Қадірменді сайтымыздың оқырмандары! Биыл ұлы ағартушы-ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойы.

Осыған орай, сіздердің назарларыңызға ақын, ғалым Серікбай Оспанұлының бабамыз жайында жазған тың дүниесін ұсынбақпыз.

Ыбырай дүниетанымы

Ислам  дінінің  бүкіл  түркі  халықтары  мен  басқа  да ұлттардың, ұлыстардың дүниетанымына әсер еткені даусыз. Солардың арасында қазақ халқының да сан ғасырлық қалыптасу тарихында мәдениетіміз бен әдебиетіміздің өркен-деуіне ислам дінінің қосқан үлесі зор. Оны салт-дәстүріміз бен  әдет-ғұрыптарымыздан,  халықтың  қара  өлеңдері  мен мақал-мәтелдерінен айқын аңғаруға болады.

Ыбырайдың  өмірге  көзқарасын  қарастырғанда  түркілік дүниетаным  сабақтастығын,  ол  өмір  сүрген  әлеуметтік мәдени  ортаны  ескере  отырып  талдап-таразылай  түскен абзал. Өйткені ол құдай жоқ деп зар қақсаған кешегі Кеңес дәуірінде өмір сүрген жоқ.

Егемендігімізді алдық, мешіттер бой көтеруде, медресе-лер, жоғары оқу орындары ашылуда, жастар дінге мойын бұра бастады. Енді Ыбырайға жаңа көзқарас қалыптасты-рып, оны кейінгі ұрпақ санасына сіңіру біздің парызымыз. Ыбырайға бәріміз де борыштымыз!aaa

Ыбырай  атасы  Балғожаның  қолында  өсті.  Қазақы тәлім-тәрбие  алды.  Көргені  –  намаз  оқып,  ораза  ұстаған Алланың ақ жолындағы адамдар, естігені – Құран, Ислам шариғаттары-заңы.  Тоғыз  жасында  Орынбор  Шекара комиссиясы жанынан қазақ балаларына арналып ашылған жеті жылдық  мектепте  оқыды.  Онда  Орынбор  мешітінің ахуны Ғұсман Мұсаұлы мұсылман дінінің иман-шарттарын құлағына құйды. Құранды бүкіл оқылу ережелерін сақтап оқуға үйретті. Араб, парсы, татар тілдерінен белгілі шығы-станушы Мірсалық Бекшораұлы сабақ берді. Сөйтіп ол құран сүрелерін өзгелерге түсіндіре алатын дәрежеге жетіп, дүниеианымы да қалыптаса түсті.

Ыбырай  Алла  Тағаланың  хақтығын  мойындағанымен көзсіз, соқыр сенімге берілмей, шындыққа жүгінді. Бұл жағынан Ұлы ұстаздың дүниетанымы ұлы ақын Абай Құнан-баев дүниетанымымен астасып жатады. Ыбырай да, Абай да Көкбай Жанатайұлының сөзімен айтсақ, «діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні етіп қолданған» [Жанатайұлы К. «Абай шын ағынасындағы мұсылман еді» «Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл», 10 желтоқсан, 2015. – 2 б.].

Бұл ойды Мұхтар Әуезов «Ол діннің құдайына иланады. Енді соның көп сипаттарын өз оқушысына баяндап береді. Сол  баяндауында  үнемі  адамдық  жақсы  қасиеттер  жағын айырықша екшеп, терумен болады. Ендеше бұл сөздің түп мазмұн-мақсаты  –  адамды  жақсы  етіп  шығаратын  қасиет, сипаттарды жеткізе түсу. Моральдық философияның, педа-гогикалық мұраттардың негізін діндегі негіздермен қабысты-рып бермекші» [Әуезов М. Абай Құнанбаев. Алматы. Санат, 1995.], – деп толықтырып, айқындай жеткізеді.

