Қайрат батыр (поэма)

 

Жел кірді көңіліме жиырма бірде…

Қайрат Рысқұлбеков

І.

Төбешіктен бодан ел әрі аспайды,

Бұл пікірмен еш адам таласпайды.

Қазақ деген тулаған теңіз еді,

Ал теңізге момындық жараспайды.

 

Төздірмейтін бұғауға халқымды ары,

Шығармадық санадан ол күнді әлі.

Қазақ дейтін теңіздің қайда кеткен,

Асау әрі екпінді толқындары?!

 

Тимеу үшін кесапат адамдыққа,

Күресе біл, керексе, одан да ықпа.

Қалай тыныш жатты екен жарты ғасыр,

Буырқанып, шамданбай бодандыққа.

 

…Теңдік сұрар іздейді өлкем ерін,

Аңыз қылып жырлайтын ертең елім.

Жарты ғасыр өтіпті-ау, залым билік,

Өлтіргелі Алаштың серкелерін.

 

Алып елдің білген бе құлайтынын,

Бұрын-соңды болмайтын бұлай тыным.

Жарты ғасыр содан соң ер шықпады,

Азаттықты ақырып сұрайтұғын.

 

Мекенімде қалдырды құтымды аз-ақ,

Отаршылдар далама түкірді азап.

Бодандыққа еті өліп, рухы семіп,

Көнбіс болып кеткен бе бүкіл қазақ?!

 

Жо-жоқ, асып-тасқанды қылыш шаппақ!

Қиянатшыл, зорлықшыл ұрыс таппақ.

Қалың елден бір батыр туу керек,

Алып теңіз қашанғы тыныш жатпақ!?

                       ***

Бұл халықтың байлығы мүлкі – жыры,

Ерлер жайлы жырлайды түркі жыры.

Жиырмасыншы ғасырдың кешегі өткен,

Еді алпыс алтыншы, жылқы жылы.

 

Жүрегіне иманнан дән еккеннің,

Алла берер тілегін дәметкеннің.

Он үшінші наурызда бір ұл туды,

Ноғайбай мен үйінде Дәметкеннің.

 

Дүркіретіп өткізіп жатыр тойды,

Ата-анасы тереңге батырды ойды.

Өршіл, қайсар, намысшыл болса екен деп,

Нәрестенің Қайрат деп атын қойды.

 

Долы өзендей арыны арқыраған,

Дараланды секілді Алтын адам.

Тай күнінде танылған тұлпардайын,

Бала болды ол маңдайы жарқыраған,

 

Елдің қамын жүретін ойлап дара,

Ескертетін бұзыққа жайлап қана.

Болмысымен разы қып айналасын,

Алғыр болып ер жетті Қайрат бала.

                      ***

Өмір бойы деп өтер «халқым, елім»,

Бодандықтың көгінде ол күн еді.

Қайрат батыр – өр теңіз тебіренгенде,

Туған асау, сұрапыл толқын еді.

 

Студенттік шағында көрінді бұл,

Зор еңбекпен алады жеріңді гүл.

Тәуелсіздік күнінен ер ісінің,

Арқасында далама төгілді нұр.

 

ІІ.

Олар қорқақ емес-ті тұрып қалар,

Жас жанымды демеді суық шалар…

Желтоқсанның ызғарлы он алтысы

Алматыда дүңк етті суық хабар.

 

Ел үніне партия тас атыпты,

Батпан құйрық Колбинге асатыпты.

Он сегіз-ақ минуттық жиналыста,

Қонаевты орнынан босатыпты.

 

Шектен шықты қазақты шектегені,

Қандай қорлық қиянат етпеп еді?!

Бодандықта ашынған ашулы елге,

Осы ғана еді енді жетпегені!

 

Бұқараға жебе қып атпа мұңды,

Саны аз ұлтқа миуалы бақ тарылды.

Ашу толы төзімнің кесесіне,

Соңғы тамшы тамды да, ақтарылды.

 

Қауым үшін бес тиын бағаң жоқта,

Жалын жұрттың ішіне алау жақпа!

Қаны қыз-қыз қайнаған студенттер,

Топ-тобымен ағылды алаң жаққа.

 

Жиырма жасар жігітті баласынба,

Емдесе елдің, наласын, жарасын да.

