Көктемнің қамын қыста ойлағанның зияны жоқ

Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарымен танысу мақсатында бірқатар аудандарды аралады. Облыс басшысы мінген тікұшақ алдымен Мақтаарал ауданына қонып, арнайы құрылған тасқын зардаптарын жою жөніндегі құрылған штабтың есебін тыңдады. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

         Онда Мақтаарал ауданының әкімі Ғ.Исмайлов  толассыз жауған жауынның салдарынан аудандағы су басқан үйлердің аулалары толығымен тазартылғанын баяндады. Оның айтуынша,  су басу негізінен Атакент кентіне жақын орналасқан мақталық алқаптарда жаппай сор шаю жұмыстарының жүргізілуі мен жер асты суларының көтерілуі және иесіз қалған каналдардың тазартылмауынан орын алған.

962

        «Толассыз жауын-шашын салдарынан каналдар толып сулар тұрғын үйлерге тасыған, егіс алқаптар да елді мекеннің айналасында орналасқан. Сонымен қатар, каналдар ішіне шөп, қамыс саз балшық басып тазаланбаған. Каналдың қорғаныс бөгеттерінің жағалауларының 1-2 км топырағын   жергілікті тұрғындар   алып кетіп құрылыстарға пайдаланған»,-деді аудан әкімі.

         Осы ретте, аймақ басшысы су тасу қауіпсіздік шараларын сақтамаған каналдардың меншік иелеріне ескерту беруді және иесіз қалған каналдарды мемлекет меншігіне яғни, «Қазсушар» мекемесінің құзырына беруді және оны тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, жер асты суларды  реттеу мақсатында барлық дренаждардың жұмыс істеу қабілетін қайта қалпына келтіріп, олардың дұрыс деңгейде күтіп ұсталуын және пайдалануын қамтамасыз етуді жүктеді.

36

          Мұнан соң, Ж.Түймебаев бастаған топ Шардара су қоймасын əуеден бақылап, Сырдария өзенінің аңғарын шолып шықты. Көксарай су реттегішінде жоғарыдан қарап шыққан соң осында Түркістан, Арыс қалалары мен Шардара, Отырар ауданы əкімдері мен облыстық деңгейдегі сала жетекшілерінің қатысуымен  көшпелі жиын өткізді.

Жиында өңір басшысы барша жауапты сала мамандарына төтеден келуі мүмкін тасқын суға сақадай сай болу қажеттігін ескертті.

Облыс аумағында қалыптасқан су тасқыны жағдайы туралы баяндаған ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Н. Дербисов аймақтағы үш ірі Арыс, Келес, Бадам өзендері мен 117 кіші өзендер таудан бастау алып, барлығы елді мекендер арасымен өтіп республикааралық  Сырдария өзеніне барып құйылатынын айтты.

65

«Осы өзендерде тасқынның пайда болуына құм, тас алу бойынша карьер жұмыстары себебін тигізуде. Өзендердің кез-келген жерінен шынжыр табан техникалардың күндіз-түні шағал тастарды артуынан  қазіргі таңда облыстағы барлық өзендердің  арналары өзгеріп, ұлтаны бірнеше метрге отырған, жағалаулары кемерлене шайылып, құзданып кеткен. Нәтижесінде жыл сайын   өзен бойындағы  елді мекендерге, автожол мен көпірлерге, жоғары қуатты электржүйелеріне, егістік жерлерге, мазараттарға және басқа да шаруашылық нысандарға қаупін тигізуде»,- деді Н.Дербисов.

Жиын барысында жағдайдың жай-жапсарын мұқият тыңдаған облыс әкімі өңірлердегі болуы мүмкін тасқын судың алдын алу бойынша тиісті шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді. Бұдан бөлек, әкім облысымызда жыл сайын қайталанатын мəселені оңтайлы шешу жолын ұсынды.

Су тасқынына қарсы шаралардың мән-жайы талқыланған жиында жоғарыда аталған 4 ауданның әкімдері өзендерде толған суды ауыл шаруашылығы бағытына қолдануға мүмкіндік беретін жобаларымен таныстырды. Яғни, көктемдегі суды тиімді пайдаланып, соның арқасында суармалы жерлерді ұлғайту көзделуде.

74

Өз кезегінде өңір басшысы ұсынылған жобаларды кеңінен талқылап, жасанды су қоймаларды жасау үшінаэроғарыштық түсіріс әдістеріарқылы зерделеуді және бұл жұмысқа ғалымдарды да жұмылдыру қажеттігін атап өтті.

«Оңтүстікте жылда осы мəселе қайталанады. Көктемде көп мөлшерде жауатын жаңбыр кезінде тасқыннан қауіптенеді. Ал жаз кезінде егістікке су таппай қиналады. Неге біз осының ортақ шешімін таппаймыз?! Сырдарияның Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұзақтығы 375 шақырымды құрайды. Алайда осыншама құнарлы алқаптың басым бөлігі бос жатыр. Көрші Қызылорда облысының барлық аудандары мен елді мекендері өзен бойында орналасқан. Сол сияқты біздің өңірде де Сырдарияның аңғарынан су тоқтататын бөгеттер салып, көктемгі тасқын кезінде артық суды осында бұрып, егістік үшін жинайды. Менің тапсырмаммен Отырар, Арыс, Шардара ауданының əкімдері өзен аумағындағы алқаптарды суландырудың жобасын жасап шықты. Енді мұны облыста талқылап, тағы толықтырғаннан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынамыз. Оған қажетті қаржыны табатын боламыз. Егер жүзеге асса, қаншама халық жаңа жерге қоныстанып, жұмыспен қамтылып, табыс көзі артар еді. Диқандық кəсіпке бейім, əрі халқы тығыз қоныстанған аудандардың тұрғындары үшін қосымша тыныс ашылады. Сондықтан да аудан әкімдері мен тиісті сала басшылары осы бағыттағы жұмысты күшейтуі керек. Бұл жоба бізге жыл сайын қайталанатын тасқынның алдын алуға да тікелей септігін тигізетін болады», – деген Ж.Түймебаев ұсынылған жобаларды қайта дайындап нақтылауды тапсырды.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған