Қ.Жолдыбайұлы: Ағартушылық адасушылықтың алдын алады

ДАИШ салған дүрбелең дүйім елді дүрліктіріп отырғаны жасырын емес. Бір өкініштісі ислам атын жамылған бұл адасқандардың қатарында Қазақстан елінің азаматтары да бой көрсетуде. Қарапайым кісі қалай радикалданады? Сириядағы жалған жиһадқа баруға дейінгі аралықта діни білімді кімнен алады? Оларды райынан қайтару мүмкін бе? Осы жəне өзге де сауалдар төңірегінде белгілі исламтанушы, ғалым Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫМЕН болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

– Қайрат Жолдыбайұлы, сұхбатымызды мəселенің төркінінен бастасақ. Қарапайым адам қалай радикалданады? Оларды көптеген жамағаттың арасынан сəлафтар қандай əдіспен оқшаулап, танып алады?

– Сəлəфизмнің негізі, оның идеологиясы буквализмге негізделген. Буквализм дегеніміз – аят-хадистердің мəн-мазмұнын тереңінен үңіліп-түсінбей, үстінен желіп өтіп, Құдайлық мақсатына, адамға пайдасына қарамай, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен шарттарды ескермей, тура мағынасында ұғынуға талпыну. Дін пайғамбарымызға 23 жыл ішінде түсті. Алла елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) 23 жылда əртүрлі жағдайда, сан алуан уақытта, неше түрлі адамға дінді түсіндірді. Ендеше əр хадистен үкім шығарғанда «кімге», «қашан», «қандай жағдайда» секілді факторлар ескерілуі тиіс. Ал олар ескермейді. Сахих хадис болса болды, тура мағынасында үкім шығарғыш. Олардың идеологиясы осы – буквализм. Бұл болған жерде ақыл-есті шектеу бар. Өйткені, сəлəфилер дінді басқаша кең ойлауға мүмкіндік бермей, «Олай ойлануға болмайды, бұл – философия, дінді ақылмен түсінген дұрыс емес, тіпті адасқан болады» деген секілді əр түрлі қағидаттарды ойлап тапқан. Сол арқылы адамды ойландырмай, догмалық жағдайға əкеліп тіреп тастайды. Осының салдарынан теріс ағымға ерген жастар ойланбайтын күйге түседі.

Ал жаңадан дінге келген адам аяттың, хадистің астарына үңілуге дəрменсіз, ондай білімі де жоқ. Аят пен хадисті түйсінген болады, бірақ, қарсы шығуға үкімінен қорқады. Содан кейін ол аят пен хадисті сəлəфилер сіңірген, ұғындырған қалыпта қабылдап алады да, басқаша ойлауды «тозақтық» деп сенеді. Осыдан соң, «сəлəфилердің жолы дұрыс, айқын екен» деген пайымға барады. Қоғамда болып жатқан кейбір мəселелерді олар түсініктемесі жоқ, қате құбылыс сияқты түсіндіреді де, өздерінікін дұрыс етіп аят-хадистерді өздеріне бұрып, шегелеп айтады. Аят-хадиспен «айқындалған» соң, көптеген жастарымыз сол ұққан пікірінен айнымай, сəлəфи болып кетіп жатыр. Аят- хадиске қарсы келуден қорқып, сəлəфит болады да шығады. Ал ол аят-хадистің түсіндірмесі бар ма?, басқа аят-хадистермен байланысы қалай? Оны ойланып, бас қатырмайды. Діннің іргелі ережелерінің негізінде түсінуге талпынбайды.

