Көкшетауды «QÓQSHETAÝ» деп жазғаны қай сасқаны?
Жақында фейсбук желісінде журналист Күлайхан Рахметтің «Айтарға сөзім жоқ, өткенде Нур-Султан деп қазақшасын қайырып қойып орыс пен ағылшын тілінде жазып намысымызға тиген еді, егемендігімізді елемегендей. Енді мына масқараға біздің билік пен жауапты мекемелер неге жауапкершілікпен қарамайды. Елді ел етіп ұстап тұратын дүниелер: туған тілі, туған тарихы, төл салт-дәстүрі емес пе?! Қашанғы осындай бассыздыққа, көзсіздікке жол беріп отыра береміз, басқа ұлттың тілінде әріптен емес дыбыстан қателессең, тыжырына қалады. Ал мынау сол жол бойындағы тақтайшада Көкшетауым Қөқшетау болып тұр, бұған енді не айтуға болады?» деген жазбасы тараған еді, ол қазір көптің талқысына түскен.
Қызылжардан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алар жолда қала атаулары жазылған тақтайша тұр. Оны бұл шаһарлардың арасында күніге жүретін жүргіншілердің барлығы біледі, көрген де. Бірақ, әттеген-айы, сол жердегі тақтайшада Көкшетаудың латынша «QÓQSHETAÝ» болып жазылғандығын көбі көрсе де, оған мән беріп жатпаған, мүмкін «Q» әрпінің қазақша «Қ» болып оқылатындығын білмегендіктің де салдары болар. Бірақ бұл жердегі мәселе — оларды ақтап алу емес. Керісінше, қоғам белсендісі Күлайхан Рахметтің жоғарыдағы жазбасымен толық келісуге болады, себебі ең алдымен елді ел етіп отырған туған тілімізге құрметпен қарамасақ, оның жазылу, айтылуына мұқият қадағалау жүргізбесек, онда ондай елдіктен не пайда? Қарапайым қала атауын жазудан осындай өрескел қателер жіберіліп жатса, ертеңгі күні елді мекен атаулары мен мемлекеттік іс-қағаздардан не күтуге болады? Осындай сауалдың өзі көкейді мазалайды.
Қала атауын жазудағы қателік «Латын әліпбиіне көшкен кезде тіліміздің емле ережелері дұрысталады. Латын әліпбиі заманауи технология тілімен үндес» деген пікірлерді бір-ақ сәтте аяқ асты қылғандай. Шаһар атауын көпшілік жүретін жерде мұндай өрескел қатемен жазу, егемендігімізге үлкен сын. Мұндай қатені тек қазақтар көріп қынжылады, кей қазақтар деген дұрысырақ болар, ал өзге ұлт өкілдері болса, былтыр біраз ақпараттық желілерді шулатқан тележүргізуші, орыс халқының өкілі Владимир Соловьев «Воскресный вечер» ток-шоуында қазақтардың латын әліпбиіне көшуін мазақ еткеніндей, олар да «Соловьевтің пікірі дұрыс болған екен ғой, қазақ халқы латынға көшеміз деп жүріп мүлдем сорлады» деген ойға қалмай ма? Осындай ойлардың туындауына себепкер болмау керек. Латын әріптері өркениет жазуы, өмір талабы екендігі рас. ХХІ ғасырда латын әліпбиінде жазуды үйрену арқылы ағылшын тіліне бір қадам жақын болатындығын да шүбәсіз. Дегенмен еліміздің латын әліпбиіне көшеміз деген мақсатын айқын түсініп, латын қаріптерін толық танып-біліп барып қана латын әрпінде жазған жөн, ал білмесең, сұра! Әйтпесе үп-үлкен тақтайшада ерке Көкше деп еркелеткен жер жұмағы Көкшетауды «Qóqshetaý» (Қөқшетау) деп жазу — көрер көзге ұят. Мұны Көкшетаудың атауы мен сұлулығына тамсанып өткен Сәкен, Мұқағали, Мағжандар көрсе, бұл масқара олардың өзегін өртер еді. Бір кездері ақиық ақын Мұқағали:
«О, ғажап! Өзіңбісің Көкше деген?»
Тастарын жиған жүктей текшелеген.
Бурабай Оқжетпесті екшелеген,
О, ғажап!
Өзіңбісің Көкше деген?!» — деп жырласа, жалынды ақын Мағжан:
«Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Басқа жер ойды ондай тербетпейді.
Бурабайдың көлі мен Көкшетауды
Көрмесең, көкіректен шер кетпейді», — деп көсілген. Олар бізге осындай тамаша жерлерді аманат етіп қалдырып отырғанда «Көкшетаудай» қала атауын бұзып жазу — ата-баба аманатын аяққа таптаумен тең. Және тағы күйінтетіні — дәл осы Көрмесең, көкіректен шер кетпейді», — деп көсілген. Олар бізге осындай тамаша жерлерді аманат етіп қалдырып отырғанда «Көкшетаудай» қала атауын бұзып жазу — ата-баба аманатын аяққа таптаумен тең. Және тағы күйінтетіні — дәл осы тақтайшадағы зор қателікті көрген Күлайхан апайымыздан басқа жүздеген қазақтың ішінен бірде-бірінің елең етпеуі. Олардың да бұл масқараға көз жұмуы алаңдатады. Ұйқыдағы ел немесе қарынның қамын ойлаудан аса алмай қалды ма? Қазаққа қазақтың жаны ашымаса, кімнің жаны ашиды? Басқа ұлттың өкілдері, мәселен, орыс халқын алып қарайық, олардың тілден жанылып, бір сөзден, не бір әріптен қате жібергенін көрмейсің, көрген күнде де сирек. Ал қате кеткен жағдайда олар бірден аласұра көтеріледі, сол сәтте-ақ туындаған мәселенің шешімін бірігіп табады. Ал бізде ондай жоқ. Бұл қателікті көріп ең бастысы қала атауы Көкшетау екенін түсінсе болды ғой дейтіндер де бар. Сонда қазақ тілінің мәртебесі қайда қалды? Рухани жан-дүниесінде жанашырлығы жоқ ұлт ертеңгі күні бұдан да зор кемшіліктер мен қателіктерге жол бермесіне кім кепіл? Сондықтан бұл мәселенің алдын алу керек. Бұл өрескелдікті жергілікті билік, яғни тиісті мекеме орындары қолға алады деп сенемін. Күлайхан Рахметқызының айтқанындай, айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болдының кебі ғой.
Ақнар Қазезова