Шындық іздеп шарқ ұрған өр жастардың

Қайрат ер де бар еді арасында.

 

«Жан шыдамас төзіп ек азапқа да

Сабырымыз қалды енді аз-ақ қана.

Ұл туғанда аналар қалжа жеген,

Тізгін ұстар ерлер бар қазақта да!

 

Әркімге ыстық өз үйі, өз төсегі,

Алтын барда не керек жез кесегі?!

Қайта берсін еліне Колбин жолдас,

Билеу керек әр елді өз көсемі!»

 

Жас батырлар осылай ұрандады,

Озбырлыққа шыдап еш тұра алмады.

Зорлығына жыртқыштың қарсы шықты,

Қайсар елдің тастүлек қырандары.

 

Жетер енді, қазағым, шыдағаның!

Көре тұра ұл-қызың жылағанын.

Жер жаңғыртып алаңда шырқады олар,

Жұмекен мен Шәмшінің ұран әнін:

 

«Алтын күн аспаны,

Алтын дән даласы,

Думанды бастады,

Далама қарашы.

Кең екен

Жер деген,

Жерге дән шықты ғой.

Дән егіп терлеген,

Қазағым мықты ғой.

 

Менің елім, менің елім,

 Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім,

Туған жерім менің – Қазақстаным.

 

Сағымды далам бар,

Сабырлы көлім бар.

Қараңдар, жарандар,

Осындай елім бар.

Қарсы алған уақытты,

Ежелгі досындай.

Біздің ел бақытты,

Біздің ел осындай.

 

Менің елім, менің елім,

 Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім,

Туған жерім менің – Қазақстаным».

 

Найзағайдың орнына жай қаларын,

Сәйгүліктің соңында тай қаларын.

Қайран жастар білмеді көп ұзамай,

Әнұранға бұл әннің айналарын.

 

Қамшылады өз-өзін қайрап батыр,

Өн бойында бұлқынып қайрат жатыр.

Жиырмасында жасындай жарқылдап жүр,

Ноғайбайдың баласы Қайрат батыр.

 

«Бар қазақтың ашынған дауысымыз,

Ұлтын сүйген ұландар қауышыңыз.

Үш күн, достар, шыдайық, шыдай алсақ,

БҰҰ-ға да жетеді дауысымыз».

 

Деп Қайрат ер тынымсыз жар салады,

Жігеріне көрген жан тамсанады.

Көппен бірге болмауды сын сағатта,

Әр жас қазақ өзіне ар санады.

 

ІІІ.

Ақиқатқа бөгет боп асқар тұрды,

Сол асқарға ақырып жастар тұрды.

Залым билік жастарды таратам деп,

«Бұрқасындай» сұрапыл жоспар құрды.

 

Баһадүрлер алаңда ән сап тұрды,

Еркіндікті, елдікті аңсап тұрды.

Қорғаны жоқ жастарды қаруы жоқ,

Бес қаруы сай әскер қоршап тұрды.

 

Шындық құнын не дерсің кеш білерге?!

Адамдардың тағдырын шешті пенде…

Шабуылын төбеттер бастап кетті,

«Алға!» деген айтақты естігенде.

 

Шабуылын төбеттер бастап кетті,

Кейбір жасты айбары жасқап кетті.

Кейбір жасты киімін сыпырып ап,

Айдалаға аязда тастап кетті.

 

Қауіп-қатер дегенің бөгет пе ерге?!

Ерлігімен ер өзін елетті елге.

Қарақшылар алаңда қыз-жігітті,

Талатқызды қабаған төбеттерге.

 

Ерлер ғана ел жүгін көтереді,

Сұм жендеттер соны ұқсаң не етер еді?!

Бас-көз демей, қыз демей, жігіт демей,

Сапер күрек, дойырмен төпеледі.

 

Қатар тұрып айқасты ар мен мүдде,

Жүрегім ел қорғаған жанмен бірге.

Жерге батыр жастардың қаны сіңді,

Рухы сіңді, әлбетте, қанмен бірге!

 

Анықталды санасы саяз ұл да,

Анықталды деңгейі таяз ұл да.

Су шашты өрт сөндіргіш машинамен,

Желтоқсанның қақаған аязында.

 

Ғажап ұлттың еркесін, ғажап қызын,

Инабатты, ибалы, озат қызын.

