Қабылдау

Бүгін аудан әкімі Бақыт Қазанбасов ұзақ жылдар аудандарда, облысымызда басшылық қызметтер атқарған, бүгінде “Ақбұлақ” қоғамдық ұйымын басқарып отырған жерлесіміз Нілзия Рахышеваны 80 жасқа толуына байланысты қабылдады. Қабылдауға аудандық мәслихаттың хатшысы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімінің орынбасарлары Талғат Жамалов, Болат Сағынбеков, “Amanat” партиясы аудандық филиалының төрағасы Индира Спаналиева, аудандық Қоғамдық кеңесі мен Қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары Жұманғали Құмғанбаев, Қыдыралы Оралов қатысты.
-Нілзия апай, біз сізді жақсы білеміз. Байзақ, Талас, Красногор, Мойынқұм аудандарындағы, облыстық атқару комитеті мен облыс әкімшілігіндегі басшылық қызметтерде абыройлы еңбек еткеніңізді мақтан етеміз. Зейнетке шықсаңыз да үйде қарап отырмай, үкіметтік емес ұйымдарда еңбек етіп, қоғамға пайдаңызды тигізіп келесіз. Жастар тәрбиесінен де шет қалып жатқан жоқсыз.
Біз Сізді мерейлі 80 жасыңызбен және алдағы келе жатқан Жаңа жыл мерекеңізбен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық тілей отырып, атқарып отырған жұмысыңызда абыройға кенеле беріңіз,-деген аудан басшысы Бақыт Алпысбайұлы мерейтой иесіне құттықтау хатын табыстап, үстіне камзол, иығына орамал жапты.
Шараға қатысқан Б.Ақбаев, Ж.Құмғанбаев, Қ.Оралов, И.Спаналиева, С.Иманова Нілзия Алғазықызын 80 жас мерейтойымен құттықтап, ауданымызда аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет еткен жылдардан естеліктер айтты.
Нілзия Рахышева өзін арнайы қабылдап, сый-құрмет жасағандары үшін аудан әкіміне аналық алғысын айтып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ, сонау жылдары өзімен бірге осы ауданда қызмет еткен азаматтардың естелік айтып, көп нәрсені еске түсіргендері, ақ тілектеріне де ризашылығын білдірді.