Ханафи мəзһабы болсын, басқа мəзһабтар болсын, дінге кең қарағандықтан, оның түсіндірмесін қандай да бір ережелерге байлап барып жеткізетіндіктен, күрделілеу көрінеді, терең ойлануды талап етеді. Пайымдауды, тұжырымдауды қажет етеді. Міне, біз пайымдап, тұжырымдап, саралап түсіндіреміз деп жүргенде, олардікі төте жол болып шыға келеді. Осылай еш нəрсеге қарамай, қоғамның жағдайымен санаспай тікелей тартқандықтан, көпте ген жастарымыз аят-хадистердің алды на көлденең тұра алмай, бастапқы пікір лері нен, ұстанымдарынан қорқып, айнымайды. Сəлəфиттердің ішінде əр түрлі ағымдар бар. Мəселен, сəлəфиттердің басым көпшілігі – таухит пен бидғаттың ауқымын кеңейтіп, көптеген іс-əрекеттерді, ұлттық құндылықтар мен əдемі əдет-ғұрыптарды ширкке, күпірге балайды. Оларда құрығына түскен жанның қандай адам екені маңызды емес, тек дінді білмесе болды. Ханафи мəзһабын түсінбесе, халқының əдет-ғұрпын, салт-дəстүрін, мəн-мазмұнын ұқпаса болды, бірден ақыл-есін шектеуге күш салып, уағыздарын жүргізе бастайды. Оның əлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, қызметі, лауазымы, мешітте жүр ма, басқа жақта жүр ма, маңызды емес. Екінші бір топ бар, олар əнші-ақындарды, бай-манаптарды, соңынан адам ілеседі-ау деген «жұлдыздарды» жағалайды. Оларға əр түрлі тəсілдермен идеологиясын сіңіреді: əлеуметтік жағдайларын шешіп береді, басқа жақтарымен көмектеседі, əйтеуір өздеріне байлауға тырысады. Ал жиһадқа шақыратын, Сирияға тартатын, қолына қару ұстататын тобы, əсіресе, өмірден түңілген немесе «тойған» адамдарды іздейді. Бұл қатарға қоғамдағы кейбір жағдайларды көтере алмайтын, ақшасы бар, бірақ өмірден жиреніп кеткен, мінезі «түсініксіз» кісілер де қосылып кетіп жатады.

– Қарапайым ғана қазақ жастарын сонау Сирияға дейін алып баратын қандай күш?

– Бірінші топтағы сəлəфилер ақыл-есі шектеліп қалғандықтан, белгілі бір уақыттардан кейін мынау қоғамнан түңіліп кетеді. Өйткені, «анау харам, мынау бидғат, анау ширк, мынаның бəрі адасқан» дейтін сəлəфизмнің идеологиясының өзі соған апарады. Тағы бір уақыттардан кейін қоғаммен сыйыса алмайды, ең əуелі жора-жолдас, таныстарынан жиренеді. Іле-шала туған-туыстарын мансұқтайды. Осылайша, жеке қалып, оқшауланып, жырақтанады. Тағы бір белгілі уақытта жұмысынан шығады, əйелімен ажырасады, бала-шағасымен түсінісе алмайды.

Содан кейін мынау өмір қара түнекке, кең дүние тар қапасқа айналып сала береді. Бұл қоғамнан құтылғысы келеді, айналасының бəрін күнəһар, бидғатшы, ширкші деп біледі. Осыдан барып «Бір жаққа кету керек» деп шешеді. «Қайда?» «Жұмаққа?» «Оның жолы қандай?» «Сирия!» Осындай депрессияға түскен адамға жиһадқа шақыратын бір ғана уағыз жетіп артылады. «Менің іздеп жүргенім осы ғой» дейді. Өйткені, оның көңіл-күйі, жағдайы соны талап етіп тұр. Ал кейбір адамдар сəлəфизм жолында жүріп, өздерін өмір сүріп отырған қоғамның ішінен бір қоғам жасап үлгереді. Мəселен, базардан бір нүкте ашып, шағын кəсіпкерлікпен айналысады. Бір-бірімен ғана араласады, құттықтайтын кезінде құттықтайды, тойлайтын кезде тойлайды. Қоғамның ішінен мұндай қоғам құрып алғандар тарыққаннан кетпеуі мүмкін жиһадқа, бірақ идеологиялық демеумен, саналарының улануымен кетеді. Өзге де себептері көп, əрине.

– Ал бұларға ең алғашқы діни білімді кімдер береді?

– Менің білуімше, оларға бұрын сəлəфизм вирусын жұқтырған адамдар ғаламтордағы түрлі байланыс желілері арқылы, кітаптары арқылы, тіпті, бетпе-бет кездесіп, насихаттарын жүргізеді. Кейбіреулері ғаламторды «кезіп» жүріп ұрынып қалуы мүмкін. Кейбіреулер ұмра қажылығына барып, сол жерде көргендерін дұрыс деп санап, өз бетінше ізденіп, ақыр аяғы сəлəфизмге ұшырайды.

– Мамандар «пəлен қандасымыз жат ағымның жетегінен қайтты, дəс- түрлі исламға оралды» деген пікір білдіріп жатады. Жалпы сəлəфизм шырмауындағыларды райынан қайтару мүмкін бе?