Ата-анасы аялап әлпештеген,

Шаштан сүйреп қор қылды-ау қазақ қызын!

 

Қаруы жоқ жастарға басынар тек,

Сұм жендеттер әлі алда тосылар көп.

Жатқызды олар көк мұзға аруларды,

«Қазақтарды туатын осылар» деп.

 

Қорлағанда осылай қарындасын,

Жігіт қалай намыстан жарылмасын?!

Жалаң қолмен Қайраттар төбелесті,

Ыза кернеп, тынысы тарылғасын.

 

Түк бітірмес қарусыз топ жігіт те,

Болғанымен алапат от жігіттер.

Әскер темір құрсанған шыдата ма,

Сұлап жатты қан-жоса боп жігіттер.

 

Себепкері зұлымдар жамандықтың,

Жеңілсе де, ықпайды одан мықтың.

Қырдың қызыл гүлдерін жаныштады,

Ауыр батпан табаны бодандықтың.

 

Жәбірлеумен сан жыл қор тұтқаны шын,

Көк сүңгісін зорлықтың сұққаны шын.

Жаншығанмен жастардың ереуілін,

Жанши алған жоқ бірақ рух-намысын!

 

Жалған хабар жан-жаққа таратылды,

Жүректерде жазылмас жара тұрды,

Қайран жастар әділдік іздеп шыққан,

Долы күшпен аяусыз таратылды.

 

Жем боп жатса, аяусыз дұшпанға елі,

Тыныштықтың көгінде ұшқан ба ері?!

Желтоқсанда көрінді зұлымдардың,

Ызғарлырақ екені қыстан гөрі!

 

Өлімші қып сан жасты жаралады,

Бар қазаққа Желтоқсан нала-дағы.

Адамдарға лық толды аурухана,

Жындыхана, түрмелер қаладағы.

 

Халық сақтай қоя ма ұзақ ізет?

Кеткеннен соң жолдағы тұзақ үдеп?!

Сайқал билік жастарды айыптады

Нашақор деп, маскүнем, бұзақы деп.

 

Ел азаттық тілейді, жұрт азаттық,

Жарқын өмір сүрудің кілті – азаттық.

Студенттер бастаған бейбіт шеру,

Арпалысқа ұласты ұлт-азаттық.

 

Тоздырды әбден қазақтың даласын да,

Былғады әбден қазақтың санасын да.

Алматыда басталған бейбіт шеру

Болып өтті елдің көп қаласында.

 

Нағыз ерлер сын сәтте ақырады,

Ақырады, ашуын шақырады.

Арктика мұзындай қатқан жүйе,

Желтоқсанда алғаш рет қақырады.

 

Алмағайып кезде елден қашқан оңбас,

Сужүректі алдынан тосқан алмас

Желтоқсанда, отаршыл мемлекетте,

Болат ірге сөгіле бастады алғаш.

 

Ел ашуы бейне бір сұсты алмас,

Бірлігі нық жұртты еш күшті алмас.

Бодандықтың мызғымас жартасына,

Желтоқсанда жарықшақ түсті алғаш.

 

Саха, Якут елдікті қалады әні,

Шектен шығып орыстың алалауы.

Әзірбайжан, Грузия, Өзбек, Қырғыз,

Көтерілді Балтықтың жағалауы.

 

Қарақшылар лайлады, ластап елді,

Жастар жолда бөгетке, тасқа көнді.

Шүйлігіп ап, құзғындай сұм жендеттер,

Батырларды қудалай бастады енді.

 

Қасқыр итке сорлатты талатты да,

Түсті ізіне жастарды таратты да.

Туысының үйінен ұстап әкеп,

Ер Қайратты қамады абақтыға.

 

Ертеңіне ел сенген басты үмітке,

Қараулыққа, ездікке қас жігітке.

Өлтірдің деп жасақшы Савицкийді,

Жала жапты бейкүнә жас жігітке.

 

Шибөрілер көкжалды талағаны,

Неткен сұмдық!

Ездердің қалағаны.

Темір торға сыя алмай аласұрды,

Бөрі елдің арланы, абаданы.

 

Қыран бүркіт торықты тор қапаста,

Тұнып тұрды ызалы зар  қапаста.

Батыр болған Қайрат ер жиырмасында,

Күңіренді, қамықты тар қапаста.