Ыбырай  шығармалары  туралы  да  осы  пікір-пайымды айтуға болады. Ұлы ұстаз да ислам дініндегі тән, қоршаған орта, рухани тазалық, тәлім-тәрбие жөніндегі Мұхаммед пайғамбардың  өсиет  хадистерінің  мән-мазмұнын  өзінің педагогикалық ой-пікірлеріне арқау етіп алған.

Ыбырай да, Абай да елге пайдалы адам балғысы келді. Бұл бір Аллаға деген сенімнен туындаған жүрек қалауы. Өйткені адамзаттың ардақты елшісі хазірет Мұхаммед Хадистерінде: «Ең  жақсы  адам-басқаға  пайдасы  тиген  адам»,  –  дейді. Ыбырай мен Абай сөздерінің бір-бірімен қабысып, үндесіп жатуының сыры – екеуінің де сусындаған бастау бұлағы – қасиетті құран, Мұхаммед пайғамбардың хадистері.Ыбырайдың дүниетанымы- түркілік дүниетаным, сенімі-хақтың діні. Оны бір ғана «Өсиет өлеңдерінен»-ақ байқаймыз:

«Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,

Тең етті бәрімізге күн мен айын».

Ақынның осы екі тармақ өлеңін оқығанда оның «Мұсыл-маншылық  тұтқасы»  кітіпшасындағы  мына  сөздер  еріксіз еске түседі: «Бұл – үстіміздегі шет-шегі жоқ көк, күндіз болса дүниені жарық еткен күн, кеш болса күлімсіреп тұрған ай, жұлдыздарменен  бұл  дүниені  айналып  жатқан  шеті  жоқ мұхит, теңіздері Һәм таулардан таза жауһардай жылтырап аққан  өзендері,  ішінде  неше  алуан  мақұлықтар,  балықта-рыменен, астымызда біздің дүниеміз атанған жер – қазып қарасақ, астында алтын, күміс, мыс, бақыр, темірменен һәм үстіне қарасаң алыстан тұманданып көрінген, ішіне кірсең жапырақтары жайқалып, дүниеге хош иістер жайған биік орман  ағаштар,  һәм  мың  түрлі  патшалы,  патшасыз  жұрт болып тұрған азаматтар мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық – қадір екендігіне дәлел болса керек».

Көріп отырсыздар, Ыбырай дүниетанымында да бәрін жаратқан құдіретті күшті бір Алла. Адам да, жан-жануар-лар да, аспан мен жер де Құдайдың туындылары. Осы ойын өлеңінде жалғай түсіп ол:

«Адамның адам біткен баласымыз,

Қайсың бөлек тудың деп айырайын», –

дейді.

Құран Кәрімде «Адам ата» хикаясында: «Алла екі күнде байтақ жерді жаратты. Жер үстіндегі тау-жоталарды жаратты», – делінеді.

Одан кейін Алла Тағала балшықтан Адам атаны – Сапи-олланы (Адам атаның шын аты) жасады. Оған жан салды… бойына білім сіңірді… Адамзат атаулы сол Адам ата мен Хау ана ұрпақтарымыз, яғни Ыбырай айтқандай, «бір адамның баласымыз».

Мұны қазір ескере береміз бе?! Бар адамзат Ыбырайша ойласа жер бетінде соғыс болар ма еді, болмас па еді?!

«Ислам  этикасы  (ахлақ)  мейірімділік,  төзімділік,  ықы-ластылық, шыншылдық, тазалық, жомарттық, бауырмал-дық,  кеңпейілдік,  аманатқа  қиянат  жасамау,  ар-намысты сақтау,  уәдеде  тұру  сияқты  көптеген жалпы адамзаттық құндылықтарды қамтиды» [«Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», Астана 19-ақпан, 2015. – 9 б.]

Ыбырай да елді мейірімділікке бауырмалдыққа, қайырым-дылыққа  үндеп,  ауызбіршілікке  шақырады.  Ауызбіршілік бар жерде ғылым мен өнер дамып, барлығы өсіп-өркендей-тіні анық. Сондықтан да ол:

«Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз», –

деп, ақ, қара, діні бір, діні басқа демей, бар адамзатты бауы-рмалдыққа шақырады. Бауырмалдық – мұсылман сипаттарының бірі.

