға – кедейлік, сауапқа – байлық деген көзқарас қалыптастыру арқылы бұл мәселені біршама шешуге болады.

Руслан ҚАМБАР 

 Ағраф сүресі, 17-аят 

Табари тәпсірі

Барақа сүресі, 268-аят