 

Пәк болатын көктемдей таңы таза,

Ол жас өскін гүл еді нәрі таза.

Қасірет пен қайғыдан құса болды,

Жаны таза жас батыр ары таза.

 

Бостандыққа бұла күш бұлқынады,

Ызаланып, айқай сап жұлқынады.

«Мұны неге кием?!» деп,

Үстіндегі

Қара ала киімін жұлқылады.

 

Саф ауаны сағынып сар даланы,

Еркіндікке есіл ер зар болады.

Айыбының біле алмай не екенін,

Айыбы жоқ қайран жас дал болады.

 

«Өмір бойы жолым болып көрмеді,
Жылап келем бұл дүниеге келгелі.
Қайғы шаңы басты менің денемді,
Түспейді шаң сілкінсем де мен енді.

 

Тағдыр мені аямады, қорлады,
Жалынсам да, жыласам да болмады.
Қараңғы өмір бақытым жоқ, жоқ менің,
Армандаған ақ сәулеге жетпедім.
Жолдаған сәлемімді дос алмады,
Шын ба екен-ау тас керең боп қалғаны.
Айта берем, айта берем қайбірін,
Ауыр менің, ауыр менің тағдырым».1    (1Қайраттың өз өлеңі («Менің тағдырым»))      

 

Мұңын шақты осылай өлеңіне,

Сырын ашты алайда керегі не?!

Дәлелдейтін жазықсыз екендігін,

Куәгерін жендеттер еледі ме?!

 

Сұм жендеттер, жазаңды аласың көп,

Бұйрық берді Қайратты сабасын деп.

Ұрып-соқты, көк ала қойдай қылып,

Кісі өлімін мойныңа аласың деп.

 

Жақсылықтың ескермей кеңес-үнін,

Түбін шайқап елдің мық шегесінің.

Баһадүрге залымдар ине тықты,

Сау-тамтығын қалдырмай денесінің.

 

Сонда да ер шыдады, мойымады,

Сенді алда болар деп тойым әлі.

Жау қолына тұтқынға түсіп қалған,

Батырлардай бұрынғы мойымады.

 

Ақиқаттың иланды келеріне,

Толған кезде әділдік кемеріне.

Болса-дағы шерменде, шек-шүбәсіз

Сенді Қайрат шындықтың жеңеріне.

 

Қылмыскерге жендеттер телідің бе?!

Аямадың елімнің елігін де.

Алаңда ерлік көрсеткен болды қыздар,

Абақтының басқа бір бөлігінде.

 

Әрнені бір қиялдап жатыр жігіт,

Мың еркекке бір өзі татыр жігіт.

Жазды батыр қыздарға құттықтау хат,

Сегізінші наурызда батыр жігіт:

 

«Шын жүрек ақ көніліммен,

Алғашқы көктемнің күлімдеген.

Құттықтаймын 8 март мерекесі,

Халықаралық әйедер күніменен!

 

Құттықтаушы ағаларың,

Жәрдем берер жағаларың.

Қыздар үшін тар қапасқа,

Келіп түскен тұлпарларың»2 (2Қайраттың өз хаты)

 

 

Өн бойында жарқырап,  нұр үстіңде,

Өлең атты кеседен жыр іштің бе?

Құттықтауын қарашы қарындасты,

Өз тағдыры тұрғанда қыл үстінде!

 

Бабалардың ту етіп әз арманын,

Есіл ерге мен де бір сөз арнадым.

Қайрат батыр жаралы жолбарыс қой,

Өз тоғайын қорыған, өз орманын.

 

Көкейінде бар асыл сөз ойлының,

Сөзді ұқпастан суыдым, тез айныдым.

Лашын құстың жасқанбай тепкісінен,

Қызғыш қой ер қорыған өз айдынын.

 

V.

Келешекке арызы, хаты толды,

Қасыреттің ішіне оты толды.

Бір жарым жыл түрмеде отырған соң,

Көп күттіріп Қайраттың соты болды.

 

Қаймықпаған жауыннан, оттан Қайрат,

Сескенбеген жасыннан, оқтан Қайрат.

Жазықсыз жас жігітті ақтайды деп,

Әділдікті күткен-ді соттан Қайрат.

 

Жыртқыш қоғам тигізді көп кесірін,

Кенет етті жария дөп кесімін.