Дәуіт-Дауыт пайғамбар аты Құран Кәрімде 16 жерде кез-деседі «Талұт», «Талұт пен Дәуіт», «Дәуіттің адасуы» атты хикаяларда оның іс-әрекеті сөз болады.

Ыбырай:

«Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен,

Патша боп бұл дүниеге даңқы кеткен», –

деп оны жырға қосады.

Дәуіттің даңқты патша екені шындық. Оның бірнеше ұлы болған,  алайда олардың  бәрі дүниеден өтіп,  жалғыз  ұлы Сүлеймен патшалық құрған. «Давид (Дауыт – С.О) қырық жыл патшалық еткеннен кейін өмірінің жетпіс жасында дүние  салған.  Дамаскіден  Египетке  және  Орта  теңізден

Иорданнан Шығысқа қарай кететін жерлерді алып жатқан мемлекетті баласына қалдырып кеткен…Соломон (Сүлеймен – С.О) ұлы данышпан аталған» [Косиловский З. Библейские сказания М., 1969. – 305–306. б.]. Енді бір деректе «Дәуіт пайғамбар жүз жасқа келген» [Қожа Ахмет Иассауи «Диуани хикмет» Алматы: Өнер баспасы, 2007. – 299 б.].

Ыбырай:

«Отыз ұлым бар ғой деп, көптік ойлап,

Құдайым отызын да әлек еткен.

Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,

Өзінің пенде екенін сонда біліп.

Мұнан соң Тақ-Сүлеймен туды дейді,

Отыз ұлға бір өзін жора қылып».

Дәуіт жасаған күнасына өкініп, Алла Тағаладан жалынып кешірім  сұрағаны  үшін  отыз  ұлының  орнына  отыз  ұлына татитын даңқты Сүлейменді береді.

Құранда «Сүлеймен және әйел патша Билегис», «Сүлей-меннің парасаты», «Сүлеймен өз әкесінің тахыдында» деген хикаялар бар.

Құран Кәрімде: «Жер бетінде қөкірек керіп жүрме» (Исра сүресі, 37), – делінеді.

Ы.Алтынсарин осы қағиданы жастарға тәлім-тәрбие беру үшін әдемі пайдаланған. Тәкәппарлық жарға соқтыратынын, бірақ кінәсін мойындап дұрыс жолға түссе, Алла Тағала кешіретінін ескертеді.

Су – қашаннан тіршілік көзі. Құранда «Бар тіршілік басы — су» деген жиі айтылады. «Барлық мақұлықты Алла судан жаратты…» [24 сүре, 45 аят].

Ыбырай:

«Ескендір патша болып дүниені алған,

Қалмаған бұл жалғанда ешбір арман.

Жалғыз-ақ өлмеске айла табамын деп,

Ізденіп, мәңгі суын соған барған».

Ислам дінінде тағдырды мойындау-парыз. Жақсылық та, жамандық та Алладан. Туғанда маңдайыңа не жазылса, сол болады. Оны өзгерту ешкімнің қолынан келмейді. Тіпті пайғамбарлар  да  бұған  дәрменсіз.  Ал,  асып-тасқан  Ескен-дір  патша  бар  арманы  орындалып,  дүниені  жаулап  енді маңдайға жазған тағдырын өзгертпек.

Ескендір-Ескендір Зұлқарнайын-Александр Македонский. Құран Кәрімде оның есімі үш жерде Зұлқарнайын деп ата-лады. «Зұлқарнайын» деген хикаятта:

«Зұлхарнайын – ұзақ жорықтан осынау бастамашысы суыт тартқан бойы Мағрип деген жерге жетті. Қарсыласқан жауын бұйым құрлы көрмей, жол бойындағы бөген атаулыны тапап өтіп  отырды.  Шіліңгір  ыстық,  шыңылтыр  суық,  жолдағы саз батпақ дегендерді елемей, үрдіс ілгерлей берді. Өйткені Алла оған медет бағыш етті. Оған қажетті нәрселердің бәрін жеткізіп отырды. Оны жеңімпаз етті»,- деп оның Алланың көмегі арқылы еткен кереметтері баян етіледі.

«Өсиет өлең»:

«Мәңгілік су ішкенге өлім болмас,

Ескендір мұны сұрап білгені рас.

Су әпкел деп жібереді уәзірін,

Уәзірі қасында Қыдыр-Ілияс»,-деп жалғасады.

Қыдыр-Ілияс туралы Құран Кәрімде «Бір пайғамбардың аты (Екі жерде бар)» делінген. Аты «Іляс» деп жазылған.

«Ең ежелгісі – Әл Хазир мұсылман мифологиясында көп-теген қасиеттерді- даналықты, қолшеберлікті, тапқыштықты, мейірімділікті бойына жинаған адамдарды кесапаттардан-өрттен, топан судан, жылан, бүйі уынан сақтаушы, бере-ке-бақыт әкелуші қария ретінде бейнеленеді» [Сәтбаева Ш. «Ы.Алтынсарин өрнектерінің кейбір сырлары» «Ыбырай Алтынсарин тағылымы: Әдеби-сын мақалалар мен зертте-улер / Құраст. М.Жармұхамедов. –Алматы: Жазушы, 1991. – 278 б.].

Ескендір мен уәзірі – Қыдыр-Ілияс судан ішіп, патша үшін тағы бір кесе су алдырмақ болып тұрғанда көздері бір адамға түседі. Жөн сұрасқанда ол мен де патша едім өлмеу үшін осы суды іздеп келдім. Бармаған жерім қалмады, елім де әбден әлекке түсті. Ақырында «кемдіктың неше түрлі бәрін көріп, Аһ, енді өлім болса маған дедім!». Бірақ Құдай-тағала өлім бермеді, енді дүниені тастап осында келдім, – дейді.

Қыдыр-Ілияс қайтып келіп кеседегі суын Ескендірге ұсы-нады. Ішейін деп Ескендір енді ұмтыла бергенде су оның аузына бармай қояды.

Маңдайға  жазған  тағдыр  өзгермейді!  Оны  өзгертемін деу-күнә! Құдайға қарсылық-серік келтіру. Автор осыны мегзейді.  Ал  әділдігі  үшін  Наушеруан  діні  кәпір  болса  да дозаққа күймейді:

«Наушаруан – діні кәпір, әділ өтті,

Дозаққа соның үшін жағылмады».

Наушаруан – ежелгі Иран патшасы. Ыбырай әділдікті ту етіп, «Не болды тәкәппарлық қылғаны үшін?» деп, өркөкірек-тікті сынайды.

Аюп — Құран Кәрімде – Әйүп, пайғамбардың аты, құранда есімі төрт жерде кездеседі. Әйуп жайындағы хикаят «Алла Тағала Әйүптің төзіміне сый көрсетті. Байлығын өзіне қай-тарды. Рақым қылып бір бала берді. Ол шынында, адал сенімнің өнегесі еді»,-деп қорытындыланады.

Ыбырай:

«Аюпты сегіз жылдай мың құрт жеді,

Болыпты бөлек-бөлек соның тәні.

Мал-жанның өре туған бәрі безіп,

Далада жалғыз жатып, «Алла» деді.

Малды алды, баланы алды, сабыр етті,

Дұшпандар мысқыл атып жәбір етті.

Разымын не берсең де, Құдайым,-деп,

Бәрін де қабақ шытпай қабыл етті».

Хадис: «Өзіңізге бағынышты тілсіз мақұлықтар жануар-ларға қиянат жасаудан сақтаныңыз. Мінуге, жеуге жаралған-дарының әрқайсысын сол мақсаттарға жұмсаңыз».

Ыбырай:

«Қорлама кем адамды босаң дана,

Ғаріпті Құдай сүйсе нендей шара?!

Ер болған сиыр бағып Зеңгібаба,

Пір болды түйешіден Ойсылқара».

