Қайран біздің аналар арды ойлаған !
Президент Қ.К. Тоқаевтың «Әке туралы ой-толғау» кітабынан Анасы Тұрар апай туралы айтқан пікірлерінен үзіндімен бөлісуді жөн көріп отырмын
Анам үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап, өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын…
Ешкімді ренжіткім келмейді, алайда барлығының бірдей шешелері балаларының оқуына дәл осылай мұқият қарай бермейді. Біздің анамыз ұсақ-түйек нәрсеге дейін түгел білуді қажет санады. Ол кісінің қатысуынсыз ата-аналар жиналысы өткен емес. Төрт баласының оқытушыларының бәрін білетін. Балалық тентектігімізге, жеткіншектік қуаныш пен күйініш-сүйінішімізге қатысты жайларды түп-түгел сезініп отыратын. Анығын айтқанда, анамыздан жасыратын құпиямыз болған жоқ. Ол кісі біздің өмірмен ғұмыр кешті, ал біз оның өмірінің ажырамас бөлшегі едік…
Мен еліміздің үкімет мүшесі болғанда да, өзінің қарапайым адам, әйел-ана ретіндегі қайырымдылығынан, әдебі мен сезімталдығынан өзгерген емес. Ол кісінің министрдің шешесі екендігін Алматыда көп адам біле де бермейтін. Мұндай мінез шынайы құрмет сезімін туғызары талассыз, өйткені ол менің тәрбиеме қаншама ерік-күшін жұмсады. Оның үстіне, ол кісінің инабаттылығы осы күнгі, әжептеуір жасқа келсе де, салтанатты дастарқандарға қатысуды, онымен шектелмей, бала тәрбиесі төңірегінде ұзақ-сонар ақыл айтуды басты міндеті санайтын кейбір сөзуар әйелдермен мүлде қабыспайды. Анам, керісінше, мұндай ірі жиын-тойлардан қашық жүруге тырысатын..
Ләззат Сүлеймен ның фб парақшасынан