– Һидаят, тура жол – Алланың қолында. Қайтса, қайтуы мүмкін кейбір адамдар. Бірақ олар көп емес, саусақпен санарлық қана. Ойлау қабілеті дамыған, фундаменталды, қалыптасқан, өзіндік пікірі бар, ақ пен қараны ажырата алатындай көзқарасы бар жандар ғана қайта алады. Сол ағымға қатты сіңіп кетсе де, «Мен қайда бара жатырмын, қоғамнан неге бөлшектеніп кеттім» деп өзіне анализ жасай алатын, өзге де кітаптарды ақтарып, саралап, ойларын басқара алатын адамдар ұстанымдарын өзгертуі мүмкін. Шындығында, біздің қоғамда ондай адамдар аз. Ал жаңағы мамандардың, кейбір сəлəфилер қолдарына қару алуға бекініп, ол райларынан қайтып жатады, міне соларды айтуы ғажап емес.

Дұрысында, олар сəлаф ағымынан шығып кетпейді, ал əлгі статистика «төл дінімізге оралды» деп қате ақпарат беріп жүр. Қолына қару алатын топтың, қолына қару алмайтын топқа өтуі немесе өткен сияқты көрінуі Ханафи мəзһабына қайтты деген сөз емес. Мысалы, кейбір абақтыда отырған кісілер, «райымыздан қайттық» деуі мүмкін. Əрине, қайтады, төрт қабырғаның ішінде отыр, ойлануға мүмкіндігі бар. «Ханафи мəзһабына қайттым» десе, жазасы жеңілдер. Жақсы көрінуі үшін солай айтуға мəжбүр болған, бəлкім. Өйткені, соңғы оқиғалардан көрдік, сотты болғандар қайтадан теріс əрекеттерін қайталауға бейім.

– Ал біздің қоғамда радикалдануды тежеу үшін, сəлəфизмге тоқтау салу жо- лында қандай амалдар ұсынар едіңіз?

– Мен мұны көп жерде айтып жүрмін, бірінші, дерті «асқынып» кеткен сəлəфилерге вирусын басқаларға жұқтырмау үшін заң тұрғысынан «ка- рантин» қою керек. Кез келген ауруды емдеудің алдында қоғамға таралып кетпес үшін карантин жасайды ғой, сол сияқты карантин керек. Бұл – шарт. Десе де, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін сияқты абақтыға қамап, тұқымдарын тұздай құрту емес, бірінші кезекте уағыздарына, əдебиеттеріне тосқауыл қою қажет. Заңмен осылай тыйым жасалса, кəсіпкерлер де емін-еркін қолдау көрсете алмайды.

Екіншіден, ағартушылық жол. Яғни, мамандарды жақсылап даярлап, олардың əрбір дəйектеріне, дəлелдеріне уəжді түрде терең мəн-мағынамен жауап қатсақ. «Нұр- мүбəрак» университетінің жанынан ашылып жатқан имамдарды экстремизм мен терроризмге қарсы дайындайтын білімді тереңдету орталығын, меніңше, дер кезінде қолға алуда. Осыны ары қарай дамытып, мұнымен шектелмей, діни медреселер мен университеттердегі мамандарды да төрт жыл бойы дайындағанымыз жөн.

Содан кейін «Нұр-мүбəрак» университетінің ішіндегі Əбу Ханифа орталығын жандандыра түскен абзал. Сол орталықта өзіміздің Əбу Ханифа мен Матуруди мұраларын зерттеп, зерделеп, жарыққа шығару – кезек күттірмес мəселе. Осы орталық арқылы жат ағымдардың əрбір сөзіне дəйекті жауап беріп, ол бəріне пəтуа іспетті болғаны жөн. Орталық айтты ма, соған тоқтау керек.

Тағы да айтарым, бір діни арнайы түрлі ағымдарға қарсы жасақталған интернет-портал қажет. Ол ғаламтор көзінде сəлəфит-уахабиттердің түрлі қисық сұрақтары мен пікірлеріне айқын жауаптар тұруы тиіс. Күмəнді дүние болса, сол порталға жүгінетіндей жағдайға жету керек. Əлгі орталықта көрермен талабына сай қысқа метражды фильмдерді, роликтерді сапалы түсіретін студия құрылғаны дұрыс. Оған кəсіби дін мамандары, сарапшылар, шоғырлануы қажет. Мемлекет тарапынан да радикалдану мен жат ағымдардың алдын алу мақсатында деректі, көркем фильмдер түсіріліп жатса, құба-құп. Оны халық жаппай қызыға тамашалау үшін шым-шытырық оқиғаларға негіздеп жеткізу керек. Балабақшадан бастап салт-дəстүрімізге баулысақ, мектеп қабырғасында жат ағымдардың белгілерін үйретсек, үлкен жетістік болар еді. Міне, осылай істегенде ғана сəлəфизмнен де, өзге де жат ұйымдардан да ірге ұзатамыз.

– Əңгімеңізге рахмет!

Əңгімелескен Əлімхан СЫРБАЙ,

E-Islam.kz