Ақын бұл өлеңінде терме үлгісінде өнеге, өсиет, ақыл, нақыл,  сөздерді  теріп  айтып  өтеді.  Негізгі  мақсат-мүдде  – жастарға тәлім-тәрбие беру, жақсылыққа жетелеп, жаман әдеттерден жирендіру. Мұны өлеңнің «Өсиет өлеңдер» деген тақырыбы да айтып тұр.

Хадис: «Құдайдан қорық! Азғантай жақсылықтың өзін азырқанба».

Ыбырай:

«Ұмытпа бай болдым деп Бір Құдайды».

Құранда Харұн-Қарынбай арбап-алдап Мұсаны ел-жұр-тынан алыстатпақ болады. Алайда оны Алла тағала біліп, жат ниетін ашады. Ділі пәк Мұса сыннан өтіп, абыройы бұрынғыдан  да  бетер  арта  түседі.  Харұнды  тура  жолға түсіруді  ойлаған  Мұсаның  іс-әрекетінен  ештеңе  шықпай, әбден түңіледі. Харұнның ел-жұрты жамандыққа бастауынан құтылу үшін оны мықтап жазалауын Алладан мінажат етіп тілейді.

Алла Тағала оның өтінішін қабыл алады. Байтақ жер бір-ақ опырылып, ойылып түсіп, үйлер құлап қирайды. Алланың алдында Харұнға көмек беруге ешбір адам шықпайды.

Қара  жер  жарылады  да,  оның  үйін  де,  мал-мүлкін  де жұтады. Оның соңынан ерген оңбаған адамдар да жер астына түсіп жоқ болады».

Атымтай Жомарт-VI ортасында өмір сүрген араб ақыны Хатим Ат-тай. Шығыс халықтарының ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын кейіпкер. Асқан жомарт, кеңпейіл иесі.

«Ыбырай:

Мекенін білемісің қайда қалды,

Жомарттық қылған үшін Атымтайдың».

Хадис: «Адамнан ұялмаған адам Алладан да ұялмайды… Алла Тағаладан шын ұялыңдар, өйткені сендердің тіршілік-теріңді, мінез-құлықтарыңды Алла Тағала жаратты».

Ыбырай:

«Иманды ер Құдайынан ұялады,

Ұялып Иесінен сый алады».

Хадисте: «Кімде-кім өзіне бір жетімді тәрбиелесе немесе бөтен жетімді кәмелетке жеткенше бақса, ол адам міндетті түрде жұмаққа барады», – делініп, жарлы-жақыабайға, жетім-жесірге, жоқ-жітік адамдарға қайырымдылық жасау уағыздалады.

Ыбырай:

«Ренжітпе пенде болсаң бейшараны,

Кәріп көңілі бір сынған пияла-ды», –

деп  шарасыз  пенденің  көңілін  қалдырма  деп,  оны  сынған кесеге теңейді. Яғни қайырымдылыққа, кісінің көңіліне тимеуді үндейді.

Хадис: «Кәсіптің ең жақсысы – өз қолыңмен жасаған нәр-сең…  Қайыр  тілегеннен  гөрі  қолыңа  арқан  алып,  орманға барып, ағаш теріп, оны сатып тамақ тапқан артық».

Ыбырай.

«Араз бол, кедей болсаң, ұлықпенен,

Кете бар кессе басың шындықпенен!

Қорек тап, бейнеттен де Тәңірің жәрдем,

Телмірме бір адамға мұңлықпенен!»

«Жүсіп-Зылиха»  жайындағы  аңыз,  Шығыста  көп  жыр-ланған сюжет. Көпке белгілі, Құранның 12-сүресінде «Жүсіп» әңгімесі әңгімелердің ішіндегі ең жақсысы… [Қыраубаева А. «Ғасырлар мұрасы»,1988. – 40 б.].

Ыбырай:

«Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,

Ажарсыз адамдарды ал назарыңа

Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,

Тұрмаған ажал ара ажалына!»

Хадис: «Не нәрсенің бәрі де тіпті, шексіздік пен дарын-дылық та Алланың әмірімен болады».

