Қаймағы бұзылмаған қазақ тілін сақтап қала аламыз ба?

Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту қазіргі күні айтыла-айтыла әбден жауыр болған мәселе. Бірақ айтпай, жазбай, қозғамай «жабулы қазан күйінде» қалдыруға болмайды. Халқымызбен бірге сан ғасырлар жасап келе жатқан ана тілінің қалыптасқан ішкі жүйесі, әбден жетілген, сараланған, салаланған жүйесі бар. Бұлжымас қатаң заңдары бар Өзгертуге келмейтін заңдылықтары мен ережелері бар. Сондықтан бүгінгі таңда айтып жүрген қазақ тілін реформалау туралы айтар болсақ… «Құлақтарыңа алтын сырға» дегендей қазақ тілін реформалауға болмайды, ол реформаланбайды да. Тек қазақ тілінің қоғамдағы қызметін арттыру, қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл ретіндегі заңды тұғырына «қонуы», ұлтаралық қантынас тілі деңгейіне көтерілуі секілді мәселелерге реформа керек. Яғни тіл саясатына реформа керек. Сондықтан 2020-2025 жыл¬дарға арналған тіл саласы бойынша мемлекеттік бағдарлама «Қазақстан Респуб¬ли¬касындағы тіл саясатын іске асыру» деп аталып отыр.
Осы орайда тіл саясатын іске асыру дегеніміз не дегенге тоқталатын болсақ. Алдымен қазақ тілін мемлекеттік идеологияға айналдыру маңызды. Мемлекеттік қызметкерлер, тіпті Үкімет, Парламенттен бастап жиындарды, конференция, форумдарды қазақша өткізуге дағдылануы керек. Әйтпесе өзің өзге тілде сөйлеп, басқаларға неге қазақша айтпайсың дегеннен ештеңе өзгермейді. Сондай-ақ бізде тіл саясатын реттеу, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазіргідей ақпараттық технология заманында тілімізді цифрландыру секілді қадау-қадау мәселелермен айналысатын Ахмет Байтұрсынов атында Тіл білімі институты бар. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы институттың директоры Анар Фазылжанованы қабылдады. А. Фазылжанова Президентпен кездесу барысында қазақ тілінің қазіргі ахуалын жан-жақты талдай келіп, институт айналысып жатқан үш негізгі бағыт бойынша жоспарымен таныстырған-ды. Біріншісі, қазақ тілі тіл білімінің теориялық аспектілерін әлемдік тіл білімінің даму жағдайында зерттеу. Екінші бағыт – қазақ тілін цифрландыру, атап айтқанда, қазақ тілінің ұлттық корпусы деп аталатын электронды ақпараттық ресурс құру. Үшінші бағыт – қазақ тілін реформалау. Оның мақсаты – қазақ тілінің ғылымда қолдану аясын кеңейту. Аталған мәселелер өзекті екені белгілі.
Алайда қазақ тілінің қоғамдағы қолданыс аясының кеңеюіне дәл қазір қандай фактор әсер етуі керек, осы уақытқа дейін қандай фактор әсер етіп келді деген сұрақтың маңызы зор. Шындығын айтар болсақ, қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне мүдделі болып отырған негізгі фоктор қоғам, яғни халықтың өзі, қоғам талап ете бастағанымен жағдай әлі де күрделі күйінде қалып келеді. Мысалы қазақ тілінің насихат жұмысына қатысты айтар болсақ, қазақ қоғамы екіге жарылғанын, екі тілді қоғам екенін мойындаймыз. Тіпті жоғары билік те, медиа да қазақ тілді және орыс тілді болып бөлінеді. Орыс тілді медиада қазақ тілінің жағдайы, оның мемлекеттік тіл екені айтылмайды, жазылмайды. Олар Ата заңда орыс тілі де ресми тіл, қазақ тілін білу міндетті емес деген принципке жабысып алған.
Ал қазақ тіліндегі насихаттың түріне келетін болсақ, ана тілімізге қамқор болып, жоғын түгендеп жүрген пәленбей ұйым, бірлестік, итіл оқыту курстары, орталықтары барын, оларға мемлекеттен аз ба көп пе қаражат та бөлініп жататынын естиміз. Бірақ нәтиже жоқ. Неге? Себебі қазақ тіліне қазақ елінде қажеттілік жоқ. Дегенмен, қазақ тілінің табиғи түрде дамып келе жатқаны ақиқат. Демографиялық өсімнің арқасында қазақ тілінің қолданыс мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. 2021 жылғы ұлттық санақтың қорытындысына сенсек, мемлекеттік тілді білетін азаматтардың үлес салмағы 80 пайызға жеткен. Өздеріңіз байқап жүргендеріңіздей, қадірлі оқырман қазір сауда орындарында, ойын-сауық орталықтарында, асхана-кофелерде қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін азаматтар саны артқан. Тіпті терминал тілін қазақша пайдаланатындардың да қатары күн санап өсіп келеді. Сондықтан қазақ тілі қаласақ та қаламасақ та қоғамдағы өз орнын табиғи түрде түбі айқындайтыны анық. Кең пейіл қазақтың «Сабыр түбі сары алтын» дегеніндей, қазақ тілі – ана тіліміз проблемасы күрделі саяси ойынға айналмай, қадір-қасиетін қашырмай киелі күйінде өрістеп келеді. Әлемде екі аптада бір байырғы халықтың тілі жойылады деген қорқынышты статистиканың қазіргі қазақ тілінің ахуалына қатысы жоқ деп толық айта аламыз. Ендігі бір мәселе киелі тіліміздің саф таза күйінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа құнарын жоймай жетуіне жіті мән беру болып отыр. Қазір қаймағы бұзылмаған қазақ тілін сақтап қала аламыз ба? Деген сұрақ өзекті бола бастады. Сондай-ақ әлем халықтарының ішіндегі ең бай, ең құнарлы, қаймағы бұзылмаған қазақ тілінің бүгінгі ақпараттық технология ғасырында қасаң тілге айналып кету қаупі барын естен шығармағанымыз абзал. Ол үшін әдебиетіміз, руханиятымыз, тарихымыз, бабадан жеткен асыл мұрамыз үнемі оқырманнан, өскелең ұрпақтан ешқашан қол үзбеуі керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