Сот алайда сенімін ақтамады,

Айтты: «Ату жазасы» деп шешімін.

 

«Азамат сот осылай кәрін септі,

Кәрін септі, жас гүлге өлім септі.

Жалғандықпен жаза алып жанға батты,

Шындықты таптап, сот кетіп бара жатты.

 

Жас баланы өр тағдыр өкпелетті,

Жалғандықпен заманым шетке тепті!

Жала жауып, жалған көрсетуші,

Куәгерлер мерейі көкке жетті»3  (3Қайраттың өз өлеңі («Кешірім беру туралы сұраныс»)

 

Тағдырының қараңғы түні бітпей,

Қинаса да алдынан күні күтпей.

Өсіп тұрған емендей жел өтінде,

Кесімді ер тыңдады шімірікпей.

 

Кеудемізге шам қылып жақтық сөзін,

Бойтұмар қып жалынды тақтық сөзін.

Батырларша қасқайып тұрды Қайрат,

Жар салғанда атақты ақтық сөзін:

 

«Ал енді қазір неткен күн,
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры,
Қарғыс атқан Алаңда
Қарғыс атқыр жеткен күн.

Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық Алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.

Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып,
Екі жүзің сотталып,
Жоқтаусыз кетіп барасың!
Қатарым жусап қалғанда,
Қыршынымнан қиылып,
Солармен бірге өлсемші-ай!
Артта қалған ата-анам,
Арулап қолдан көмсеңші-ай!

«Ақтық сөзің не?» деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін.

Салт-санадан айырылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат
Қызғаныштан тозбасын.

Осы айтылған ақтық сөз
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы,
Мен болайын құрбаның.

Бас-аяғы сол болсын
Басыңа түскен қатердің.
Ақтық сөзді енді мен
Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!

Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.

Қош, аман бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!»4 (4Қайраттың өз өлеңі («Ақтық сөз»)

 

Жас қайыңды жендеттер аралады,

Қара бет боп тарихта қалады әлі.

Қанжар болып қиянат ер Қайраттың,

Жазылмастай жас жанын жаралады.

 

Құса жатты жүректе жара жатты,

Ауыр батпан, зілмауыр нала жатты.

Кісендеулі батырды қарақшылар,

Сот залынан әкетіп бара жатты.

 

Жалақорлар мәз болып жамырады,

Ағайын жұрт егіліп, зарығады.

Ақырғы рет қозымды иіскейін деп,

Жасы сел боп, сорлы ана аңырады.

 

Улы жылан ананың ұлын шақты,

Елге пана теректің түбін шапты.

Аруанаға ботасы шағым айтып,

Енесіне құлыны мұңын шақты:

 

«Айнымадым өмірлік сертімнен! Жоқ!

Ешбір залал ешкімге келтіргем жоқ.

Кетіп барам, апатай, мен жазықсыз,

Өлтіргем жоқ, ешкімді өлтіргем жоқ!»

 

Құрбандық қып батырды шалып кетті,

Қастандығы аяздай қарып кетті.

Ана, бала арасын ажыратып,

Есіл ерді жендеттер алып кетті.

 

Жастар жағын жыртқыштың қарыстырып,

Намыс елді жіберді барыс қылып.

Мына елдер Қайратқа ара түсті:

Венгр, Польша, Чех, Неміс, АҚШ, Түрік.

 

Өңмеңінен суық жел барады өтіп,

Қайсарлығын алды ер жарақ етіп.

Горбачевқа хат жазды зиялылар,

Өзгертуді жазаны талап етіп.

 

Бұл елдерге дәт жетпей ақыруға,

Ақыруға не ашу шақыруға.

Ауыстырды жазасын Қайрат ердің,

Жиырма жыл түрмеде отыруға.

 

Шерменде боп әр таңды атырсын деп,

Зар жебесі сәт сайын атылсын деп.

Свердловскіге батырды жер аударды,

Жиырма жыл жат жерде отырсын деп.

 

Бұл өмірден не қызық баян тапты?!

Көңілінде Қайраттың қаяу жатты,

Қанішермен ерді бір камераға,

Жол-жөнекей Семейде аялдатты.

 

Құдайдың ақ жүректі құлы еді,

Бар қазақтың Қайрат ер құлыны еді.

Бірге отырған қанішер қасындағы,

Мейірімсіз баскесер зұлым еді.