Ыбырай:

«Ит үрер жақсыға да, жаманға да,

Қылмағы бірақ залал Құдайдан-ды!»

Ыбырайдың  аса  бай  халық  мұрасы  –  өлең-жырлар  мен мақал-мәтелдерінен, ертегілерінен сусындап өскені, оны ел арасынан жинап «Қазақ хрестоматиясы» кітабына енгізгені баршаға мәлім.

«Өсиет өлеңдерінде» сол ауыз әдебиетін негізге алып, кей-бір үлгілерін шығармаларында орынды пайдалана білгені де байқалады.

Халық әдебиетінде сиыр пірі – Зеңгібаба, қой пірі – Қамбар ата, түйе пірі – Ойсылқара. Ыбырай «Ер болған сиыр бағып Зеңгібаба, пір болды түйешіден Ойсылқара» деп, балаларға осы екі түлік атасының діни философиялық мән-мағынасын ашады.

Ислам дінінде «Пір» – қолдап қорғаушы рух. «Рух» — сөзінің мағынасы «жан», «күш», «Исра» сүресінің 85 аятында: «Әй, Мұхаммед! Сенен рухтың не екенін сұрайды. Айт: Рух Раб-бымыздың әмірінде, (Бұл жайында) сіздерге өте аз мағұлмат берілген»,- делінеді.

Ауыз әдебиетіндегі төрт түлік туралы өлеңдерде «Шаға-ладай құрты бар, Шопан ата баласы», «Шүйде жалды, жел-келі, Сексек ата баласы», «Буыны бар сыртылдақ, Зеңгі баба баласы», «Қашқандарды қоймаған, Жылқышы ата баласы», «Шешіп  үйін  жүктеген,  Ойсыл  қара  баласы»  [«Асыл  сөз», «Жалын», 1987. – 28–34 б.] – деп балаларға түсінікті болу үшін «Пір» демей «Атасы» деп алған. Өсиет те – үгіт, наси-хат. Автордың негізгі айтпағы – «Бейнетсіз рахат жоқ», «Мал баққанға бітер», «Еңбек ер атандырар».

Қара өлең:

«Төмендеуі адамның тіпті оңай,

Жүріп тұрған басынан тайса бағы».      («Қара өлең», 73 б.)

Ыбырай:

«Бақ тайса ерге дәулет құралмаған».

Қара өлең:

«Жолдас болсаң жаманмен жарға жығар,

Жазатайым аяғың шалыс болса». («Қара өлең», 67 б.)

Ыбырай:

«Достарың, дұшпан түгіл, табалайды

Аяғың бір нәрседен шалыс болса».

Маңдайдағы бақ та, астыңдағы тақ та, байлық та мәңгілік емес.

Қара өлең:

«Шаттық пен қайғы арасы бір-ақ қадам,

Тағдырдың пендесі жоқ жылатпаған

Өкінбе өткен іске, үміт үзбе,

Бақ та жоқ, байлық та жоқ тұрақтаған».

Ыбырай:

«Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,

Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.

Іске аспай бақ-дәулеттің қалуы оңай,

Басыңнан бағың тайған шағыңызда»

Ыбырай да, Абай да Ислам құндылықтарымен қатар Батыс, Шығыс, Еуропа, әсіресе орыс классикалық әдебиетінің нәрін  бойларына  сіңіріп,  олардың  ағартушылық  ілімін  өз дәстүрлеріне үйлестіре жүргізді.

Жоғарыда  айтып  өткеніміздей,  ұлы  педагог  Құран  мен Хадистердің балаларға тәлім-тәрбиелік мәні зор тұстарын шығармаларында орнын тауып әдемі қолдана білді. Ыбы-райдың осы әдіс-тәсілі қазір де мектептер мен жоғары оқу орындарында  пайдаланылса,  жас  ұрпақ  дінінен,  ділінен, тілінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен алшақтамас еді.

 

Серікбай Оспанұлы,

ақын, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Әлем халықтары Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты