Қағаз мүйізді  қайраткер

Болашақ фильмнің бір персонажын сомдай салайын. Бұл бір майлинше соғатын типтік бейне. Ал менікі қара байыр баяндау ғана.

Қазір қазақта не көп – мәселе көп және кім көп – ұлтшыл көп. Бірақ ұлтшылдардың ішінде мүйізділері  бар. Ол мүйіз біреуде шынайы енді біреулерде қағаздан жапсыра салған — жасанды. Яғни жасанды жолмен ұлтшылдар ауласына кіріп алған қайраткерлер. Және солардың бірқатары бүгінде төрді бермейді, биліктің біршама тағына бір жерін иіскетіп үлгерген. Бұндайлар ұлттың мәселесін шыңғыра жүріп, ойбай сала, аттандап, жыртылып-айырылып көтереді. Біреуін шешсе, біреуін шешпейді, басты мақсаты — өзін бас ұлтшыл деген қасиетті мәртебеге ие ету. Ұтымды да абыройлы тәсіл әрі тақырып.

Сондай кісі оншақты жыл бұрын наурыз туралы жинақ шығаратын болды. Мен сол кезде наурызды бастап зерттеп жүрген шағым. Қуанып кетіп үйіп-төгіп, таңдауын алсын деп бірнеше мақала бергем.

Шыққан жинақты қарасам, бір де біреуі кірмепті.

2013 жылы шыққан «нау мен ырыс» кітабыма әзірлік кезінде әлгі жинақтан біршама нәрлі нәрсе табармын деп қайтадан шолсам, тіскебасар ештеңе жоқ…

Осылай…

Осылай болғанда, наурызды өзім де таныдым, өзгеге де біршама таныттым. Алайда наурыз мерекесі де өз мазмұнымен мерекеленетін түрі жоқ. Оған ықпал ететін қағаз мүйізім де жоқ.

Осындайда ойланам, бәлкім, әлгі қағазмүйізділер бастарын желіммен бекер айғыздамайтын болар деп…

Әне, телеэкраннан қағазмүйізді сол өршелене сұхбат беріп жатыр… Әкесінің құны қалғандай. Бүкіл қазақ сол тумағанда жер бетінен жым-жылас болатындай құдды.

 

Ерғали Серік