Қағбаның алтын құлпы – Қазақстанда

Биыл еліміздің тарихында ерекше бір оқиға орын алды. Меккедегі қасиетті Қағбаның есігінде 1982 жылдан 2012 жылға дейін 30 жыл тұрған алтын құлып пен кілт тұңғыш рет Қазақстанға келді. Бұны сонау халифалар заманынан бері Қағбаның кілтіне иелік етіп келе жатқан Бәни Шәйба ұрпақтары «Нұр-Қазақстан» қажылық компаниясының президенті Амангелді Әбдіхалыққа сыйға тартыпты. Біз осы оқиға жайлы және Қағбаның кілті туралы толығырақ мәлімет алу мақсатында Амангелді Еренғайыпұлына жолығып, сұхбаттасқан болатынбыз. – Амангелді аға, ең алдымен Қағбаның кілті жайлы айтып берсеңіз. Оған бағзы дәуірден бері неліктен тек Бәни Шәйба ұрпақтары ғана иелік етіп келеді? – Мейірімді де Рақымды Алланың атымен бастаймын! Исламға дейінгі жаһилият дәуірінде Қағбаның кілті Ғұсман ибн Талханың қолында болатын. Ол өзінің бір риуаятында айтады: «Қағбаның есігін аптасына 2 рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері ашатынбыз. Қалаған адамды ішіне кірзігіп, қаламаған адамды кеудеден итеретін едік. Біз рұқсат берген адам ғана Қағбаға кіре алатын. Бір күні Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Қағбаға кіру үшін келе жатқанын алыстан көрдім. Ол кезде жасы 37-де, яғни әлі Пайғамбарлық келмей тұрған кез еді. Оны кіргізбеймін деген оймен Қағбаның табалдырығына қолымды бүйіріме таянып тұрып алдым. Мұхаммед (с.ғ.с.) менің ойымды біліп тұрса да, қасыма келді де: «Ей, Ғұсман! – деді. – Күндердің күні бір уақыт келеді, мына Қағбаның кілтін менің қолымнан көресің. Сол кезде кілтті өзіңе қайтарамын!».

Kazislam.kz