 

Енді қашан бітер деп зар ішер күн,

Тырнағында жүр еді ер әлі шердің.

Ездер арам пиғылын қапияда,

Іске асырды қолымен қанішердің.

 

… Алда талай асқар мен шың бар еді,

Шығу үшін ер өзін шыңдар еді.

Сол бір таңда сезгендей бір сұмдықты,

Бозторғайдың үнінде мұң бар еді.

 

Әшкерелеп бар әлем тұр сұмдықты,

Ұға білсең, тал айтып тұр шындықты.

Күннің-дағы қабағы қатулы-тын,

Түнеріпті білгендей бір сұмдықты.

 

Қара жерді қайғыдан сілкіндіріп,

Ардан биік қомағай құлқын тұрып.

Ұйқыдағы батырды сол бір таңда,

Сұм қанішер өлтірді қылғындырып.

 

Білмей өткен жас өмір сайранды ақыр,

Темір торда болды өстіп ойран батыр.

Арыстан ед ақырған аждаһаға,

Опат болды қапыда қайран батыр.

 

Баһадүрдің жарқылы жайдан да озбақ,

Халқы үшін қанатын жайған, маздап.

Ерлігінен не көрді ақырында,

Қыршынынан қиылған қайран боздақ.

 

Елге деген махаббат шоқ қылды оны,

Алаулаған алапат от қылды оны.

Өзі күйді өзінің жалынына,

Қиянатшыл заманы жоқ қылды оны.

 

VII.

Қуат барда бойымда құйындаған,

Құйындаған жыр жазбау қиын маған.

Жиырмадан енді асқан өрімдей ең,

Енді астым мен-дағы жиырмадан.

 

Қасірет-ай, жонымнан таспа тілдің,

Ел қамы үшін мен қанша бас қатырдым!

Тебірене жас ақын жыр жазады,

Ерлігінен  қуат ап жас батырдың!

 

Өлеңімді, ел, қабыл ал ұсынам,

Сәйгүлікті танырсың шабысынан.

Жыр жазады Алпамыс ақын толғап,

Қайрат ердің қуат ап намысынан.

 

Қорып көпті, көтерді жүгін жұрттың,

Болып кекті, халқым-ау, ұлың мықтың.

Солып кетті өмірдің көктемінде,

Орып кетті орағы зұлымдықтың.

 

Иліктірем ездікті, көндірем деп,

Қалың өртке бір зауал төндірем деп.

Нөсер-жігіт тым ерте сөніп кетті,

Бодандықтың алауын сөндірем деп.

 

Топ бастаған көсемдер серке сынды,

Серкелердің ғұмыры келте сынды.

Бодандықтың көк тасын үгітем деп,

Қанжар-жігіт майрылып, ерте сынды.

 

Еркін айтсын ұл әнін, қыз әнін деп,

Әнді бұзған сойқанға ызамын деп.

Тасқын жастың тым ерте беті қайтты,

Бодандықтың бөгетін бұзамын деп.

 

Тар көпірде дағдарып қалғанда елі,

Пайда қымбат осалға ардан гөрі.

Көнбеймін деп зорлықшыл айдаһарға,

Шейіт болды тым ерте арлан бөрі.

 

Түсіп еді сынақтың ауырына,

Мәңгі үлгі боп қалды енді қауымына.

Сұңқар-жігіт тым ерте құрбан болды,

Бодандықтың қарсы ұшып дауылына.

 

Күллі алты алаштың арысына,

Жыр арнаймын қазақтың барысына.

Тұңғиыққа тым ерте кетті шортан,

Қарсы жүзіп бодандық ағысына.

 

Қайсарлық пен өрлікті достан күткен,

Алысқан ер қиянат, қастандықпен.

Аталады сондықтан дайым бірге,

Қайрат ердің есімі бостандықпен!..

©Алпамыс ФАЙЗОЛЛА, 2015 жыл

…Поэма авторы Алпамыс ФАЙЗОЛЛА 1995 жылы 6 наурызда Орал қаласында дүниеге келген. Қазір Л. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің магистранты. Өлеңдері «Ақ желкеннің ұландары», «Жауқазын жылда гүлдейді», «Өлмес өлең» сияқты жастар жинақтарында жарияланған. Бірқатар республикалық әдеби байқаулардың жүлдегері болған.